Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАНЫ МАЙЛАНБАЙ, КӨҢІЛІ ЖАЙЛАНБАЙДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАНЫ МАЙЛАНБАЙ, КӨҢІЛІ ЖАЙЛАНБАЙДЫ

Бүгінде еттің бағасы бұқараның әмиянына салмақ салуда. Құны кез келгеннің қазанында аста-төк қайнай қоятындай емес. Бір сөзбен айтқанда, баға байлауға көнбей тұр. Нарықтағы еттің бағасы – 2500 теңгеден кем емес.
Әлеуметке ең қажет азық-түлік бағасының ауа райындай күрт өзгеруін Үкімет тарапынан қадағалау мүмкін емес. Содан да елдегі ет өңдеу кәсіпорындары шикізатты тиімді пайдалана алмай пұшайман. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те айтқан болатын.
– Бұдан басқа тиімді бағамен берілетін шикізатпен қамтамасыз ету үшін ет өңдеу кәсіпорындарына мұздатылған етті бажсыз әкелуге квота беріліп отыр. Ет саласын дамыту үшін кәсіпорындардың құрылысы мен оны жаңғырту шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша инвестициялық субсидия, несие және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету, асылдандыру жұмыстары мен мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын субсидиялау сияқты барлық шаралар сақталған, – деді ол.
Қазір елде ет өңдейтін 171 кәсіпорын жұмыс істейтін көрінеді. Азық-түлік өнімдері өндірісінің жалпы көлеміндегі ет өнімдерінің үлесі – 16 процент. Салқындатылған ет бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету – 117 процентті құрайды. Ал шұжық өнімдері 61 болса, ет консервілері – 26 процент.
Кәсіпорындарға да шикізаттың бағасы тиімсіз. Мұны реттеу үшін Қазақстаннан ірі қара, қой мен ешкінің аналық басын сыртқа экспорттауға тыйым салынды. Алайда, жалпы алғанда, былтыр өңделген еттің экспорт көлемі 24 мың тоннаға жетті. Бұл – елдегі соңғы 10 жылдағы ең үлкен көрсеткіш.
Қызылсыраған қазақ қашан да етсіз отырмайды. Алайда, етті көп алсын, аз алсын, бағаның да өз жөн-жосығы болғаны дұрыс көрінеді. Баға бағамының жүйесіздігіне делдал кінəлі секілді. Сатушы мен сатып алушы арасында алтын көпір болатын да осылар. Десек те, делдалсыз сатушы тұтынушыны бірден таба алмайды. Себебі көп сатушының бірі – ауылдағы қарапайым шаруа.
Тұрғындар пайымынша, ет бағасының бір қалыпты болуын жақсарту үшін тек қана ауыл шаруашылығы өнімдері сатылатын жəрмеңкелер көптеп ұйымдастырылуы тиіс. Міне, сонда сатушы мен тұтынушы арасында тікелей байланыс орнайды. Бұл екі жаққа да тиімді шешім сыңайлы.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
04 қазан 2023 ж. 229 0