КӨРІПКЕЛДІК КЕМЕҢГЕРЛІК ПЕ? МАМЫР 5, 2018310
Адам баласы өмір сүрген уақытта күдік пен сенімнің қатар жүретіні рас. Алайда жүрегінде иманы, сенімі мықты адамның жігері әлсіз болады деу күмәнді. Бірақ соған қарамастан, бақсы-балгерлер, көріпкелдерге жүгініп, болашағын болжатқысы келетіні бар. Тіпті өмірінде кездесетін қиындық пен құлдырауды да өзінен емес, өзгеден көретіндердің әрекетінде не жатқанын түсіну қиын. Бұл мәселе айналып келгенде, бір-ақ нәрсеге негізделеді: өзіне сенімсіз адам наным мен қолдауды басқадан іздейді.
Тіпті ондай адамдар тылсым күштің барына сенгенімен, өз арманының қалай жүзеге асатынын да білмейді. Сондықтан қай нәрсені қолына алса да, алдымен балгер, көріпкелдің кеңесіне жүгінуге тырысады. Әрине, мәселе ең алдымен амал, әрекетке байланысты. Бірақ адам баласы темірден жаралған жоқ. Қай заманда болсын, мұндай оқиғалар болған. Тіпті ел басқарған атақты басшылардың өзі алдымен көріпкелдерге жүгініп отырған. Өйткені саясат қай уақытта да құбылмалы. Сондықтан әлемнің мықты мемлекет басшыларының өзі жанына жұлдызнамашылар мен көріпкелдерді алып, олардың оқтын-оқтын пікірін біліп отырған. Бұл да саясатта белгілі бір кезеңде өзіндік рөл атқарған шығар.
Дегенмен, қасиетті Құран көріпкел, балгерлердің әрекетін құптамайды. Өйткені мұсылман сенімінде шексіз құдірет иесі Алла ғана болашақта не болатынын біледі.
Қай дәуірді алып қарасаңыз да, өзінің саясаттағы қадамы үшін жанына балгер ұстаған басшылар көп. Тіпті 1941 жылы фашистік Германияның 22 маусым күні соғыс бастауында да осындай тылсым бір күш жатқан сияқты. Өйткені руникалық астрологияның басты құжатында атап көрсетілгендей, 22 маусымда күн ұзарып барып батады және ең қысқа түн болып есептеледі. Демек гитлерлік Германия басшыларының бұл күнді таңдауында осындай тылсым боларлық наным жатыр. Бұл күнгі Sig руналық белгісі жауға қарсы соғыстағы жеңісті көрсетеді екен. Демек, «фашистік свастикадағы элементтер осы күнгі руналық белгіге ұқсайды» деген пікір бар. Үшінші рейх командасының қаншалықты тылсым күшке немесе руналық астрологияға сенгені белгісіз. Бірақ Гитлердің жанындағы өте белгілі тұлғалардың бірі болған фюрер Генрих Гиммлердің бала кезінен-ақ тылсым күштерге қызығушылығы артқан деседі. Тіпті кейін нацистік партия құрғаннан кейін ол саяси ұйымның жанынан тұтас бір институт ашқан. Ол институт қаншалықты жемісті жұмыс істеді, ол жағы енді беймәлім. Фашистік Германияның күйреуімен институттың да келмеске кеткені мәлім.
Дегенмен, көріпкелдер болжамы халықтың аузында жиі айтылады, бәрібір санада жаңғырып қала береді. Тылсым, құпия күштерге деген жасырын ынтызарлық немістердің ғана емес, кезінде ағылшындардың да әскери жауынгерлік рухын көтергенге ұқсайды. Олар Екінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағында неміс қаласы Кёльннің үстінен әскери ұшақ арқылы, мыңдаған қағазды аспаннан жаудырған. Сондағы жазу не дейсіз ғой: ағылшындар көріпкел Нострадамустың ХVІ ғасырда айтқан болжамын қала үстінде ұшақпен таратқан. Онда Шығыстан шыққан мұздай құрсауланған әскер Еуропаны көктей етіп, Германияны тас-талқан ететіні айтылған. Ағылшын ұшқыштары бұл сәуегей болжамды немістер Курск иінінде болған соғыста ойсырай жеңілгеннен кейін ғана барып, немістердің есіне салған. Ақыры не болды? Кеңес әскерлері барлық майданда шабуылға шықты. Расында Курс иіні Екінші дүниежүзілік соғыс үшін бетбұрысты кезең болғанын тарихшылар да кейіннен растады.
