Шиелі арықтың бір тарихы немесе Жалпақтал құрылтайы
Шиелінің тарихы Шиелі арығымен байланысты екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл көне су арнасы үшін жер дауы көп болған. Соны осы мақалада баяндап беруді жөн көрдім. Шиелі арығының негізін Ақмешіт (Перовск) уезінде отырған қыпшақтар қазып шығарған. БІрақ бұл жердің бір бөлігі Түркістан уезінің қоңыраттарына тиесілі еді. Бұл даудың басы 1871-1872 жылдардан басталған. 1872 жылы Жаңақорған болысы Перовск уезі құрамынан шығарылып, Түркістан уезінің құрамына берілген еді. Бірақ Жаңақорған болысының шекарасы анық белгіленбеген. 1871 жылы Ақмылтық пен Шұбар Қайрақты деген жерлер билер құрылтайы шешімімен жөлектіктерге берілген. Бірақ келесі тарап қарсы болып, шағым түсірген. 1875 жылы қарсы тараптар ортақ бір мәмілеге келгендей болып, дауласпауға сөз береді. Бірақ сол дау-дамай ақыры 10 жылға созылып кетті.
Бұл дау ұзақ жылдар бойы тоқтамағандықтан Перовск уезінің басшысы подполковник Панкратов пен Түркістан уезі басшысының аға көмекшісі штаб-капитан Власов кездеседі. Негізі екі уездің шекарасы Ақсүмбе мен Мыңбұлақ деген жерде болған. 1885 жылы 31 шілдеде Перовск уезі мен Түркістан уезі арасындағы даулы жерлердің шекарасын белгілеп, мәселені шешу үшін ел ағалары құрылтайға шақырылады. Жиынға екі уездің де ел басқарған кісілері, жер межелеуші мамандар да осы жерге жиналады. Түркістан уезі Жаңақорған болысынан жиналысқа Тасболат Кешуов, Абдраим Нәлібаев, Қалкөз Сіргебаев, Сәрсенбай Есқарин және тағы басқалары, барлығы 18 (негізі қатысқан кісілер бұдан да көп, бірақ тізім толық емес) елубасы, би, ауыл старшиналары, ал Перовск уезі Жөлек болысынан Жүзбай Нұралин, Өске Маңдаев, Бектас Қаңлыбаев, Нұркей Дайыров секілді 37 елубасы, би, ауыл старшиналары жиналысқа қатысып, қол қойған.
Бұл дау ұзақ жылдар бойы тоқтамағандықтан Перовск уезінің басшысы подполковник Панкратов пен Түркістан уезі басшысының аға көмекшісі штаб-капитан Власов кездеседі. Негізі екі уездің шекарасы Ақсүмбе мен Мыңбұлақ деген жерде болған. 1885 жылы 31 шілдеде Перовск уезі мен Түркістан уезі арасындағы даулы жерлердің шекарасын белгілеп, мәселені шешу үшін ел ағалары құрылтайға шақырылады. Жиынға екі уездің де ел басқарған кісілері, жер межелеуші мамандар да осы жерге жиналады. Түркістан уезі Жаңақорған болысынан жиналысқа Тасболат Кешуов, Абдраим Нәлібаев, Қалкөз Сіргебаев, Сәрсенбай Есқарин және тағы басқалары, барлығы 18 (негізі қатысқан кісілер бұдан да көп, бірақ тізім толық емес) елубасы, би, ауыл старшиналары, ал Перовск уезі Жөлек болысынан Жүзбай Нұралин, Өске Маңдаев, Бектас Қаңлыбаев, Нұркей Дайыров секілді 37 елубасы, би, ауыл старшиналары жиналысқа қатысып, қол қойған.
Жаңақорған болысынан келгендер Дүлдүл-тартпа деген жерге тоқтап, киіз үй құрып, тынығып жатады. Екі жақтың адамдары Жалпақтал деген жерде құрылтай жасап кездеседі. Бұл құрылтай орысша құжаттарды «Джалпактальский чрезвычайный съезд» деп аталады.
