Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПТІК БІЛІМ: УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН ҰТАДЫ

КӘСІПТІК БІЛІМ: УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН ҰТАДЫ

Қазір еңбек нарығы жаңа арнаға бет бұрды. Бұрынғыдай төрт-бес жыл жоғары оқу орнын оқып, зейнетке шыққанша сол мамандықта жұмыс істеу ескінің сарқыншағына айналып барады. Кім университет бітірсе, сол табысты деген де жазылмаған заңдылықты жаңа дәуір жоққа шығаруда.
Иә, қазір қолында «табақтай» қызыл дипломы бар маманнан гөрі торт пісіретін кондитердің не бет әрлейтін визажисттің табысы бірнеше есе жоғары болуы ғажап емес. Сол сияқты дәнекерлеуші, механизатор мен бұрғылаушы секілді кәсіптік маман иелеріне деген сұраныс жоғары. Сәйкесінше табысы да мол.
Осылайша заман дамыған сайын уақыт көшіне ілескен мамандықтарға қажеттілік туындауда. Мәселен, экономикалық өндіріс нығайған қазіргі кезде жұмысшы мамандарға сұраныс артып келеді. Ал мұндай мамандықты игеруге елде барлық жағдай жасалған. Десе де, халық арасында Кеңес одағы кезінен қалған ескі көзқарас көптеген жастардың дұрыс жол табуына әлі күнге кесірін тигізіп отыр. Мысалы, кешегі СПТУ, бүгінгі техникалық және кәсіптік колледждерге жоғары оқу орнына білімі жетпеген жастар, тұрмысы төмен отбасылардың балалары оқиды деген теріс пікір бар. Шын мәнінде бүгінгі қоғамға нағыз қажетті мамандарды осында даярлайды. Тіпті олардың арасынан мықты кәсіпкерлер шығуда.
Аудандағы кәсіптік білім беретін бірден-бір оқу орны – Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі.
Бұл оқу орны алпыс жылдан астам уақыттан бері қаншама шәкірт тәрбиелеп, мықты жұмысшы мамандарды дайындауда. Бүгінде мұнда студенттер ең қажетті 18 мамандық пен 28 біліктілік бойынша білім алады. Бір ерекшелігі, бұл оқу орнында барлық студенттер мемлекеттік тапсырыс негізінде грантта оқиды.
Мұнда оқытылатын мамандықтардың дені кәсіптік болғандықтан, материалдық-техникалық база жоғары дәрежеде жабдықталған. Арнайы құрал-жабдықтары бар теориялық пән кабинеттері мен шеберханалар білім алушылардың кәсіби біліктілігін шыңдайды.
– Бүгінде білім мен біліктілік ұшталса ғана табысқа жетуге болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осыған орай колледж мұғалімдері мен білім алушылары халықаралық, республика, облыс көлемінде өтетін шараларға, байқаулар мен мамандықтар бойынша көрмелерге қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болуда. Сапалы білім берумен қатар жастардың тәжірибеден өтуіне, оқу орындарының өндірістермен байланыс орнатуына мемлекет мұқият көңіл бөлуде. Кешегі түлектер бүгінгі таңда жемісті еңбек етіп жатыр. Сондықтан оқу орнын тәмамдаған мамандар тек қана біздің ауданда ғана емес, еліміздің аумағында кәсібі бойынша қызмет атқара алатындығына сенім мол. Бүгінде өздерінің жеке кәсібін ашып, біздің студенттерді жұмыспен қамтып отырған түлектер барын мақтанышпен айтуға болады. Өткен жылы бітірген түлектердің 87 проценті мамандығы бойынша жұмысқа орналасты, – дейді Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі директорының оқу өндірісі жөніндегі орынбасары Дастан Полатов.
Осы мәселеге келгенде талапкер де, ата-ана да жақсылап ойланғаны абзал. Өйткені бүгінгі ұғым мүлдем басқа. Бұрын қолында дипломы болса, жұмысқа бірден қабылдайтын. Ал қазір қолынан іс келмесе, көк қағаздың бар-жоғы маңызды емес. Сол үшін жастар мақтан үшін емес, сұранысқа ие мамандыққа оқуға түсуі қажет. Сондай-ақ қазір өнеркәсіп саласын меңгергендер далада қалмайды. Өйткені химия, экология, техника мамандарының болашағы зор. Жоғарыдағы мамандықтарды меңгерген әрбір азаматтың келешекте өзінің жеке кәсібін ашуға мүмкіндігі мол.
Сондықтан әрбір мектеп бітіретін түлек «Қандай кәсіп иесі болғанда елге пайдам тиеді?» деген сауалды өзіне қойғаны жөн. Әрине, мамандық таңдау оңай емес. Десе де жас өмірінің бір кірпішін дұрыс қалап, өз саласының мықты маманы болу үшін қател еспегені абзал.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
16 наурыз 2023 ж. 243 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031