Гитлер ғана емес, Кеңес Одағын 25 жылдан артық басқарған Сталиннің өзі де адамзаттың ойлау қабілетінен тыс тылсым күштер барына сенген. Тбилисидің рухани-ағарту гимназиясын бітірген. Кезінде аталған білім ордасын танымал экстрасенс Георгий Гурджиев тәмамдағаны белгілі. Кейбір әңгімелерге қарағанда, Гурджиевтің өзі құпия жағдайда адамның жүйкесіне әсер ету амалдарын Сталинге көп үйреткен деседі. Тіпті бұрын қабылданып қойған шешімді аяқ астынан өзгерте салу Иосиф Виссарионовичке түк қиындық келтірмеген. 1941 жылдың қараша айында түнгі сағат үште Мәскеу әскери округының бас қолбасшысы Павел Артемьевке хабарласып, Сталин Ұлы Қазан революциясын мерекелеуге қатысты шараны сағат тоғызда емес, сегізде бастауға бұйрық берген. Ал одан кейін бұл бұйрықты орындамай көр! 7 қараша күні басталған халықтық және әскери шеру күннің шығуымен тұспа-тұс келген. Немістер де таң алагеуімде Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасаған жоқ па еді?! «Қызыл алаңнан күннің шығуымен таласа өткен әскери парад пен демонстранттардың шеруі «жезді мұрт» Сталиннің айбынын бұрынғыдан да асқақтата түсті» деп жазды сарапшылар.
КСРО-ның бас қолбасшысы Иосиф Сталин атақты көріпкел, экстрасенс Вольф Мессингті құпия жағдайда өзіне шақырып, «алдағы уақытта соғыстың барысы қалай болатынын біліп отырған» деген де ақпарат бар. «Тіпті екеуінің әңгімесі бірнеше сағатқа емес, бір тәулікке ұласып кететін» дейді білетіндер. Ең бір қызығы мынада: Мессинг қандай да бір гипноз жасап, сиқыршылық істермен айналыспаған. Оған сұрақ қойылса, заматында жауап беретін болған. Кейіннен оның болжамдары ақиқатқа айнала бастағанын жұртшылық көзімен көріп, жүрегімен сезінген. 1937 жылы Польшада жүргенде халық оған «Егер Германия Польшаға шабуыл жасаса, соғыс қалай аяқталуы мүмкін?» деген сауал қояды. «Егер Германия бағытын шығыс жаққа қарай бұрса, онда түбінде тас-талқан болып жеңіліске ұшырайды» деп жедел жауап берген.
Вольф Мессинг Сталиннің еврей мейрамдарының бірінде өмірден өтетінін, шағын асханада тамақ ішіп отырып, бақилық болатынын да айтқан. Расында да жезді мұрт өзінің саяжайында тамақ ішіп отырғанда миына қан құйылып, көз жұмған. Оны таңертең күзетші көреді де, дәрігерлерге хабар береді. Миына қан құйылу салдарынан бір жақ денесі тартылып қалған Сталин 5 наурыз күні кешкі сағат 21:50-де қайтыс болған. Келесі күні ғана, Бас қолбасшының қайтыс болғаны туралы хабар 1953 жылдың 6 наурызында сағат 6:00-де радио арқылы бүкіл халыққа хабарланады.
Тарихқа терең үңілер болсақ, мұндай мысалдар өте көп. І Петрдің де жеке астрологы болған. Оның қасында үнемі орыс артиллериясының қолбасшысы, генерал-фельдцейхмейстер Брюс Яков жүретін болған. Астрологиялық жұлдызнамамен әуестенген Яков І Петрге, әсіресе 1724 жылы судан сақтануды өтінген. Расында Ресейде жан-жақты реформа жүргізген Петр патша Ладожское көлінің маңындағы жобаларға бас-көз болып жүріп өкпесіне суық тигізіп алады. Ақырында 1725 жылы қайтыс болып кетеді.
Яков шотланд королінің ұрпақтарының бірі болған. Ол жұлдыздарға қарап, адамның тағдырын айтқан. Жүруден қалған адамдардың жүрегіне сенім ұялатып, олардың бірсыпырасын аяғынан тұрғызған. Тіпті алдағы 200 жылда не болатыны туралы да болжам жасаған ол тарихта «Брюсов күнтізбегі» деген атпен де қалған.
Социализмнің негізі қаланған КСРО-ның түбінде тарих қойнауына кететінін болжаған көріпкелдер де бар. Мысалы, академик А.Сахаров 1985 жылы: «Егер осындай жағдаймен құлдырап, өмір сүре беретін болсақ, Кеңес Одағы мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатады» деп жауап берген. Расында солай, Горбачев бастаған қайта құру ешқандай да жемісін бермеді, әлемдегі алып бір мемлекет құлады.