Жөлек болысының басқарушысы ол кезде қыпшақ руынан Байсын Көлдейұлы болған. Перовск уезінің басшысы мен Түркістан уезінің аға көмекшісі Шиелі арық деген жерге келеді. Сол жерде Жаңақорған болысының қазақтары атынан жазылған үш бу арызнаманы оқып, қарастырады. Ол арызда былай деп жазылған екен: «1885 жылы болыс Байсын Көлдейұлы Түркістан уезінің қазақтарына Шиелі арықтан бір тамшы су бермей қояды. Соның салдарынан егіндері күйіп кетіп, көп шығынға ұшырайды. Су бөліп бер деп жалынғанына қарамастан Көлдеевтер су бермейді. Онымен қоймай Шиелі арық пен Қаратаудың бойындағы суармалы жерлерін тартып алмақшы. Бірақ Жаңақорған болысынан келген делегаттардың айтуынша ескі заманнан бері Шиелі арық оларға тиесілі жер екен. Сондықтан Әскери губернатор мен Перовск уезінің начальнигінен осы өздеріне тиесілі суармалы жерлердің шекарасын нақты бекітіп беруді сұрайды».
Құрылтай жиналысының нәтижесінде 12 баптан тұратын қаулы қабылданады.
Екі болыс елдің арасындағы шекара Қызылқұмнан басталып Ақжарға дейін және одан ары қарай Батпақөткелге дейін, одан ары қарай Сарықамыс арқылы Дүлдүл-тартпаға дейін деп белгіленіп Шиелінің басында Қарамолда арық деген жерге шекаралық қазық (пограничный столб) қағылады.
Сол жоғарыда көрсеткен жерден бастап шекара сызығы «Сор-құдық» деген жерге тура тартылады, одан ары қарай Сунақ Ата деген жерге қарай, одан ары қарай Ақмылтыққа дейін, одан арық қарай шекара Ақсүмбеге дейін тартылады.
Осы шекара сызығының шығыс тарапы Жаңақорған болысының қазақтарына, батыс тарапы Жөлек болысының қазақтарына тиесілі болып бекітіледі.
Шолақ деген жердің барлық бұлақтары Жаңақорған болысының қазақтарына егіндік жер болып, соларға тиесілі болып бекітілсін, Жөлек болысының қазақтары бұл жерге енді кіре алмайды, ешқандай дауласуға құқығы жоқ. Бүкіл Шолақтың жері жаңақорғандықтарға қалады.
Аталған екі болыстың қазақтары бұдан былай осы жерлер үшін дауласпайды. Осы шекараларда көшіп қонады, бір-біріне кедергі келтірмейді.
Шиелі арықтың территориясы 10 бөлікке бөлінеді. Соның 9 бөлігі Жөлек болысына тиесілі, 1 бөлігі Жаңақорған болысына тиесілі жер болып бекітілсін.
Жоғарыдағы бапқа сәйкес Жаңақорған болысының қазақтары Шиелі арықтың 10/1 бөлігінің ғана тазалау, арықтың түбін қазу жұмыстарын істейді.
Жаңақорғандықтар Шиелі арықтың суын толық байлап ала алмайды, суды шегір тартып қолдана алмайды.
Бұл аты аталған арықты жаңақорғандықтар 1-ден 2 аршынға дейінгі тереңдігінде, 1 аршын енінде қазып, түбін тазалап отыруға міндеттенеді.
Екі болыстың қазақтары да өз шекарасынан шықпай, егін шаруашылығымен айналыса алады.
Шиелі арықтың бас жағында отырған Қара бала тайпасы деген рудың қазақтарына тиесілі, арықтың жанындағы Сарықұдыққа дейінгі жерлер жөлектіктерге тиесілі болып бекітілді.
Бұл қаулыны бұзғандар қарсы тараптан жауапқа тартылады.
Осыны растап, Жөлек болысынан 37 кісі мөрін басса, Жаңақорған болысынан 19 кісі мөрін, 9 кісі таңбасын басты.
Бұл мақала ҚР Орталық Мемлекеттік архив құжаттары негізінде жазылды. Дереккөз: №119 қор, 1 тізімдеме, №813 іс. Толық атауы: «Материалы съезда биев Туркестанского и Перовского уездов по разбору претензии между казахами 1885-1886 гг.» – 28 листов.
Нұржан Сәдірбекұлы,
тарихшы-генеалог,
Алматы қаласы
тарихшы-генеалог,
Алматы қаласы