ҚОС БӘЙТЕРЕГІМ
Ұлы һәм мәтіні мәйекті шығармалардың барлығы «ана» деп басталып, «ана» деп тәмамдалған. Сөз басы «ана» деп басталмаса, онда қайыр жоқ. Әке-шеше ұғымы тым тереңде жатыр. Өмірдің мәні мен мұраты да осы үш әріппен негізделген. Менің перзенттік мұратым осыған саяды. Әке мен ана есімін ұлықтау, әлпештеу. Ата-анасын зор құрметпен қадірлейтін қазақ баласы үшін мұның мәні ерекше екені айтпаса да ұғынықты. Әркімнің идеалы, өнеге тұтар адамы ең алдымен осы ата-анасы болуы қажет. Мен әке-шешемнің тағылым мен үлгі аларлық дүниеге толы ғұмырын тебіреніспен айтқым келеді. Бүгін міне, Меккеге үш арқалап апарсам да ақтамас перзенттік борышым қолыма қалам мен қағаз алғызды.
Ақын-жазушылар ғана емес, кез келген перзент үшін әке-шешесі туралы өшпес мұра, ескерткіш қалдыру – өмірлік миссиясы. Ананың ақ сүтін ақтау мүмкін емес. Бірақ ақтау үшін қарекет қылу – мұрат. Ата-анамның өнегелі өмірі туралы жазуды мақсат қойғаныма бірталай жыл болды. Сыйластық пен рахымнан тұратын ата-анамның өмірін ел білуі һәм тағылым алуы тиіс.
Әлемнің жарығын сыйлаған аяулы ата-анам Мәулен мен Марияның мәнді ғұмыры ұрпақтарына ғана емес, жан-жаққа үлкен өнеге, тәлім. Парасатқа толы саналы ғұмыр жолдарын өз басым үлгі, мақтаныш етемін. Жүздері әдемі, шуақты нұрға бөленген ата-анама қарай отырып, көңіл толқиды, жыр жазып, күй де шерткім келеді.
Әкем Мәулен Батышев 1914 жылы дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, колхоз құруға атсалысқан. Мінезі салмақты, сабырлы, жинақы, аз сөйлеп, көп іс атқаратын біртоға кісі. Ұлы Отан соғысына да қатысып, елі мен жері үшін от кешкен. Еңбек жолын Еңбекші елді мекенінде мұрап болып бастаған әкем, өзінің еңбекқорлығымен, ауыл-аймақ, ел жұрт алдында сыйлылығымен абыройлы болған жан. Жұмысын әрдайым адал атқарған. Отбасын ғана емес, ағайын-туысқа да қол ұшын беріп, жандарына демеу болып, кикілжің туып жатса басу айтатын, салиқалы тәрбиелі сөздерімен татуластыратын, үнемі көмегін аямайтын ақжарқын ерекше адам. Әкемнің ақ адал еңбегі еленіп, «Еңбек Даңқы» орденінің І,ІІ,ІІІ дәрежесін алған.
Балалық шағымыздан сыр тұнған шежірелері, айтқан әңгімелері бұл күндерде жанымызға өмірлік азық, үлкен демеу, естелік болып қалды. Әкем тұнып тұрған шежіре, өзінің терең ойлай білетін парасаттылығымен, шежіре, әңгімелері өз ұрпағына емес, ауыл жастарына да үлгі-өнеге. Ес біліп, етек жинаған сәтімізде ата-анамыздың қалай шаңырақ құрғаны туралы айтып беруін өтінген кезде, әкем әңгімені әріден бастайтын. «Біздің отбасылық өміріміз былай басталған еді» деп барлығымызды құшағына алып, өткенге көз тігетін еді. Әкем айтқан әңгімені сан мәрте тыңдасақ та, жаңадан естігендей боламыз. Себебі мұнда өміршеңдік бар. Ғұмыр бар. Өнеге бар.
Анам Мария Мұнарбайқызы 1928 жылы өмірге келген. Әкеммен уығы іргелі, керегесі кең шаңырақ көтеріп, 9 баланы дүние-жарыққа әкелді. Әрі бала тәрбиесімен айналысып, әрі колхоз-совхозда қарапайым шаруа жұмысын істеді. Шыны керек, анам әділдікті, шыншылдықты көп іздеген жан, нағыз патриот. Елі үшін жанын пида етер жандардың бірі. Өмірінде талай әділетсіздікке тап болды. Алайда еш мұқалмай күресе білді.
Отбасымызда 5 қыз, 1 ұл тату-тәтті өстік. Жетілдік, жақсы тәрбие көрдік. Бес қыз да ұстаз атандық. Құдайға шүкір, білікті маманбыз. Ұлы – Өмірбек әке жолын қуып, гидротехник мамандығын тәмамдап, қызмет етіп жүр.
Міне, менің әке-шешемнің өнегелі де үлгілі өмірі осылай өз мәнін тауып, көпке үміт сыйлауда. Мұны жазудағы басты мақсат: мақала мәні оқырманға қанат бітірсе, бір отбасын алға жетелейтін үміт сыйласа деген дәме ғана. Шынымен, қарапайым ғана отбасының ғұмыры ұлылыққа жетелеуі тиіс. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз жаттанды мәтел емес. Мен әке-шешемді өмірдің айнасындай көрем, сол айнадан бой түзеп, сеніммен алға басқан ұрпақ үндестігін көремін. Бүгінде біз де біраз жасқа таядық. Адамның жасы ұлғайған сайын ата-анаға деген сағыныш еселене түседі екен. Өмірімнің мәні мен сәні болған ардақтыларымның жарқын бейнесі – жүрегімде мәңгі өшпес жарық жұлдыз іспеттес!
Ұлман БАТЫШЕВА,
Еңбекші ауылдық округі әйелдер
кеңесінің төрайымы, қызы
Еңбекші ауылдық округі әйелдер
кеңесінің төрайымы, қызы