Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажырасу артында бала тағдыры тұр емес пе?

Ажырасу артында бала тағдыры тұр емес пе?

Қазіргі қоғамды алаңдататын мәселенің бірі – қос жұптың ажырасуы. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген ата-бабалар сөзінің жыл өткен сайын өзектілігі ­артып келеді. Арасында «кредитке батып кеше ғана той жасаған пәленшенің келіні кетіп қалыпты», «түгеншенің қызы қайтып келіпті» деген сөздерді де жиі еститін болдық. Бұл сөзді көп естігеннен таңғалу былай тұрсын, әдеттегі жағдай секілді елеусіз қабылдайтын күйге жеттік. Мамандардың айтуынша, елімізде әр сағат сайын алты неке бұзылатын көрінеді. Ажырасу жөнінен әлемде алдыңғы ондықтамыз. Осы көрсеткіштің алғы шебінде көш бастадық. Мұның соңы не болмақ?
Қазір заман талабына сай үлкен мейрамханаларда дүбірлдетіп той жасау қалыпты жағдайға айналған. Той жасайтын болсаңыз мейрамханаларға екі-үш ай бұрын тапсырыс беріп қою керек. Әйтпесе, жәй уақыттарда мейрамхананың бірі де босамайды. Иә, той болған жақсы. Ал тойға кеткен шығынның жайы тіпті бөлек. Бізді той емес, тойдан кейінгі қос жұптың жайы алаңдатады. Қазіргі уақытта көңіл жарастырып қосылған жас жұбайлардың тұрмыстық жағдайда қауқарсыздық танытып, айырылысып жатқандардың қатары көбейіп келеді. Кеше ғана бақытты отбасының жарты жыл немесе бір жылдан кейін берекесі қашып, қайтадан жалғыздықтың күйіне түсіп жататындар да бар. Мұндай хабарды естіген жасы үлкен ақ жаулықты аналарымыз екі бетін шымшып әлек.
«Ойбай-ау, біз келін болып түскенде, от жағып, күл шығарып, тезек теріп, нан жауып, тамақты ошақ қораға барып істейтін едік. Одан қалды шаруаның машақатымен жүріп жеті баланы да тәрбиеледік. Сондай тірліктен ысылып шықтық. Қойшы ауылға барып, мал бағыңдар дегенде де бардық. Қыс аялдап, көктем күтіп, көктеудің де машақатын көрдік. Бірақ одан жаман болмадық. Осы бейнетіміздің өтемі ме, балдарымыз өмірдің рақатын көрсетіп жүр. Сәл қиындыққа мойымай, алға ­жылжу керек. Қазіргі келіндердің несібесіне орай барлық жағдай жасалған. Көп үйде ыстық, суық су ағып, көгілдір отын үйді жылытып тұр. Нан пісіретін тоқ пеш бар. Келіндерге тамақ істеп, бір шәй беру ғана қалды ғой. Бұл тірліктің өзін игере алмаған келіндерге таңым бар», деп бір апам базынасын айта шықты. Мұны естіп ой түбінде қалады екенсің?
Иә, елімізде ажырасу дерегі жыл сайын артып келеді. Өткен жылғы мен биылғы көрсеткішін білмек үшін аудандық сотқа хабарласқан едік. Өткен жылы ауданда 133 отбасының шаңырағы шайқалып, некесі бұзылған екен. Биылғы 10 айлық көрсеткіш бойынша 104 адамның шешімі шығып, неке бұзу арыздары толықтай қанағаттандырылған. Сонымен қатар 77 арыз қараусыз қалдырылса, өткен жылы 37 арыз қараусыз қалдырылып, 48-і медиация тәртібімен тоқтатылған.
Wisevoter мәліметінше, Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде 114 елдің ішінде 16-орында тұр. Былтыр елімізде 17,7 мың жұп ажырасқан болса, биыл алты айда ажырасу саны 8,2 мыңды құраған. Ал бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 9 пайызға аз деген сөз. Ажырасу бойынша көшбасшылар үштігіне Астана (734 ажырасу) және Қарағанды облысы (723) кірген. Ең аз ажырасу Ұлытау облысында – 102 жағдай тіркелген.
– Менің тұрмыс құрғаныма 7 жылға жуық уақыт болды. Басында бәрі жақсы еді. Кейінгі уақыттарда күйеуім ішімдік ішуін тоқтатпай, үдете түсті. Ішімдік ішкелі үйдің де, жұмысының да берекесі қашты. Ата-енем қанша ұрысып айтса да тоқтатпады. Оның үстіне құмар ойын ойнайды. Емдету үшін дәрігерлерге, емшілерге де көрсеттік. Ешқандай нәтиже болмады. Аяғында маған қол көтеретінді шығарды. ­Басында бәрін ­тастап кеткім келді. Бірақ ортадағы 3 баламның тағдырына алаңдадым. Бұл сынақ шығар деп қабылдадым. Солай жүргенімде 2 жыл уақытым кетті. Беті бері қарайды деген үміттің жалған екенін аңғардым. Қазақта «Әкеге қарап ұл өсер шешеге қарап қыз өсер» деген сөз бар. Балаларым әкесінің ісін бойына қалыптастырмас үшін, ажырасуға бел будым. Солай тағдырымыз екіге айырылды. Ата-енеммен араласып, немерелерін көрсетіп тұрамын, – дейді есімін жасырған кент тұрғыны.
Міне аядай ғана ауданда жыл ­сайын 100-ден астам жанның шаңырағы шайқалып, дәм-тұзы жараспай, бір арнаға тоғыстырған жандардың тағдыры екі арнаға бөлініп кетуде. Иә, оған себеп болатын жәйттар көп. Адам шаңырақ көтерер алдында ұрпақ сабақтастығын қалыптастыруға ниеттенеді. Ал ортада бала болса да, сәл қиындықты көтере алмай жатқандары көңіл алаңдатады. Қос жұп ажырасу алдында бала тағдыры тұрғанын естен шығармағаны дұрыс. Өмірдің өзі адам тағдырымен қымбат. Көкейдегі сәл ренішті кешірімге балап, ортадағы бала тағдырын былғап кететінін бір сәт ойлап қойған жөн. Біз ажырасуға асықпайық, қысқа ғана өмірде бір болайық, өмір толқыны әр адамды мәңгілікке алыстатып отырады. Оған уақыт сағаты да жетеді.

Дархан ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ
15 қараша 2023 ж. 645 0