Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРАСЫМДЫ ЖАНҰЯ

ЖАРАСЫМДЫ ЖАНҰЯ

Әр үйдің тірегі болады,
жүрегі болады, тілегі болады.
Тірегі – ері, жүрегі – жары,
Тілегі – бала-шағасы. (мәтел)

Осы тұрғыдан алғанда да Әбдімомыновтар әулеті, оның ішінде Шайзада Балтабайұлының отбасының тірегі де, жүрегі де, тілегі де бар өздеріне ғана тән сыйластығы мен қимастығы жарасқан, жан дүниеңді жадыратар өнегелі өнері үйлесім тауып шұғыласын шашар өз алдына бір әдеп әлемі қалыптасқан жанұя екені даусыз. Ауласынан кіре берістен-ақ көлденең шөп жатпайтын, өзге үйлерге ұқсамайтын бір тазалық пен жинақылық баурап алатыны бұл үй иелерінің ішкі мәдениеті мен болмысынан хабар беретіндей еріксіз назар ­аударатынын қайтерсіз? Тәртіппен орналасып бой түзеген биік көктеректердің сыбдыры, үй айнала құлпырған алуан түрлі гүл шоғырлары жұпарын шашып тынысыңды кеңейтеді. Анау алмасы, мынау шиесі, өрігі мен жидесі болып кете беретін аядай жерден иісі мұрын жарар ерте пісер әңгелектен бас­тап қызанақ-қиярың мен қырыққабат, сәбіз өскен жүйектермен мұндалап көз ­жауын алады. Япыр-ау, осынша жағымды әсер берер бақтың бағбаны кім болды екен дейсіз де, өзіміздің Шәкең мен Анардың ауласы екен ғой деп сүйсінесіз.
Иә, бұл атақты күрішші, даңықты Ыбырай Жақаевтың ізбасар шәкірті, өз заманында елін қорғаған соғыс солдатының бейбіт өмірде қаруын кетпенге ауыстырып жердің қыртысын аударған, еңбек майданында чемпиондардың чемпионы аталып кеңес өкіметінің еңбек ері алтын жұлдызына дейінгі барлық марапатына ие болған, бүгіндері ауылдың ең үлкен көшесіне есімі берілген Балтабай Әбдімомыновтың ұлы Шайзаданың үйі екенін білгенде сүйсінбеске шараңыз болмайды. «Көргені жақсының көркіне, киген бөркіне қарама, ұстанған сертіне қара» деген осы болса керек. Отырған жерін көгертіп, көркейтіп отыру бұл әулеттің ежелден қанына сіңген қасиет екеніне біз ғана емес бүкіл ел куәлік етері сөзсіз.
Ауласына қарап үй иелерінің салауатты өмір салтын ұстанатын, эстетикалық талғам таразысы басым сән-салтанаты қалыптасқан жарасымды жанұя екенін ұғар едіңіз. Солай болуы керек те сияқты. Өйткені Шәкең сонау 1953 жылы дүркіреп аты шығып мерейі асып, ырысы тасып тұрған даңғайыр диқан Ыбырайдың ауылы Қызылтуда дүниеге келген. Әке-шешенің адал еңбегі, маңдай терімен тапқан адал аспен ауызданып, біріне бірі сүйеу болып кішісін арқалаған, үлкенін жетелеген көпбалалы отбасында өсіп жетілген. «Әке көрген – оқ жонар» дегендей, Шайзада жасынан-ақ еті тірі пысық, шаруаға да икемді шымыр болып өседі. Орта мектепті бітірген сонау 1970 жылы сол заманда үрдіс болған «Мектептен – шаруашылыққа», «Техника тізгіні жастардың қолында» дейтін үндеуі аясында өз еркімен шаруашылықта қалып, механизатордың көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Ішкі ойы әрине колхозда жұмыс істеп, 2 жылдық еңбек өтілімен арнайы жолдамамен жоғарғы оқу орнына түсу. Қазақстан бойынша мектеп бітіруші түлектердің бүкіл сынып болып шопанға жәрдемшілікке келуі, сауыншы, егінші болуы құпталатын үгіт-насихат «Қой басын 50 милионға жеткізейік!», «Отан анаға Қазақстаннан 1 миллиард пұт астық!» дейтін кеңестік идеология қазақ жастарының адымын аштырмаған сыңаржақ жымысқы саясаты Шәкең сияқты талай жастардың еңбекке ерте араласуына мәжбүр етті. Кеше ғана мектеп бітірген жас өреннің 2 жылғы колхоздың қара жұмысынан кейін 2 жылғы әскер қатарында болуы қарайып, одан әрі оқуын жалғастыруға көп кедергі болатыны да түсінікті жайт. Отан алдындағы әскери борышын өтеу үлкен абырой болатын. Сол кездегі әрбір жастың санасына әбден сіңген үлкен патриоттық сезім қалыптасқан қалыпты үрдіспен, еңбектің тер сіңген кермек дәмін татып, әскери борышын өтеп, өзі қалаған оқу орнын бітіріп, су шаруашылығы мамандығын алғандардың ішінде Шәкең де бар.
