АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Апат айтып келмейді. 6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында жойқын зілзала болды. Алапат апаттың үрейі мен зардабы әлі күнге ел санасынан сейіле қойған жоқ. Зар еңіреген ана мен үйінді астында қалған халықтың қасіреті түсірілген видеоларды өз басым алғаш көргенімде абдырағаным рас.
«Жан қиналысы мен қайтсем аман қаламын» деп бас сауғалап қашып, түрік тұрғындарының өмір мен өлім арасында арпалысып жатқанын іштей түсіндік, тілектес болдық.
«Жан қиналысы мен қайтсем аман қаламын» деп бас сауғалап қашып, түрік тұрғындарының өмір мен өлім арасында арпалысып жатқанын іштей түсіндік, тілектес болдық.
Үйінді астында қалған адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарына 82 елдің құтқарушылары Түрік еліне жеткен. Барлығы 100 мемлекет табиғи апаттан кейін көмек ұсынған. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апат орын алған алғашы күні-ақ Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Сондай-ақ ел Президенті шұғыл жәрдем ретінде 1 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған болатын. Бұдан бөлек зілзала болған аймақта қазақстандық құтқарушылар да адамдарды іздестіру жұмыстарына қатысты. Ал қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласында 100 қазақ үйін тігіп жатыр.
Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген «Stranger» әлемдік турне-концертінің билеттерінен түскен қаржының бір бөлігін Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде аудармақ. Осылайша тағы бір мәрте ел екендігімізді көрсетіп, түркиялықтарға халықтық қолдау жасалды.
Нұрдағы қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны елге аман-есен оралғанын ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады. ҚР ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Астана әуежайына қонды. Оларды қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алған. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уфук Экиджи (Ufuk Ekici) қазақ құтқарушыларын күтіп алып, олардың әрқайсысына атқарған қиын жұмысы үшін алғысын білдірді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ техникасы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кіріскен болатын. Қазақстандық құтқарушылар тобын Төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды.
Еске сала кетейік, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.
Жасыратыны жоқ, өткен жылы елімізде орын алған «Қаңтар оқиғасы» көптің есінде. Осындай алмағайып уақытта ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың ара жігін айырып, қазақ даласындағы тыныштықты бұзғысы келетіндер халықты алдына салып, отқа итеріп жатқанын да айтуымыз қажет. Мысықтілеулес жалған ұлтшылдар, халықтың жағдайын ойлағансып, ал шынтуайтында өзінің құйтырқы іс-әрекетін жүзеге асыруды көздеп, жұртты көтеріліске үндеп, митингіге шығуға үгіттеп жүргенін де көз көріп, құлақ естіп отыр. Дегенменде, біздің ел сын сағатта сүрінбей, керсінше пендешіліктен бауырмалдылықты биік қоятынымызды тағы да дәлелдеп, көрсетіп берді.
Ауызбіршілік алға сүйрейді. Құранда Алла Тағала: «Әрбір қиыншылықтың артынан міндетті түрде жеңілдік береміз» дейді. Иә, көршілес Түркия елінде орын алған жағдай кім-кімге оңай тимегені анық. Бірақ төтеннен келген ауыр соққыны текті халық маңдайға жазылған сынақ деп қабылдап, жалпы ел бойынша көмек көрсетілуде.
Сұлушаш МАДИЯРОВА