ҮШ БУЫН. ҮШ ПІКІР
Желтоқсан көтерілісі, азаттық туралы ғалымдар, тарихшылар мен ұлт жанашырларының тағылымды пікір-пайымы көп. Ал қарапайым оқырманның көз қарасы қандай? Оны білу үшін үш буын өкілінің сөзіне құлақ түрдік. Бірінші топ – алпысыншы жылдары дүниеге келген, жалындаған жастық шағы «Желтоқсан оқиғасына» дөп келген жан. Екінші топ – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Тәуелсіз Қазақстанда туып, өнімді еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз. Ал үшінші топ – бүгінгі жас ұрпақ.
Студенттік кезеңі «Желтоқсан оқиғасымен» тұспа-тұс келген азаматтардың көрген қиындығы мол. Десек те, олардың көпшілігі өздерін батырмын деп санамайды. Бар болғаны сындарлы сағатта өз пікірлерін айтып, азаматтық ұстанымдарын көрсеткен.
Ақтай Рыспамбет, желтоқсаншы:
– Мен ол кезде Алматы қаласындағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының «Көркемсурет-графика» факультетінің 2 курс студенті болатынмын. 17 желтоқсан күні әдеттегідей группаластарыммен факультетіміздің корпусына сабаққа келдік. Кіргенде байқағаным көрініс күндегідей емес, тым-тырыс, коридорда сапырылысқан студенттер жоқ. Сол кезде сабақ беретін ағайымыз шығып, аудиторияға жинады. Қазір көшеде халық көтеріліп жатқанын, біздің жатақханаға барып ешқайда шықпауымыз керек екендігін ескертті. Біз Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы қызметінен босағанын сол жерде естідік. Сонымен бізді №2 жатақханаға алып келді. Жатақхана алдын ІІБ-нің он шақты қызметкері күзетке алыпты. Сабақтар тоқтатылған. Бізді жатақханадан милиционерлердің қадағалауымен әжетханаға ғана жібереді. Ешқайда шығармайды. Сағат 10:30-11:00-дер шамасында көшеден халықтың айқай-шулары естіле бастады. «Қазақ болсаңдар, сыртқа шығып қосылыңдар!» деген сөздерді естіген біздер, бүкіл жатақханадағы жастар сыртқы есікке лап қойдық. Ауызда тұрған милиционерлер ештеңе де жасай алмады. Сөйтіп тобымызбен көтерілген қалың нөпірге қосылып кеттік. Сол күні жиналған халықты өрт сөндіру машинасымен су шашса да тарата алмады. Желтоқсанның ызғарлы суығына мойымай жастарымыз, әр жерлерге алау жағып шыдап бақты. 18 жетоқсан күні де кешке дейін қанша үгіттеу жүргізілгенімен жиналған халық тарқамады. Халықтың қойған талабы біреу болатын. Қазақ еліне қазақтың тілін, ділін білетін басшы қойылса деген. Бірақ тоталитарлық режим халықпен санаспады. 18 желтоқсан күні кешке қарай бейбітшілік шеруіне шыққан халық пен әскерилер арасына от тасталып, қақтығыс басталып кетті. Шетелдердегі қолдарына резеңке шоқпар, шыны қалқан ұстаған, түстері суық әскерилердің тек теледидардан көретін едік. Дәл сондай жер қайысқан әскерилер легі үкімет үйі тұсынан халыққа лап берді. Ол кездегі көргендерімді жеткізу маған өте ауыр. Не керек, қан-жоса болып ұсталдық. Соңында тергеу алынып, 2 күн түрмеге жіберетін жерде қамауда ұстады. «Жаппай бүлікшілік ереуіліне қатысқаны үшін» деген кінәмен оқудан және партия қатарынан шығарылдым. Бұрын «Желтоқсан оқиғасы» туралы жиі айтылатын еді. Соңғы кездері сананы тұрмыс билеп кетті де, ұмытыла бастады, – дейді ол.
Айдана Байтаққызы, Тәуелсіздік құрдасы.
– Тәуелсіздікпен бірге түлеген мен үшін тәуелсіздіктің төл құрдасы болу үлкен мәртебе. Бұл тәтті ұғымның қадірін жақсы түсінемін.
Егемендік – бұл елім деп еміренген ата-бабаларымыздың қанымен келген аманат, қымбат сый.
Аманатқа қиянат жасамай тәуелсіз елдің тұғырын биік ұстау біздей жастарға басты – парыз.
Қазақстан деген еңселі шаңырақтың бір кірпіші боп қаланып, еліне қалтықсыз қызмет ету әрбір жастың міндеті.
Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өнегелі тәрбие беру жолында өнімді еңбек етіп келемін. 30-ға жуық ұлттың басын қосқан ынтымағы жарасқан, Қызылорда қаласындағы №198 орта мектебінде директордың ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарамын. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстар дарынды оқушылар мен талантты да талапты жастарға бағыт берудемін.
«Желтоқсан» десе, 1986 жылғы оқиға бірден есімізге түседі. Желтоқсан – жазықсыз жастардың көз жасы төгілген, жастардың азаттық үшін күрескен, тәуелсіздігімізді еске түсіретін ай .
Ал бүгінгі ұрпақ ше? Тәуелсіздік жолында алаңға шыққан студенттер небәрі 16-20 жас аралығында болған екен. Сондықтан да сауалымызды осы жастағы азаматтарға бағыттадық.
Біржан Бектөреұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1 курс студенті, 17 жаста:
– Шынымды айтсам, көп ешнәрсе білмеймін. Оның үстіне қазір «Желтоқсан оқиғасы» туралы көп айтыла бермейді ғой. Мектепте жүргенде Тәуелсіздік күнін тойлайтын едік. Ал «Желтоқсан оқиғасы» туралы Қайраттың тұтқындалған сәтінен көрініс қоюмен шектелдік. Мамандығым мүлдем басқа салада болғандықтан, тарихи дүниелерге зейін қоя бермеймін. Жылда желтоқсан айы келгенде ғана теледидардан, газеттер мен сайттардан аз-маз ақпарат шығып қалады. Жастардың бәрі болмаса да, көпшілігі ұлт тарихындағы аса маңызды кезең Желтоқсан көтерілісі туралы ештеңе білмейді. Ұят. Ұлттық тәрбие ең әуелі отбасыдан, содан соң мектептен басталады. Десек те, бүгінде оқу орындары ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуде кемшілікке жол бергендей. Әлде расымен, сананы тұрмыс билеп кетті ме?! Бастысы осындай тәуелсіз, бейбіт, еркін өмір сыйлаған бабаларға алғысым шексіз.