Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕНЖЕ БАЛА ОТАНҒА ИЕ

КЕНЖЕ БАЛА ОТАНҒА ИЕ

Күздің екінші айында орталап қалдық. Таңертең жұмысқа келе жатқанымда, жанары жерге түскен қазақтың қара шалын көзім шалып қалды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, уақыттың қатал тезі тоздырғанымен, бір кезде екі иығына екі кісі мінгендей атпал азамат болғандығы көрініп-ақ тұр. Сол азамат бүгінде тағдырдың салған жүгін көтере алмай, еңкіш тартқан, еңсесі төмен түскен. Еңсесі ғана емес, рухы да сынған. Саусағының ұштары тынымсыз дірілдейді. Әлде жүйке, әлде сары уайымның салдары. Жүзіндегі айғыз-айғыз әжімін көріп, әңгімеге тартуды жөн көрдім.
Сәлем беріп, халін сұрадым. Бар айтары тәубә. Несі тәубә, қай жетістікке тәубә дегенін ұғына қоймадым. Асарын асап, жасарын жасап, кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда жер басып тірі жүрген асқар тау әкеге қарамай кеткен, балаларының бұл ғұмырда тірі болғанына тәубе деді ме? Түсінбедім. Сол кезде ойыма қазақтың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан кенже бала дәстүрі оралған. Кенже бала дәстүрінің, қасиетті ұғымның ойсырағанын ба, әйтеуір бүгін қарттар үйін мекен қылған қарттар аз емес. Сонымен кенже бала дегеніміз кім?
Кенже бала – отбасының ең кішісі. Ықылым заманнан бері шаңыраққа ие болып қалу, ата-ананы бағу осы кенже баланың маңдайына жазылған парызы мен қарызы саналады. Бүгінгі күні осы дәстүрдің пышақпен кескендей сап тыйылуы орны толмас өкінішке ұрындырып отыр. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Тіпті, айтуға ұят. Қазақтың бір әке-шеше он баланы асырай алады. Ал он бала жиналып ата-ананы асырай алмайды дегені рас сөз. Кей-кейде ойлайсың, сонда ата-аналар жанын жалдап, еңбек етіп, осы балаларды не үшін өсірді? Күнді түнге, түнді күнге ұластырып, табаны тастан таймаған тарланбоз тәрізді уақытпен санаспай еңбек етіп, әр қайсысын киіндіріп, ішіндіріп, өресі жеткенше тәлім-тәрбие беріп, оқытып-тоқытқан еңбегінің өтеуі осы болып па? Ілкі заманда кенже ұл ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай өте қымбат бала болатын. Өйткені, ол осы қара шаңырақтың мұрагері және нақ иесі. Сол есептен де ата-ана оған үлкен жауапкершілік артып, өзінің ақыл-кеңесін айрықша ілтипатпен беруге тырысатын. Өзге баладан гөрі кенже баланы көбірек еркелететін. Әрине, отбасының үлкен балалары да ата-анасына көмек берулері керек. Бірақ негізгі салмақ кенже баланың мойнында.
Бір шаңырақ, бір әулет былай тұрып, бұл дәстүрдің тұтас ауылға қатысы бар. Айталық, әр шаңырақта кенже бала қалып, шаңыраққа ие болып, түтін түтетіп отырса, сол шаңырақтан әлденеше бала өрбімес пе еді. Бала болса, шағын ауылдардың түп қазығы болып отырған мектеп те жабылмайды. Елде бас көтерер азаматтар ұйысып, қауымдасып еңбек етсе, тіршіліктің тынысы тарылмайтындығы ақиқат. Демек, кенже бала ғұрпы әулеттің ғана тағдыры емес, тұтас ауылдың, елдің тағдырына әсер етеді екен. Бұл күнде кенже баланы туған жердің топырағынан табан аудартқан бір есептен, жаппай жұмыссыздықтың салқыны. Егер ауылда жұмыс болып, ай сайын тұрақты жалақысын алып отырса, кенже балалар ата-анасына қамқор болып, әлпештеп бағып, аялап күтіп шаңырағында отырмас па еді. Кенже балалардың өсіп жетілген ұясын тастап, үдере көшуі шаңырақтың ғана емес, ауылдың да қабырғасын қаусатып кетті.
Бәрін айт та, бірін айт. Қазақтың кенже бала ғұрпы, несін айтамыз, тамаша дәстүр еді ғой. Бір есептен менің ойымша әке шын мәнінде өзінің болмыс-бітімімен, бойындағы барлық қасиеттерімен әке болуға тиісті. Сол биіктен көрінсең ғана өзгені былай қойғанда, өз үйіңдегі бала-шағаға беделді боласың. Кенже баланың қара шаңырақтан ат құйрығын үзіп кетуінің тағы бір себебі, келін мен ененің арасындағы қарым-қатынас. Оның да себеп-салдары біздіңше тым әріде жатыр. Бағзы замандағыдай әр шаңырақтан әлденеше баланың өрбуі сирек көрініс. Қазір қалалық жерді былай қойып, ауылдың өзінде бір-екі баламен ғана шектеледі. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жұтаңдығынан.
Қазақтың қазақтығын танытатын да, қазақты ел қылатын да осы ата дәстүріміз. Шаңырақтың кенже келінін ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың адамдары қалтқысыз сыйлап, құрмет көрсетеді. Кенже келін де өз кезегінде сыйластыққа сызат түсермеуге тиісті. Кенже келіннің қолынан ет жақын ағайын-туысты былай қойғанда, көрші-қолаң, ауыл-аймақ ас ішеді. Адамдардың арасындағы қарым-қатынасты, алыс-берісті реттеп, барлық іс-әрекетке ұйытқы болып отыратын да кенже бала мен кенже келін. Демек, жиырма бірінші ғасырда болашаққа қалт-құлт етіп бара жатқан қараша ауылдарымыздың шаңырағы ортасына түспеуі үшін, перзенттеріне жарық дүние сыйлап, өмір дейтұғын ғажайып сыйды ұсынған ата-аналар ботасынан айырылған Аруанадай боздап қалмауы үшін қазақ қоғамына кенже бала дәстүрі ауадай қажет екен. Ал енді соны қалпына қалай келтіреміз? Әңгіменің бар түйіні осында.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
17 қазан 2022 ж. 353 0