Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛЫНҒАН НЕСИЕ МАҚСАТЫНА ЖҰМСАЛСЫН

АЛЫНҒАН НЕСИЕ МАҚСАТЫНА ЖҰМСАЛСЫН

Шағын кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға Үкімет тарапынан үнемі қолдау бар. Осы мақсатта мемлекет 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске қосты. Оның аясында әр адамға 1 миллион 380 мың теңге өтеусіз грант алуға болады. Былтыр «Еңбек» бағдарламасының ­«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 1587 аудан тұрғыны онлайн түрде оқып, оның 381-іне грант тағайындалған. Биыл 149 азаматқа қайтарымсыз қаржы беру жоспарланып отыр.
Халықты өзiнiң жеке iсiн ашуға және кеңейтуге жәрдемдесу, елдегі еңбек ресурстарының бөлінуін оңтайландыруды қамтамасыз етуге арналған бұл жобаның ынталы жандарға берері орасан. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты бағдарламаға – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар, шағын және орта бизнес субъектілері, бизнесін жаңадан ашқан немесе бизнесін кеңейтуге ниет білдірген кәсіпкерлер қатыса алады. Негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс жасайтын бағдарлама ­ауданда да өз жұмысын атқарып, кәсібін ашып, алдына мақсат қойған жандарға көмек беріп келеді.
– Бүгінгі таңда кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына өзгеріс енгізілуде. Бұған дейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 3 апта оқытатын. Енді үміткер кәсіпкерлік негіздерін оқымайды. Бұдан былай үміткер бірінші грант алуға жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіреді. Ал жұмыспен қамту орталығы оның мәртебесін анықтайды. Содан кейін үміткер бизнес жоспарды үлгіге қарап әзірлейді. Толық құжат тапсырған соң комиссия отырысында жобасын қорғайды. Егер жобаңызды комиссия құрамы мақұлдаса, грант – сіздікі, – деді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов.
Бағдарлама аясында өңіріміздегі ауыл-аймақтарда мал шаруашылығы едәуір дамып, ауыл азаматтары мемлекеттен төмендетілген пайызбен алған несиелері арқылы өз кәсіптерін дөңгелетіп келеді. Атқарылып жатқан осындай жұмыстардың нәтижесін бүгінде Шиелі халқы көріп жатыр. Дей тұрғанмен, кәсіп етуді көздеген кей азаматтардың мемлекеттен алған несиені мақсатсыз жұмсап, өзін былай қойғанда өзгеге ­зиянын тигізіп жатқандары да кездесетінін алға тартады мамандар.

294 ЖОБА ТАНЫСТЫРЫЛҒАН
– Халықты жұмыспен қамту орталығы 3 айдан кейін гранттың қаражаты игерілгені жөнінде тексеріс жүргізеді. Барлық грант иегерлеріне барып, жұмыс барысын, құжаттарын тексереміз. Егер өзі қорғап шыққан жобада сатып алуы керек дүниелері алынбаса, сұрау саламыз. Тіпті негізсіз жұмсалса, алған грантын Үкіметке қайтарып беруді талап етіп, заң аясында жұмыс істейміз. Былтыр бағдарлама аясында 381 грант берілді. Жоғарыда айтқандай, үміткерлердің ұтқан гранты негізсіз жұмсалса, кері қайтарылады, – деді А.Алдабергенов.
Мемлекеттің қайтарымсыз гранты – несие емес. Оны қайтарудың қажеті жоқ. Тек бар болғаны орнымен жұмсау қажет.
– «Кәсіпкерлік грант – маған берілген қаржылық қолдау. Мен оны әртүрлі бағытта жұмсауға мүмкіндігім бар. Тойымды жасаймын, автокөлік аламын немесе несиемді жауып, қажетіме жұмсаймын» деп ойлайды. Ал бұл – қате ой. Бөлінген қаржы сенікі емес, ол сен секілді салық төлейтін азаматтардың ақшасы. Қаржыны тиімді қолдану керек. Кәсіпке салып, нәтижесінде, жұмыс орнын ашып, жұмыссыздарға жұмыс ұсынуыңыз қажет. Екіншіден, өзіңіз тұрып жатқан қаланың немесе ауданның салық бюджетін толықтырсаңыз, сол кезде жұмсалған әрбір қаржыдан әлеуметтік тиімділік көреміз. Яғни, жауапкершілік тек билікте ғана емес, халықта да болу қажет, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Әбсадық.
Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлердің жұмысына мемлекет тарапынан бар жағдай жасалып келеді. Керісінше үкімет кәсібіне қажетті қаржыны беріп, мемлекеттік салықты жеңілдетіп, ісінің тұралап қалмай, дамуына мейлінше қарайласып келеді емес пе? Осындай қолдаулардан кейін неге өз ісін өркендетіп, ел игілігі үшін жұмыс жасамасқа?! Сол қаржыны аларда талайдың алдын орап, өзінің түрлі жоспарларын алға тартып, мемлекет сенімінен шыққан еді? Бейресми деректерге сүйенсек, өз кәсібін ашуға ниеттенген кей азаматтар алған қаржыны бағдарламадан тыс дүниелерге жаратып жіберетін жағдай көп-ақ. Тіпті кейбіреулері мемлекеттен алған қаржыға бұрынырақта алған «несиесін» жауып, қалғанына көлік, үйіне жиһаз алған көрінеді. Ал құжат бойынша бағдарламада көрсетілген малдың санын қорасында бабасынан қалған бірлі жарым ірі қара мен көршісінің төлін тіркетіп қойғандар да жоқ емес. Осылайша айласын асырған бұндай жандар сенімнің сертін бұзып отыр.

P.S.: Қазақ «судың да сұрауы бар» деген. Сондай-ақ Пайғамбар хадистерінің бірінде қиямет күні адамдардың осы өмірдегі төрт ісіне жауап бермей аяқтары орындарынан қозғалмайтындығы айтылған. Соның бірінде тапқан табысыңды қалай, қандай жолмен және не мақсатпен жаратқандығың – бірінші кезекте сұралатындығы айтылған екен. Қос дүниесін қатар ойлаған қазақ үшін еселеп алған есепсіз қарыз-несиелерімізді өз мақсатына орай жұмсағанымыз жөн болар.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
03 сәуір 2023 ж. 211 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930