МЕН ТУҒАН ШИЕЛІДЕ АДАМНЫҢ АСЫЛДАРЫ
Осы ән-өлең жолы кейінгі кезде әрдайым есіме түседі және өзім ыңылдап әндетіп те қоямын. Шиелі тарихы, еліміздің мақтанышына айналған шиелілік асыл адамдар туралы кітаптар, мақалалар жазып, жариялаған менің жаныма бәрі жақын, жаңғырып тұрады. Олардың өршіл жасампаз рухы бүгінгі шиеліліктерді жаңа жетістіктерге бастап тұрғандай.
Ауданның 95 жылдық тарихын саралағанда Шиелі жұртының мұқалмас өрлік, ерен ерліктер жасағанына тәнті боласыз.
Ауданның 95 жылдық тарихын саралағанда Шиелі жұртының мұқалмас өрлік, ерен ерліктер жасағанына тәнті боласыз.
Шиелі ауданы 1928 жылы құрылған кезде Жаңақорған ауданымен бірге болып, кейін екі ауданға бөлінді. Сол кезеңде үлкенді-кішілі 59 ауыл болған. Бүгіндері «Ақмая», «Алғабас», «Жиделіарық», «Жуантөбе» «Қарғалы», «Қызылдиқан», «Ортақшыл» деген атаулар әлі бар. Кейін олар колхоздарға (коллективное хозяйство) айналдырылды. Олар 1994 жылы таратылып, жекешелендірілді.
1930 жылғы маусымда Қызылорда округіне қараған аудандар Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына еніп, облыс орталығы Шымкент қаласы болды. 1930 жылы 27 шілдеде Шиеліні Жаңақорған ауданымен біріктіреді де, аудан орталығы Жаңақорған болды да, 1934 жылы 19 қаңтарда Шиелі қайтадан аудан орталығына айналады.
1938 жылы 15 қаңтарда Қызылорда жеке облыс болып құрылды. Соның нәтижесінде сол жылы 8 тамызда Шиелі мен Жаңақорған қайтадан екі бөлек ауданға айналды. Шиелі ауданы қайта құрылған сол кезде ауданда Шиелі және Жөлек 2 кенті, 31 ауыл болған, олар 9 ауылдық кеңеске топтастырылған. Қызылорда ауданына қарап келген Тартоғай ауылдық кеңесінің аумағы Шиеліге қосылады. Бірақ 1967 жылы Сырдария деп жаңаша аталған ауданға қайтарылып беріледі. Аудан аумағына қатысты соңғы өзгеріс 1995 жылы жасалды. Республикада оңтайландыру жүргізіліп, бірқатар аудандар, тіпті облыстар қысқартылған кезде Сырдария ауданы да таратылып, Тартоғай мен Сұлутөбе әкімшіліктері Шиелі ауданы құрамына қайта қосылды.
1939 жылғы 19 наурызда алғаш жарық көрген аудандық газетінің атауы «Стахановшы» деп аталды. Соғыс уағындағы үзілістен кейін газет «Коммунизм жолы» атауымен 1956 жылы қайта шықты. Қазақстанда қазақ мектептерін, басылымдарын жабу, орыстандыру саясаты салдарынан 1961 жылы шығуын тоқтатты. Содан 1963 жылдың 1 мамырында «Өскен өңір» деген жаңа атауымен дәуір лебін білдіріп еді. Бұл атауды газеттің сол кездегі редакторы Дүйсенбі Смайылов қойған болатын. Марқұм Дүйсекеңнің өлеңіне композитор Әсет Бейсеуов жазған «Маржаны Сырдың Шиелім» әні бүгінге дейін шиеліліктердің Гимні іспетті.
Соғыс жылдары жасы 62-ге келген Маман Қалдыбаев ақсақал қарияларды бір-бір гектардан күріш егіп, мол өнім алуға шақырды. Қайратты жастар майданда жүрген шақта елдегі әкелер қолына кетпендерін қайта алды. Бұл іс бүкіл ауданда жаппай сипат алды. «Ащықұдықтан» Дәулет Нұранов, «Гиганттан» Оспан Досжанов, «Жөлектен» Әбдіқай Әлжанов, «Қызылдиқаннан» Қораз Шаханов, «Қызылтудан» Ұлдар Дәуішева, «Талаптаннан» Ахмет Әлімбаев, Есман Жандаевтар мол өнім жинады. Осынау бастамаға мұрындық болып, соғыс жылдары 70 – 80 центнерден тұрақты мол өнім алған Маман Қалдыбаевқа 1949 жылы 70 жасында Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атақ берілді.
Шиеліліктер майдан даласында да ерлікпен шайқасты. Сұрапыл шайқастан оралмаған қайран ерлердің бірі – Қапан Сәбіров,батыр атағын алмаса да, даңқы батырдан кем емес жауынгердің бірі Досбол датқа ауылының түлегі 172 фашистің көзін жойған мерген – Дүйсенбай Шыныбеков. Соғыс жылдарында оның даңқы Шиеліге жайылған, ерлік істері Қазақстан тарихы кітабына кірген.
КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі 1938 жылғы 20 ақпанда «Қазақ КСР-інде корей қоныс аударушыларды шаруашылық негіздегі мекемелерге орналастыру жөніндегі шаралар туралы» қаулы қабылдайды. Осы қаулы негізінде ауданға қоныстанған 277 корей отбасы, «Авангард» және «Гигант» елді мекеніне шоғырланды. Еңбекқор корей халқы Шиелі ауданында өздерін даңққа бөледі. Шиелі ауданынан шыққан 41 Социалистік Еңбек Ерінің 29-ы корей болуы осының дәлелі.
Шиелінің соғыстан кейінгі тарихы, еңбекерлерінің ерен істерінің куәсі – арадагерлер ел ішінде аз емес. Біз туған Шиеліде адамның асылдары жасаған даңқты шежірені жалғастырып, Тәуелсіздік жылдар тарихын бүгінгі ұрпақ өз қолымен жасауда.
Еңбегімен даңқты Шиелі мәңгілік ел құрып жатқан Отанымыздың жасампаз өңірі. Мұнда жаңа ұрпақ әлі еңбекте, ғылымда, өнерде, қоғам мен мемлекет өмірінің басқа да салаларында әлі талай айтулы жетістікерге жетеріне сенім мол. Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойымен жерлестерімді шын көңілден құттықтай отырып, алдағы кезеңдерде де соны серпін, тың табыстар тілеймін!
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстан мәдениет қайраткері, Қазақ журналистикасының қайраткері, Тіл жанашыры, Қызылорда облысының құрметті ардагері,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
Қазақстан мәдениет қайраткері, Қазақ журналистикасының қайраткері, Тіл жанашыры, Қызылорда облысының құрметті ардагері,
Шиелі ауданының құрметті азаматы