Ауру астан болмасын
Бабаларымыз «ауру астан» деп әлдеқашан айтқан. Тамағын талғамай татпаған қазақ сары жайлауда сары қымызын сапырып, қатығы мен ірімшігін жасап, құрт қайнатып, май шайқап, өмірлік қуат көзін табиғаттың өзінен алды.
Уақыт ағымына сай бұл дәстүр келмеске кетті демесек те, жұрттың бәрінде бірдей табиғи тамақтарды тұтыну мүмкіндігі жоқ. Бүгінгі дамыған технологиялар заманында адамзаттың өмір сүру салты мүлде басқа арнаға бұрылды. Әлемдік зерттеу бойынша 65 жасқа дейін өлім құшқандардың 12 проценті қатаң диета, шамадан тыс тамақтану, зиянды тағамдарды жиі тұтынудан туындаған аурулардың салдарынан көз жұмғандар. Қимыл-қозғалыс күрт азайып, артық калория, ағзаға дұрыс сіңбеген тамақ семіздікке шалдыққандардың санын арттырған. Ғалымдар артық салмақтың 98 проценті тамақтан, тек 2 проценті ғана эндокринология мен жүйке жүйесіне байланысты екенін, адам бойындағы 4 келі артық салмақ өмір сүру мерзімін бір жылға қысқартатынын дәлелдеп отыр. Ең өкініштісі, семіздікке ұшырағандардың басым бөлігі кәмелет жасына толмаған жеткіншектер. Ресми мәлімет бойынша, әлемде 170 миллион баланың салмағы 100 келіден артық. Мамандар бұл кесел адам ағзасына зиянды қаныққан май қышқылдарының, әртүрлі дәмдеуіштер мен трансмайлардың ошағы саналатын фастфуд өнімдерін, түрлі газды сусындарды шамадан тыс тұтынудың салдары екенін айтады.

Сонау 1921 жылы пайда болғаннан бері жылдам әзірленетін тағамдардың дәурені жүріп тұрғаны рас. Иә, ең алғаш Канзаста дайындалған фаст фуд қазір біздің елімізде, тіпті ауданда күн өткен сайын көбейіп келеді. Кенттегі донер, пицца дайындайтын орталықтарды санасаңыз саусағыңыз жетпейді. Арнайы орталық болмағанның өзінде кез келген асхананың ас мәзірінде фаст фуд ойып тұрып орын алады.
Әдеттегідей, ең алғаш ғаламтор желісін ақтардық. Ол жерден фаст фудтың шыққан тарихы мен денсаулыққа әсерін қиналмай-ақ табуға болатыны рас. Бірақ, адам ағзасына тигізер зиянын көріп сенуге жүрегіміз дауаламады. Интернет иіріміне иланбай, Шиелі аудандық емханасына жол тарттық. Сан сауалымызға емхана дәрігері Гүлмира Сейтқалиқызы жауап берді.
– Адам ағзасы үшін тамақтану өте маңызды. Бұл жерде жәй ғана тамақтану емес, дұрыс ауқаттану қажет. Құрамында майы аз, ақуызы, дәрумендері көп асты тұтынған абзал. Ал, фаст фуд жөнінде айтар болсақ, бұл тек денсаулықты нашарлататын ас. Оның құрамында майдың мөлшері көп және ет, шұжық сияқты тағамдар асқазанға ауырлық туғызады. Бұдан бөлек қаншама соустары бар. Жалпы фаст фуд өнімдерін пайдаланғанда асқазан, өт, ішек жолдары зардап шегеді.Сонымен бірге, жүрек аурулары, қан қысымы, қант диабеті болуы мүмкін. Фаст фудтан келетін кеселдің бірі – семіздік. Қазір артық салмақты арқалап жүрген жандар біздің ауданда да кездеседі. Олардың көбісі көмек сұрап келгенде біз ең бірінші дұрыс тамақтану режимін жасап береміз. Бұрын тамақтану пирамидасы деп атайтын едік, қазір «қазақтың жаңа табағы» дейміз, өйткені, тек фаст фуд қана емес майлы тағамдар, газды сусындар, қуырылған семіз ет, чипсы, темекі де ағзаға зиян. Сонымен бірге, мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге алдын ала кеңес жүргізіп, дұрыс тамақтану салтымен таныстырамыз. Бұны көбінесе аймақтық дәрігерлер атқарады. Халық арасында фаст фудты айына бір яки анда-санда жесе ештеңе қылмайды деген сөз бар. Бұл фаст фудтан бас тартқысы келмеген адамның сылтауы ғана. Фаст фудты жеудің белгілі бір мөлшері жоқ, оны мүлдем тұтынбаған жөн.
Жеңіл астың зияны туралы қазір медицина мамандары ғана емес тағамтану орталықтары, диетологтар да дабыл қағуда. Тіпті, өзге елдер фаст фудпен күресуді бастап кеткен. Мәселен, Франция халыққа «Slow Food» деген дұрыс тамақтану үлгісін ұсынса, Швейцария фаст фуд сататын барлық дүкендерді жаптырып тастаған. Бұл шешімге шала бүлінген жұртты донерден қоңыз шықты, бургердің етін тышқан тістеп тастаған деп алдаусыратты. Сонымен бірге атақты аспаз Джейми Оливер «MsDonalds» гамбургерінің етін тек итке беруге жарайды деген уәж айтып халықты дүр сілкіндірген еді. Атышулы оқиға ақыр аяғында сотта қаралып, аспаз жеңіске жеткен болатын. Мұндай уәждерден бөлек фаст фудтың құрамына есірткі тектес қоспа қосылатындығы айтылып жүр. Бұл ғылыми тілде глутамат деп аталады. Міне, фаст фудты бір жеген соң қайта-қайта құмартып тұратындығының себебі осы. Ал, майды ауыстырмастан бірнеше мәрте қуыратын фри картошкалары адамды рак ауруына ұшыратуы ықтимал.
Сайып келгенде әр адамның денсаулығы өз қолында. Ақпараттың кең заманында ес тоқтатқан әр азамат пайдалы ас пен зиянды тағамның аражігін өзі-ақ ажыратып алар. Негізгі мәселе – әлі де оң-солын тани қоймаған жеткіншектерді фастфуд өнімдерінен ата-ана мен мектеп, барша қоғам болып арашалау. Өйткені бүгінде қазақстандық оқушы балалардың 13 проценті күніне бір рет болса да фастфуд тағамдарымен қоректенеді. Осылай жалғаса берер болса, ұлт денсаулығына өлшеусіз зиян келетінін бағамдай беріңіз.
Г.ӘБДІХАНИ