Өзі туып өскен ауылда іргелі шаруашылықта гидротехник, өндіріс бригадирі, агроном болып абыройлы еңбек етті. Елдің көтеріліп, тұрмысы түзелген шақта Шәкең де көлік мініп, үй салды. Көлік демекші, ауылдағы алғашқы болып «Урал» мотоциклі мен Жигули автокөлігін тізгіндеген де осы әулет, Шәкеңдер болатын. Ауылдың осындай абыройлы азаматы үйленіп, бірнеше күнге созылған дүркіреп өткен тойдың қызығын ауыл халқы көпке дейін айтып жүргені есімізде.
– Несін айтасың, Шиелінің №1 сұлуы екен.
– Ойбай-ау, бүкіл Алматыны аузына қаратқан өзін атақты әнші дейді.
– Ауылда тұрады дейсің ба, ертең-ақ баланы жетектеп кетеді ғой қаласына.
– Мектептегі кезінен уәделері бар нағыз ашық-мұшықтар болған дейді, олай бола қоймас – дегенге саятын гу-гу әңгіме талай жеңгелеріміздің отына тамызық болғанға ұқсайды.
Жеңгеміз Анар (Диляра) айтса айтқандай-ақ құрақтай ырғатылған орта бойына сыңғырлаған үні үйлесе кеткен сұлу болатын. Көмейінен күмбірлеп төгіле кететін мың құбылтар әншілігі де бар. Ағамыз домбырамен сүйемелдеп, екеуі қосылып айтар әндер ойын-тойдың ажарын ашып, пәрін шығарған жарасымды жұп жұрт қауіп қылғандай ешқайда да кеткен жоқ, 40 жылдан бері елдің ортасында өсіп өркендеп, жарастығынан жаңылмай бірге жасасып келеді. Бүгінде ән әже атанып, ауданымыздың құрметті аналарының қатарында, елге сыйлы. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қазақ өнері аспанында биіктерден көрінеді деген үлкен үміткүттірген жас қыз, білімін жалғастырған оқу орындарында да өте белсенді ізденімпаздығы мен ұйымдастырушы қабілетімен көзге түскені «Жас әдебиетші» үйірмесінің жетекшісі, «Отан қызы» қабырға газетінің редакторы, комсомол ұйымының бюро мүшесі, жатақхана советінің председателі, топтың старостасы, «Қарлығаш», «Нұргүл», «Аққулар» ансамбілінде әнші, биші тағы да толып жатқан қоғамдық жұмыстары болған өмір дерегімен де қызықты һәм мағыналы.
Тұрмысқа шыққан соң Анар Оразымбетова 40 жыл ұлағатты ұстаз болып еңбек етті. Оның сол уақыт ішінде талай жасөспірім шәкірттердің талап талғамын, эстетикалық танымын кеңейтіп армандарын оятуға, мақсаттарына жетелеуге рухани негіз қалағаны сөзсіз. Аяулы жеңгеміздің шыққан тегі де кезіндегі Кеңес Одағына танымал болған атақты әулет. Ыбырай Жақаев пен Қойшыбай Оразымбетовтың есімдері егіз. Даңқты диқанның табан аудармай 40 жыл өндіріс бригадирі болған Қойшекеңді, елдің даңқын аспандатқан күріш егісінен болған барлық рекордтардың ұйымдастырушысы мен үйлестірушісі, бейнелеп айтқанда жер қыртысын аударған диқан кетпенінің қайың сабы деп айту тарихи шындық. Осындай ерен еңбектерімен елдің ырысын арттырып атын шығарған екі бірдей әулеттің перзенттері де әкелер салған сара жолдың сорабын жалғастырып қана қоймай, жаңа заманға сай жаңа мазмұнмен толықтырып жұбы жарасқан жұбайлық ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітіп 70 дейтін кемел жастың биік белесіне, мазмұнды өмір жолдары үлгі боларлық үлкен абыроймен шығыпты. Қазір олар 5 қыз, бір ұлдан өрбіген 14 немеренің қызығын көріп отырған бақытты отбасы. Ұл – әскери қызметте болса, үш қызы ұстаздық жолын таңдаған. Ал Гүлшатының орны бөлек, аяулы анасының рухани жолын жалғастырушы, өнерін насихаттаушы. Қанмен келетін қасиет өнер ордасында ойып тұрып алар орны бар мәдениет саласының майталманы, білікті де беделді ұйымдастырушы.

Исабек Сәрсенбайұлы,
мәдениет саласының ардагері


10 сәуір 2023 ж. 241 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930