Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемкорлыққа қарсы іс-қимыл — әрбір азаматтың міндеті

Сыбайлас жемкорлыққа қарсы іс-қимыл — әрбір азаматтың міндеті

Кез келген елдің дамуына кедергі келтіретін фактордың бірі — сыбайлас жемқорлық екені даусыз. Сондықтан да бұл кеселмен бүкіл әлем үздіксіз күреседі. Жемқорлыққа қарсы заңдар қабылданып, жазаның күшеюі, түрлі қоғамдық шаралар, сыбайласқан қылмысқа мүлдем төзбеушілік принципін қалыптастыруға бағытталған жобалар осының дәлелі. Алайда, сыбайлас жемқорлықтың залалы тек мемлекеттің дамуына тосқауыл ғана болып табылмайды. Қоғамда мұндай кеселдің орнығуы, қалыпты жағдайға айналуы азаматтардың болашаққа деген сенімін әлсіретеді. Барлық мәселенің жең ұшынан жалғасып шешілетінін, жемқорлықтың етек жайғанын күнделікті көріп, біліп жүрген халықтың билікке қатысты көзқарасы төмендейді.
Мұның соңы азаматтардың өз қабілетіне иек артпауына, болашаққа жоспар құрмауына әкеледі. Осылайша жалпы қоғамда барлық мәселе тек тамыр-таныспен, жемқорлықпен шешіледі деген түсінік орнығады. Ал өз елі сенбейтін, өз халқы тірек көрмейтін мемлекетке басқа елдердің қызығуы әсте мүмкін емес. Бұл өз кезегінде мемлекеттің халықаралық байланыстан тыс өмір сүруіне, экономикалық, саяси байланыстардың шектелуіне ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған уақыттан бері сыбайлас жемқорлықпен үздіксіз күрес жүргізіп келеді. Біздің еліміз тәуелсіз мемлекеттер достығына кіретін мемелекеттер арасында бірінші болып жемқорлыққа қарсы заң қабылдады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы бұл заң 1998 жылы қабылданып, елдегі ашықтықты қамтамасыз етуге, жемқорлыққа тыйым салуды мақсат етті.
Әрине, заман алға жылжыған сайын заңдардың да жаңарып, толықтырулар мен өзгерестер енгізуді талап ететіні рас. Қазақстандағы заңдарды ізгілендіру, қылмысқа жаза тағайындаудан гөрі, қылмыстың алдын алудың мықты тетіктерін енгізу бағытында қолға алған ауқымды іс-шараларының нәтижесінде 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы заң қолданысқа енгізілді. Бұл заң кеселдің салдарымен емес, себебімен күресуге бағытталған. Сондай-ақ соңғы жылдары жемқорлық фактілерін хабарлаған, азаматтардың қылмысын әшкерелеген адамдарға қомақты сыйақы беріліп келеді. Бұл қоғамда сыбайласқан қылмысты жоюдың бір жолы болса керек.
Жоғарыда айтқанымыздай, кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Біздің елде сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

Жанат Ментаева,
ІІ санатты архивист
06 желтоқсан 2023 ж. 144 0