Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орыс ғылымдары Сыр өңірі туралы не дейді?

Орыс ғылымдары Сыр өңірі туралы не дейді?

1912 жылы Ташкентте шыққан «Материалы по Киргизскому землепользованию» деген Патшалық Ресейдің шығарған жинағы қазақ халқының отарлық кезеңінен көптеп сыр шертеді. Әсіресе, сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы жер мәселесіне айрықша орын беріліп, әр облыс, әр болыс бойынша нақты есептер жүргізіліп, кімде қанша жер мен мал-мүлкінің болғандығын санақ бойынша сипаттап беретін құжат ретінде өз құндылығын арттырмаса, кемітпейді. Жалпы ХІХ ғасыр соңы ХХ ғасыр басында Қазақстанның оңтүстігі Түркістан генерал-губернаторлығының, кейіннен Түркістан өлкесінің (әкімшілік бөлініс) құрамында болғандығы – тарихтан белгілі. Ол өз ішінде бірнеше облысқа, ал облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінген болатын. Солардың ішінде қазіргі Қызылорда өңірі Сырдария облысы деп аталды да, Шиелі жері Перовский уезіне қараған еді. Жоғарыда аты аталған көлемді сараптама кітап – жинақта осы өзіміздің туған жерге қатысты тың мағлұматтарды да кездестіргендіктен, біз олардың ішіндегі кейбір деректерінен үзінді келтірейік.
В.Ильиннің типографиясында басылып шыққан бұл жинақ – еңбектің Сырдария облысы, Перовск уезі деген бөлімі өз алдына бір кітап болып берілген. 200 беттен асатын сараптамалық бұл еңбекте осы өңірдің толықтай жер мәселесіне қатысты сараптама жасалғандығы көңіл қуантады. Бұл жинақта Сыр өңірінің әрбір болысы тізім бойын­ша беріліп, онда қандай ауыл ақсақалы, кім болған, оның қыстауы қай жерде, руы қандай, қанша малы мен шаруашылығы бар, әулетінде қанша адам болғандығы және т.б. туралы арнайы кесте-таблицалар түрінде анық жазылған. Мысалы, 38-39 беттерде Жөлек болысы бойынша Асқар Көжет деген №1 ауылдың ауыл ақсақалы екендігін кестеде көрсетіп, оның қыстауы мен жері Үшағаш, Бәйгеқұм, Мамек өңірі болғандығын келтірген, руы – көкмұрын қыпшақ. Оқшы ата маңын мекендеген Асқар Көжеттің қарамағында 53 шаруашылық, оның ішінде 25 көшпелі, 25 отырықшылық шаруашылық өмір сүрген.
Кітаптың 98-103 беттерінде Скобелев болысының кестесі бойынша №1 ауыл ақсақалы – Абу Үншібай атамыздың болғандығы жазылған. Оның тұрғылықты жері, қыстауы – Абу бауы немесе жаман Шиелі деген жерлер болғандығы және руы – ақтаз найман деп жазылған. Оның игілігіндегі Қаракөл көлі қыста қатып қалатын болған.
Абу Үншібай ақсақалдың қарамағында 11 шаруашылық, сондай- ақ қосымша тағы 3 қосалқы шаруашылықтары болған екен. Сол кезеңде Үншібай әулетінде 92 адам, оның 45-ін ер кісі құраған. Оның 27-і жұмысқа жарамды болған. Жер өңдеумен 7 шаруашылық айналысып, олар 23,42 десятина жерде суармалы егіншілікпен айналысқан болатын. Олардың 10 соқасы болған. Жалпы жер көлемі – 95,37 десятина. Жылқы саны – 110,60 сиыр, 237 түйе, 597 қой мен 254 ешкі. Оншақты шаруашылық шөп шабу мен шабындықпен айналысқан.
Ал бұл еңбектің №5 ауылы бойынша ақсақалы Кәлмен Аңғасын деп жазылған. Оның қыстауы – Иіркөл, руы – қарасары. Оның 159 шаруашылығында 500 дей адам болған. 302,48 дес­ятина жерінде 458 жылқы, 894 сиыр, 701 түйе, 3063 қой өсірілген.
