ҰЯТ – ҰЯДАН БАСТАЛАДЫ
Бала күнімізде әке-шешеміз «біреудің затын рұқсатсыз алма, кісінің ала жібін аттама, ұят болады» деген сөзді жиі қайталайтын. Айтып қана қоймай, мүлтіксіз орындалуын мұқият қадағалап отыратын.
Ал совхоздың бір тышқақ лағы өлсе, шопан байғұс соның есебін қайтып шығарамын, себебін қайтып дәлелдеймін деп әбігерге түсетінін әдеби шығармалардан оқып білдік. Сол кездері қамбадан бір қап астық ұрланса, ауыл адамдары аяғынан тік тұратын. Кінәлі табылып, ол жазасын алғанша, ауыл тұрғындарының ішкені ірің, жегені желім болар еді. Бұл – ел ішіндегі ар-ұят өлшемінің биік көрінісі. Осы жағдай беріге дейін қалыптасқан үрдіс болды.
Ал совхоздың бір тышқақ лағы өлсе, шопан байғұс соның есебін қайтып шығарамын, себебін қайтып дәлелдеймін деп әбігерге түсетінін әдеби шығармалардан оқып білдік. Сол кездері қамбадан бір қап астық ұрланса, ауыл адамдары аяғынан тік тұратын. Кінәлі табылып, ол жазасын алғанша, ауыл тұрғындарының ішкені ірің, жегені желім болар еді. Бұл – ел ішіндегі ар-ұят өлшемінің биік көрінісі. Осы жағдай беріге дейін қалыптасқан үрдіс болды.
Тек тоқсаныншы жылдары өмірімізге дендеп енген нарықтық қоғам ел ішіне еркіндік әкеліп, жұрттың белсенділігін оятты. Оның елге ұтымды тұсы шаш етектен болғанымен, зияны да жоқ емес еді. Себебі нарықпен бірге қулық-сұмдық пен «бармақ басты, көз қыстылық» та енді. Имандылық, ибалылық дейтін құндылықтарға көлеңке түсе бастады. Мұның барлығы соңғы 30 жыл төңірегінде сан мәрте айтылып, сан мәрте жазылып келе жатқан жағдай. Олай болса, осы жараның аузын неге қайта тырнап отырмыз деген сауал туады.
Елдің есінде шығар, сол тоқсаныншы жылдары бір шенді қазынаға қол салып, шетелге қашқанда ел іші дүр ете қалатын. Кейін жұрттың бұған да еті үйреніп кетті. Қазір түйені түгімен, вагонды жүгімен ұрлайтындар ресми қағаздарда тіркелгенімен, елдің елең етуі екіталай. Мұны айтып отырған себебіміз, сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар алдыңғы жылдарға қарағанда биыл екі есеге көбейген. Агенттік төрағасының айтуынша, биылдың өзінде елде 1300-ден аса сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 800-ден астам лауазымды тұлғаның жемқорлығы әшкереленген. Осыдан он шақты жыл бұрын лауазымды қызмет иесінің қарамағында жұмыс істейтін кісі әлдеқандай қылмыстық іске қатысы болса, кінәлі тұлғамен қоса сол мекеменің басшысы да қызметімен қош айтысатын талап болатын. Бұл көптің көңілінен де шыққан еді. Артынан бұл үрдіс көлеңкеленіп кетті.
Енді бұған қарсы қандай шараларды қолға алған жөн? Жемқорлықты жүгендеу тек құқық қорғау органдарының атқаратын жұмысы емес, оған қарсы бүкіл ел болып күрес жүргізу қажет дегенді жиі айтамыз. Бірақ, нәтиже жоғарыдағыдай. Сыбайлас жемқорлықпен күрес ежелден бұқаралық ақпарат құралдарының да елеулі міндеттерінің бірі болып келгені рас. Отандық басылымдар бұл бағытта шамасы жеткенінше жұмыс атқарып-ақ жатыр. Дабыл қағып, кемшілікті сын садағына алады. Бірақ, газет сынынан кейін жағдай өзгеріпті деген ілуде-біреу ғана айтылады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі БАҚ қоғамдық пікір қалыптастырушының рөлінде ғана танылып отыр. Егер БАҚ-тың пәрменін арттырамыз десек, жаңадан дайындалып жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына жарияланған әрбір сын мақала үшін тиісті мекемелер мен құзыретті органдар жауап беретіндігі жөнінде бап енгізілгені жөн. Бұл – бүгінгі күннің талап етіп отырған ақиқаты. Егер мұны билік басындағылар ұтымды пайдалана білсе, одан ұтылмас еді. Қазір Әділетті Қазақстан құрамыз деп білек сыбанып жүрміз. «Бала тәрбиесі – бесіктен» демекші, әділетті қоғам бір күнде құрыла қоймайтыны анық. Оған жоғарыда сөз еткеніміздей, бүкіл халықтың үлесі қажет. Алдымен «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсілді көпшіліктің көкейіне ұялатсақ игі. Себебі ұят – ұядан бастау алады.
Гүлхан ЯХИЯ