1985 жылы академик Виктор Геловани де компьютерлік модельдеу арқылы алдағы уақытта КСРО-ның қандай халде болатынын есептеп шығарған. 1991 жылдың ортасында немесе жылдың соңына қарай алып мемлекеттің қара шаңырағы ортасына түсетінін де болжаған. Кеңес Одағының құрдымға кететінін бұдан бұрын өмір сүрген көріпкелдер де дәл айтқан. 1945 жылы өлерінен бір жыл бұрын айтқан Эдгар Кейсидің пікірін соғыс кезінде ауыртпашылықты бастан кешіп жатқан халық толық түсіне қойған жоқ. «XX ғасыр бітпей жатып, КСРО-да коммунизмнің елесі де қалмайды. Коммунистер өз билігін жоғалтады. Ал коммунистік жүйеден құтылған Ресейді ауыр экономикалық дағдарыс күтіп тұр». Эдгар Кейсидің бұл болжамы расында 45 жылдан кейін ақиқатқа айналды. Атақты көріпкел өмірден өтерінен бірер сағат бұрын күнделігіне «Біздің әлем Құдайға мұқтаж болып тұр» деп жазу қалдырыпты. Мүмкін ол тұрмыстың азып, адамзаттың азғындап бара жатқанын сол кезде-ақ сезген шығар, осыны тұспалдап айтқан болар. Бірақ ол кезде оны түсіне қоятын, ұға қалатын адам қайда?! Бір қызығы, Кейсидің ұйықтауы қиындау болған. Ол сәкіге жатып, көзін жұмған сәтте сауал қойса, кез келгеніне жауап берген. Оның кейін ақиқатқа айналған болжамдарының барлығы да екі қолын кеудесіне қойып, көз шырымын алған сәтте «жарыққа шыққан». КСРО-ның құрдымға кетуі мен лазерлік құрылғының пайда болатынын да Эдгар Кейси күні бұрын болжаған.
Расында ХХ ғасырдың басында басталған соғыс пен мемлекеттік төңкерістер, жұт пен ашаршылық, «Титаниктің» су түбіне кетуі және басқа да тосын апаттар адамзатқа үрей алып келді. Адам баласын болашақта не күтіп тұр? Осы мәселе екі аяқты пендеге маза бермегені де шындық. Мұндай кезеңде алаңдаған адамға ақыл айтатын, тіпті өміріне сәуегейлік жасайтын көріпкелдер де көбейеді. Тіпті өркениет дамыған кезең ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басын алып қарайықшы, алпауыт мемлекет басшыларының өзі келешекті болжаған көріпкелдерге жүгінді. АҚШ президенттері Рузвельт, Трумэн және Эйзенхауэр де Джейн Диксонның ақыл-кеңесіне құлақ асқан. Мысалы, Рональд Рейган Джоан Квиглидің жұлдызнамасына қарап саяси бағдар алса, Хиллари Клинтон парапсихолог Джин Хьюстонның болжамдарына сүйенген. Ағылшын премьері Уинстон Черчиль де астролог Луи де Вольды әркез жанына шақырып, болашағын болжап отырған.
Бірақ қалай айтқанда, қазір империялық пиғылды басты позициясы етіп ұстанған алпауыт елдер екінші бір елдегі соғыстың тезірек бітуіне мүдделі болмай отыр. Әйтпесе, бірқатар соғысқұмар мемлекеттер 1997 жылы қайтыс боларының алдында болашақтың қандай боларын алдын ала айтып кеткен Джейн Диксонның болжамдарына құлақ асар еді ғой. «Алдағы уақытта Таяу Шығыста сұмдық жер сілкінісі болып, ғаламдық апаттар көбейеді, бірқатар араб елдері Израильге шабуыл жасайды. Арадағы соғыс сегіз жылға созылады» дейді ол.
Жалпы көріпкелдік адам баласы пайда болғалы бері тіршілік иесімен бірге өмір сүріп келеді. Оларға қатысты нақты бір ғылыми тұжырымдама жоқ. Десек те, оның құпиясы ашылмаған бір құбылыс екені анық. Оған қатысты көзқарас та әртүрлі. Көріпкелдік кемеңгерлік пе? Негізі көреген ойлар қазақ халқының ауыз әдебиеті мен этнографиялық тұрмысында жиі кездеседі. Сондықтан бұл біздің қазақы ұғымға жат емес…
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