Байзақ болысының сол кезеңдегі №7 ауылдың ауылнайы Әубакір Нұрбай деген ақсақалдың қарамағында 76 шаруашылық болған, руы – табын, Қонысы Тарыкөл, Ақжігіт мазар. Бірқазанкөл, Қазымбар, Ақтөбе, Бегинкөл мен Тереңөзек. Оның қосалқы 2 шаруа қожалығы болған. 47 көшпелі және 29 отырықшы шаруашылық екендігін дерек көзінен анықтауға болады.
Царская болысындағы Тентөзек маңында Баймұхамед Салықбай ақсақал №3 ауылды басқарған. Оның руы – жаппас. Сарқырама мен Бесарна және Тентекөзек жағасында қыстауы болған. Ақсақалдың қарамағында 156 шаруашылық, сонымен қатар 39 қосымша қожалық, оның ішінде 9 көшпелі, ал 147-і отырықшылық күй кешкен, 460 ер кісі мен 445 әйел заты өмір сүрген бұл ауыл 312 жылқы, 1083 ірі қара, 185 түйе, 716 қой мен 184 ешкі малын асыраған.
Шаған болысының №3 ауылында тұрған Алаша мен Есентемір руларының ауылнайы Сүңгібай Нұрбай ақсақалдың қыстауы Шіркейлі өңіріндегі Құмарық пен Домалақ көл, Ұзынарық, Құмбөгет маңында орналасқан. Оның 96 және 1 қосалқы шаруа қожалығы болған. Оның 13-і көшпелі, 83-і отырықшылықта болған.
Жаңақорған болысындағы №2 ауылды қоңыраттан шыққан Иманберді Нұрман ақсақал басқарып, Қырашта қоныстанған. Қыстауы Ақши мен Қыраштағы 20 шаруа қожалығының барлығы көбіне отырықшылыққа үйрене бастаған.
Құжатта осылайша әр болыстардағы ауыл ақсақалдары кім болғандығы, оның құрамында қанша мал-жаны мен шаруашылықтарды туралы тізім бойынша жазылып кете берді.
Жалпы алғанда бұл статистикалық еңбекті И.Ронов, В.Якиманский, И.Суслов, И.Путилов және Яшновтар 1910 жылы жазып баспаға берген. Кітаптың 109 бетінен бастап соңына дейін Сырдария облысы, Перовск уезіне географиялық, шаруашылық экономикалық сипаттама қорытынды жасалғандығы көрініп тұр. Мысалы, Атбасар уезінен басталатын Сарысу өзенінен бастау алатын, уездің солтүстік шығысында орналасқан Телікөл мен Сырдария аралығы «Бикесары» даласы деп аталған. Яғни, қазіргі Шиелі және Байгеқұм жерлері бұдан 100 жыл бұрын осылай аталған. Жалпы бұл өңір карта бойынша 9 бөлікке бөлініп қарастырылған:
1) Сырдың ішкі жағындағы тоғай бөлігі.
2) Сырдарияның көне арнасынан аумағы және оған жақын жерлер. («Тапқыр», «Дариялықты», «Бикесары» даласы)
3) Қызылқұм шөлі
4) Қаратау жотасы
5) Оңтүстік – Батыс Қаратау бөктері
6) Солтүстік – Шығыс Қаратау бөктері
7) Үштік плато
8) Арысқұм құмы.
9) Ащыкөл және Телікөл көлдері мен Сарысу өзеніне дейінгі тоғайлы аймақ.
Кітаптың екінші бөлімі «Общий очеркь киргизкого хозяйства» деп аталады, яғни жалпы қазақ шаруашылығына және халықтың тұрмысына тоқтам жасайды: Перовский уезінің 90% - ын қазақтар құраған. Оның ішінде қыпшақ, қоңырат, найман, жаппас, табын және кереиттер басым көпшілігін құраса, сондай-ақ қожа, сунақ, арғын мен тарақты оңтүстігінде, жалайыр, бақтияр, таздар, төре, Сарыбай, тана, ошақты және т.б. уездің солтүстік батысын мекендеген деген мәлімет келтіреді. Жалпы уезде 310 ауыл, 23689 шаруашылық, 78534 ер кісі мен 68960 әйел кісі өмір сүрген. Жалпы территориясы – 64814,6 кв.верст. әр кв. верстқа 2,3 адамнан келген. Перовск уезінде сол жылдары 444 молда – мұғалімдер болған. Молда-имамдар мешіттерде қызмет етіп, жеткіншіктерге мұсылманша алғашқы сауат аштырумен айналысқан. Имамдар балаларды қыста мешіттерде, ал жаз айларында қараша үйлерде білім нұрымен сәулелендірген. Жалпы 1 мешітте 2 имам құдайға мінәжат ететін болған. Әрбір шаруа қожалықтарының егесі молда-имамдарды қастерлеп сыйлағандығы сонша, оларға мешіттерге малдай немесе астықтай ақысын күнделікті беріп отыратын болған. Кейбір ауылдарда белгілі мөлшерде астық пен мал өнімдерінен алынатын салық түрі сақталынып қалды.
