Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыламаған балаға ештеңе жоқ

Жыламаған балаға ештеңе жоқ

...Жыламайды емеспіз ғой, жылағымыз келеді. Бірақ іштей жылаймыз. Бұл күндері жылағанды қойып еңіреп жібергісі келіп жүргендер де жетіп артылады. Соларды көріп шүкіршілік етеміз, сабыр сақтаймыз. Сол шүкіршілік, төзімділіктердің өзі мықтылық емес, керісінше әлсіздік, көнбістік екенін де түсінеміз. Дегенмен мойындағымыз келмейді. Бұл – рас.
Кентау қаласында тұратын Сақтапберген деген бір құрдасымыз бар. Тіршілігі тым қызық – самарқау, маңғаз, іш пыстырардай тым бияз. Дүниені топан су алып бара жатса да басын жай ғана бұрып «Әй, бұл не болды өзі?» деп жүре беретіндей жан. Асып-саспайтын жайбасар болса да, анығында бұл досымыз нағыз төзімсіз адам. Сабырлы-ақ шығар, бірақ көнбіс емес. Ұстамды-ақ шығар, бірақ момын емес. Осы мінезінің арқасында Сахаңның Кентау қаласынан келер әр сапарын асыға күтеміз. Өйткені қазіргі жұрттың жартысына жуығын «қорасына» жинаған «қан қасымы» деген дертпен есепте тұратын Сақтап досымыз бос келмейді. Дорбасына салып қорап-қорап «давление» дәрілерін ала келеді. Энап, стопресе, кардиоприл, карлон, индиапамид, кантаб, тағысын тағылар.
Бізге осы дерт жабысып, есепте тұрғанымызға талай жыл болды. Бір қызығы, Сахаңның ай сайын алатынын біз жыл сайын аламыз. Біз деп көпшеленіп отырғаным – бірге жатып, бірге тұрып, бірге ауыратын әйелім, ол да гипортаник. Екеуміздің сарыла күтіп, таусыла тілейтініміз сол бір-ақ түйіршік дәрілер дәріханаларда да бар ғой. Әйел байғұс «Тиесіліні алуымыз керек» деп, қыста көк шөпті күткен ақ тоқтыдай болады. Ал алдық. Оны алудың да жүйесі бір бөлек әңгіме. Ауыл ауруханасына қысыла, қинала барып, көше дәрігерінің алдында құда бола келгендей жасқана сөйлеп, бір жапырақ қағаз сұраймыз. Қолымызға қағаз тисе болды Шиеліге күн сайын шапқылап әлгі дәрілерді алудың бар амалын жасаймыз. Жақаевтың ауылындағы жағдай осындай.
Ал Кентауда әр айдың басында немесе аяғында Сақтапберген досымызға хабар жіберіп, шақырып құтыларын құшақтатып жібереді екен. Ау неге бұлай? Кентау мен Шиелі екеуі екі бөлек ел ме? Әр қайсысының бөлек-бөлек зауыт, фабрика, фармацевтикасы бар ма?
– Сәке, сен өзі сол жердің «Құрметті азаматы» немесе депутаты емессің бе? Қалай абыройлы болып жүрсің?, – деп таң қаламыз, біз.
– Е, жоға. Ешкім де емеспін. Жай ғана есепте тұратын науқаспын. Өзіме тиесіліні аламын, – дейді ол.
Ал біз кімбіз сонда?!
Біз – жыламайтын, сұрай алмайтын шыдамды жандар екенбіз. Көрші қаланың тұрғыны Сақтапбергеннің жуастығы әлсіздігі емес, қайта мінезінің байлығы болып шықты. Ауырса – аянкестенбей «Жедел жәрдем» шақырады. Келмесе немесе кешіксе – ашу шақырып оптықпай, асықпай майдалап-ақ кердеңдегісі келгендердің екі аяғын бір етікке тығып, талап етеді екен. Заңды, тиесілі дәрілерін солай алады. Жүйелі түрде алып отырғасын өзіне де жетеді біз сияқты «шүкіршілік» етіп ауызындағысынан айырылып отырған көнбістерге де артылады. Сондықтан қалтаға салып алып келеді. Біздің де дәрі толы қалталар бар шығар. Бірақ олар қайда жүр екен? Қалай сұрасақ екен? Қайтіп жыласақ екен?
«Талап ете білу керек» дейтін Сәкен де кешігіп жатыр. Қашан келер екен?

Мақсұт Әбдімомынов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Ы.Жақаев ауылының тұрғыны
18 қараша 2022 ж. 271 0