Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЙЕЛДЕН ӘДЕП КЕТПЕСІН

ӘЙЕЛДЕН ӘДЕП КЕТПЕСІН

Байқасам, қазір өзін «Ханым» жариялап, елге ақыл үйретіп жүрген қыз-келіншектер көбейді. Сол ханым атына қандай әйел лайық? Меніңше нағыз ханым – төрт құбыласы тең жан. Мәселен, өмір шеңбері деген терминді естіп жүрген шығарсыздар? Осы өмір шеңберінің барлық сферасында үйлесім тапқан әйел – нағыз ханым. Тағдырына ренжулі, бай-баланың көңілін таппаған, жақынына жақпаған досты қадірлемеген, қызмет иә бизнесте белгілі дәрежеге жетпеген барды үлгертіп, жоқты білдіртпеген әйел азаматшалардың өзін ханым атап, жұртқа ақыл айтатынына қынжыласың кейде. Сосын, бәрінде бір ценарий ғой шіркін: кедей болған, бәрі оны кеміткен, енесінен теперіш көрген, күйеуінен таяқ жеген, құрбылары менсінбеген, бизнесте аузы күйген. Бүкіл әлемге ренжулі кекшіл Ханым сонда жұртқа жөні түзу не үйретеді? Әлгі коучтеріміздің «жақсыны көрген адам жақсы айтады, іші негативке толы адам тек жамандық көреді» дегендері қайда қалды? Ал, сол тренингтедің бірін жібермеуді әдетке айналдырған қыз-келіншектерді қайтесің? Неғылған «созылмалы дерт» бұл деймін-ау. Шипасы жоқ?! Әрине, оқып-білгеннің артығы жоқ. Бірақ бұл пайдалы білім бе? Кімнен не үйреніп жүрмін деп назар аударасыз ба?
Иә, бұл бірнеше күндерден бері желіде пікір болып жатқан белгілі журналист Гүлназ Әлімгерейдің жеке инста парақшасына қалдырған жазбасы. Оны әр-түрлі пабликтер өздеріне көшіріп, жұртшылықтың назарын әп-сәтте өзіне аударып, аз күннің ішінде қоғамның пікірі екіге бөлінді. Бірі тележүргізішуінің пікірімнен келісіп, оған қолдау білдірсе, енді бірі мұндай сөздердің бекершілік екендігін айтып, пікір алаңын қарама-қайшы сөздермен толықтырды. Сірә, бұл пост өзін Ханым санайтын бикештерге жақпай қалған секілді. Байыппен байқайтын болсақ, расымен инста әлемде Ханымдар көбейген. Желіде «Ұлбала ханым, Қаламқас ханым, Құралай ханым, Жұлдыз ханым, Мөлдір ханым» секілді есіммен танымал әйел заты көбейген. Бірі мотиватор, бірі таргетолог, бірі психолог, бірі Смм маманы, менеджер, сторисмейкер әйтеуір. Мұндай ханымдардың инста әлемде кем дегенде 200 мың оқырманы бар. Арғысы милионнан асып жығылады. Олар не істейді, немен айналысады дейсіз ғой? Олар ештеңе істемейді десек әбестік, бірдеңені қарық қылады десек, артық болар. Әуелі солар жайлы аз-кем біліп көрелік. Ол үшін инстаграм желісіндегі «Ж» есімді мотиватор ханымды мысалға алайық. Бұл әйел өз оқырмандарына ақыл үйретеді. Яғни, ақыл сатады. Оның желіде 500 мың оқырманы бар. Инстаграмның да, ютуб арнаның да қыр-сырын жақсы меңгерген. Табысты қалай оңай, әрі тез табу керектігін де біледі. Сол үшін қазіргі таңда кем дегенде 2 милионан аса табыс тауып отыр. Мұрны қанап, жұмыс істемейді. Жәй үйде отырып ақша табады. Бір қарағанда, оған шын қызығасың. Астыңда қымбат көлігің, зәулім үйің болғаны жақсы емес пе? Алайда, мұндай байлық оған қандай еңбек термен келді деген ой ішіңде қылаң ете қалады. Арғысын ақтарып көрейік...
«Байдың асын байғұс қызғанады» демеңіздер, біреудің тапқан табысында шаруамыз жоқ. Мәселе оның табысты қандай жолмен тапқандығында. Жоғарыда атап өткен «Ж» есімді әйел екі күйеуден ажырасқан екен. Бұл жайлы ол өз парақшасына жариялаған. Өзі мотиватор. Ақысын төлесең, ақыл айтып береді. Оны ауылдың келіндері жақсы танып біледі. Ақылынан ауыз тиіп, әрі қандай дүние үйрететінін білмек болып, біз де үш күндік ақылы сабағына жазылып көрдік. Сонымен, құны 10 мың теңге тұратын сабақтың ақысын төледік. Үш күндік сабағы арнайы сайттың жабық акаунтында өтті. Әлгі әйел әңгімесін «Ассалаумағалейкум, уа рахматулахи уа барактух» деп бастады. Іштей, дін жолына бет бұрған иманды жан шығар деп ойладық. Тікелей эфирде бір сағат отырып алып не үйретті дейсіз ғой? Сабақта «әйел затының өзін жақсы көруі, күйеудің алдында қалай әдемі жүру, түрлену, ауыл әйелдерінің оттың басы ошақтың қасында жүрудің дұрыс емес екендігі, жыныстық сауаттылық» секілді біршама ақпарат берді. Сабаққа тұрмыс құрмаған жас қыздар да қатысты. Оларға жыныстық әңгіме не керек десеңші... Екінші күні әлгі мотиватор ханым, тікелей эфирде айтқан бір оқырманының сынына шыдай алмай, жұрттың көзінше боқтап жіберді. Абырой айрандай төгілгені былай тұрсын, оны мотиватор деуге өзіміз ұялып кеттік. Сөйтіп үш күндік курстан өкінішке қарай ештеңе іліп ала алмадық. Тек қана ауыл келіндеріне, үйдің шаруасын істей бермей, өзіңе көңіл бөл дегеннен басқа ештеңе ұққан жоқпыз. Үй шаруасы істелмесе, отбасындағы әйелдің қандай рөлі, маңызы қалды. Әйел сол үй шаруасымен, инабаттылығымен сүйкімді емес пе? Хош. Ажырасқан әйелдің мотивациясын тыңдадық. Тағдырын сөкпейміз. Мына дүниеде күйеуінен ажырап, жетістікке жетіп, жақсы жолда жүрген небір әйелдер бар. Сондықтан, жарық дүниеге келген Құдайдың әр пендесі өмір сүруге құқылы. Бірақ, әрбір әйел біреуге бірдеңе үйретпес бұрын алдымен «өзгеге керек не бере аламын?» деп ойлануы керек. Өз өмірі дұрыс емес жан расымен өзгеге жарытып не үйретеді. Біздің қоғамдағы әйелдер осы мәселені жақсылап ойланса, жақсы болар еді. Әрбір әйелдің бай, білімді болғаны жақсы. Бірақ білімді кімнен үйреніп, табысты қалай, қандай жолмен табуды жақсылап ойланса дейміз. Саралау керек...
29 қараша 2022 ж. 174 0