Нағыз қазақ – домбыра
Домбыра – ең ежелгі аспаптардың бірі. Мәселен, Алматы облысынан қазіргі домбыраға ұқсайтын аспаптың суреті табылған. Суреттер неолит дәуіріне жатады. Яғни, домбыраның төрт мыңжылдық тарихы бар делінеді. Осы орайда шеберлерден аспап жасаудың қыр-сырын сұрап білдік. Олар кәсіпкер ретіндегі проблемалардың да басын қайырды.
Кәсіпкерлердің сөзіне назар аудармас бұрын, көпшілікті қызықтыратын сұраққа жауап іздедік. Әрине, домбыра сатып алғысы келетін адам оның бағасын білгісі келеді-ақ. Мысалы, сатылымда жүрген, музыкалық өлшемге сай домбыралар 30-35 мың теңгеден басталады. Одан да жақсысын аламын десеңіз 1 000-3 000 долларға дейін қаражат керек. Шеберлердің айтуынша, 30 мың теңгеден 1 000 доллар аралығындағы домбыралар жиі сатылады. Ал 5 000-10 000 доллар аралығындағы ұлттық аспапқа қалтасы көтергендер тапсырыс береді.
Айбат КӘРІБАЙ,
шебер:
Нарықтың 90 пайызы – Қарақалпақтан келген домбыраның еншісінде
Домбыра жасап жүргеніме 22 жыл болды. Бұл – атакәсіп. Кішкентайымнан әкемнің домбыра жасағанын көріп, соған көмекші болып жүретінмін. Жалпы, 13 жасымнан бастап шеберліктің қыр-сырын үйрендім. Артымнан ерген қос інім де домбыра жасайды. Бірақ бәріміз университетте басқа мамандықты меңгердік. Елге келген соң бұрыннан істеп жүрген үйреншікті іс болғаннан кейін кәсіп көзіне айналдырдық. Екінші жағынан, әкеміз күйші болған соң біз де домбыра тартамыз. Отбасымызбен домбыраға әуеспіз.
Кәсіп ретінде айналысқан адамға бұл – тың сала. Мысалы, гитара халықаралық аспап болғасын дүниенің жер-жерінен қалаған бөлшегін демде таба аласыз. Ал домбыраңыз бұзыла қалса, арнайы бөлшектерді еш жерден таппайсыз. Елімізде ешбір кәсіпорын домбыраның тиегін, құлағын, қақпақ ағашын бөлек-бөлек жасап шығармайды. Бұл да бір қиын іс. Бәрін қолдан жасап шығу керек. Аталған қиындықты шешу үшін жаңа бастамамыз бар. Ақырындап жүйеге келтіріп жатырмыз. Жалпақ тілмен айтқанда, құлағын, тиегін бөлек-бөлек жасап шығарамыз.
Ал кәсіпкерлік қолдауға келсек, бұл салада мұндай қолдау түрі атымен жоқ. «Біреу әдейі келіп, жолымызды бөгемесе екен» деп өз бетімізбен жұмыс істеп жүрміз. Шеберлер Үкіметтен, арнайы орталықтардан көмек күте-күте әбден жалыққан. Мысалы, жеке инвесторларға домбыра жасап жүргеніме 20 жыл болғанын, бизнес жобам барын, оған осынша қаржы керегін айтсам, құлақ аспайды. Банк қаржы беруге дайын, бірақ бизнес жобаға емес, олар кепілге не қоярыңа алаңдайды. Мәселен, 20 миллион несие алғың келсе, 40-50 миллион теңгенің затын кепілге қою қажет. Қысқасы, Үкімет пен жеке ұйымдардан қолдау жоқ.
Домбыра жасайтын шеберлердің ішінде өлшемді, стандарт түрде домбыра жасайтындар аз. Музыкалық өлшемге лайықтап, минимум, максимум стандартта жасайтындар бар. Мысалы, максимум стандарттағы домбыра халықтың қолына жете бермейді. Оның бағасы қымбат әрі саны аз. Ал ел арасында жүрген домбыраға келсек, көбінесе базарда Қарақалпақстаннан келген «қоқыс» домбыралар сатылады. Бұлар нарықтың 90 пайызын қамтып отыр. Олар домбыраны құрылыс материалынан, кепкен немесе кеппеген ағаштан жасай береді. Бағасы да арзан. Ал домбыра жасау шеберлігі жоғары кәсіп иелері кең масштабқа шыға алмай отыр.
Алмас СЕРІКҰЛЫ,
шебер:
Базарда сатылатын домбыра домбыра емес, кәдесый
– Домбыра жасап жүргеніме 16 жыл болды. Университет қабырғасында аспап жасау бөлімінде оқығасын, білген-түйгенімізді ары қарай жетілдіріп жүрміз. Бұрын нағашы жағымнан аталарымның ішінде зергерлер болған. Осылайша, қолөнерді жаныма серік еттім. Домбырадан бөлек, бесік жасаймын. Бесікті әртүрлі ағаштан, оның ішінде дәстүрлі түрі, шағын және жеңіл түрін жасаймыз. Көбінесе, дүкендерден табыла бермейтін түрін жасап шығаруға тырысамыз. Бұдан бөлек, байқауларға арналған композициялық шешімі бар бесіктер бар. Бәрін тапсырыс берушінің қалауына қарай жасауға бейімделеміз.
Кәсіпкерлікті қолдау жағына келсек, жұрт «Атамекен» мен «Дамуды» айтады. Аталған орталықтарда басқа кәсіп түрлеріне қолдау бар болар. Бірақ домбыра жасайтын кәсіпкерлерді қолдау жағы ақсап тұр. Әсіресе, бізде шағын кәсіпкерлікті қолдамайды. Оған арналған арнайы жобалар жоқ. Жалпы, формалды түрде айтылғанымен, нақты қолдау жоқ. Өзімізге келсек, қолдау жоқ екен деп оларға қол қусырып отырғанымыз жоқ. Уақыт өте келе бәрі бір ізге түседі деп ойлаймын.
Шеберлер жайында айтар болсам, бұл салада жүру қиын болғасын кәсібін бастап, артынша тастап кеткендер бар. Өйткені халықтың саны аз, сәйкесінше домбыра тартатындар да аз. Оның үстіне, кәсіби аспапты сирек сатып алады. Жеке өзі істейтін, ұжым болып еңбек ететіндер де кездеседі. Көбінесе, Алматыда домбыра жасайтындарды жиі кезіктіремін. Әрине, ішінде базарда сататын домбыра жасайтындар, мектептерден тапсырыс алатындары бар.
Ең көп сатылатын домбыра түрі қайыңнан, қараағаштан, жаңғақтан жасалады. Ең көп тараған және арзан түрлері осы. Бұдан қымбат түрлерін арнайы мамандар сатып алады. Әрі мұндай аспап жасайтын ағаштар шетелден келеді. Атап айтсақ, қызылағаш, үйеңкі, палисандр. Ағаш түрі мен сапасы домбыра бағасына әсер етеді. Сәйкесінше, шетелден әкелген ағаштан жасалған домбыра қымбат. Базарда сатылатын домбыра домбыра емес, кәдесый. Бұлардың деңгейін көтеріп, домбыраға жеткізуге болады. Өйткені шетелден келгендер базарға барады, домбыраны көреді, сатып алады. Кейіннен «қазақтың домбырасы осы екен» деп ойлайды. Кәсіби маман болмағасын оның кәдесый екенін қайдан білсін.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