Мысалы, екі имамға, яғни бір мешітке астықтың оннан бірі жиналып берілді, ал көшпелілер арасындағылар әрбір 40 бас малдан біреуін мешіттерге беріп отырған. Жаз айларында бір имам мешітте қалып, екіншісі бала оқыту үшін ел арасын аралауға шығып, мұсылманша хат танытқан. Оларды әр ауылда 20-30 шәкірттері қарсы алып, білім нәрімен сусындауына көмектеседі.
Мұғалімдерге өз алдына бөлек киіз тігіп, құрметті қонағы ретінде күте отырып, сол ауылдың жеткіншектерінің сауатын аштырған. Бұдан бөлек оларға әр оқушыдан 10-12 рубль оқу ақысын беріп отырған. Оқу соңында имам – мұғалімдеріне шапан кигізіп, әркім өз халінше сый – сияпат жоралғыларын жасаған.
Молдалар мен мұғалімдер жас балаларды оқытуға күніне 6-7 сағат жұмсаған. Оқу уақыты 4 мезгілде де жүргізілген. Негізінен ескіше оқу және жазу 1,5-2 жылға созылғанымен кейбір білімпаздар одан әрі жалғастыруды құп көрген. Одан шыққан шәкірттер шамасы мен біліміне қарай Түркістан, Қарнақ, Ташкент, Бұхара медреселеріне барып, өз білімін жетілдіруге аттанған.
Орыс зерттеушілерінің Сыр өңірін баяндаған осы бір құнды еңбегі әлі де болса туған жер туралы зерттеу жұмысын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында күшейту керектігін дәлелдей түседі. Өйткені қазақ халқының тұтас тарихы мен мәдениеті – әр облыс пен өңірлерінің өткені мен тарихының жиынтығынан құралатындығы баршамызға мәлім.
Осы ретте Алаш тарихынан сыр шертетін сырттағы тарихи мол құжаттарды жинастырып, ғылыми негізге салудың сәті түсіп тұр. Әсіресе, Орынбор мен Ташкенттегі Орталық мұрағаттар мен кітапханалардағы тұнып тұрған ел тарихына қатысты деректерді игерудің орны ерекше. Ондағы құжаттардың дені ескі орысша және араб қарпіндегі төте жазумен берілген. Осыны ескере отырып, жоғары оқу орындарында тарихшы мамандығын даярлайтын студенттердің бір тобына оқу жоспарға сай шығыс тілдерін (араб, қытай, парсы т.б.) қосымша оқытып, бітірген кезде дипломына «тарихшы және араб тілінің мұғалімі» деп жазып, құжаттармен аударма жасай алатын нағыз маман дайындау меніңше, орынды ұсыныс деп ойлаймын. Өйткені мұндай жағдай Ресей ЖОО -ның тәжірибесінде әлі күнге дейін қолданыста жүргендігі орыс ғылымын алға сүйреуде.
Қорытындылай келе, туған жеріміз Сыр өңірі туралы жазған орыс ғалымдарының туындыларында өзімізге қатысты тың деректер молынан кездесетінін байқадық. Алайда бұндай өлкетанулық дерек көздері күннен-күнге көбейіп келеді. Оның ғылыми негіздемеге салу керек. Ол үшін облыс пен аудандарда ғылыми негіздегі өлкетанулық мәдени бірлестік немесе үйірме, бөлім құрылса игі болар еді. Өйткені халыққа одан өзінің өткенін саралай отырып, бүгінгі мен келешегін болжай отырып, өз елінің тарихи- мәдени дамуынан сауатты танымдық мағлұмат алуына жағдай жасалатын болады. Одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.

Нағашбек Тұрсынбетұлы Беген – Құлшаев Қодаманов ауылы
19 тамыз 2020 ж. 671 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930