ЖАНКЕНТТІ ЖЫЛАНДАР ЖОЙҒАН БА?
Тіл ұшына орала кететін «Сыр Алаштың – Анасы» деген тіркес тектен текке айтылмаса керек-ті. Себебі түбі бір түркі жұртының тамыр жайған кең өлке қойнауына қаншама жәдігерлерді жасырып жатыр. Солардың бірі – оғыздарға отан болған Жанкент шаһары.
Жанкент дегенде ойымызға талай тарихи оқиғалар түседі. Бұл қалада күллі түркі жұртының данагөйі Қорқыт баба дүниеге келген. Және осы шаһарда ең алғаш рет шырғай ағашынан ойылып қыл қобыз жасалған. Сонымен қатар Жанкент деген кезде мұқым елдің есіне Бегім ана туралы аңыз-әпсана еске түседі. Қысқасы, бұл қала тарихтың бір үзік белгісі секілді. Үңіле берсең, кереметке кенеле бересің.Көне Жібек жолының бойында орналасып, атағы жер жарған, көргенге керемет, көрмеген арман болған көне шаһардың бүгіп жатқан сырлары көп-ақ. Талай тар замандарды, талқы кезеңдерді жан алысып, жан беріскен жаугершілікті бастан кешірген көптеген шаһарлар сырын бүккен күйі топырақ үйіндісіне айналып кетті емес пе? Кезінде астана атанған Жанкент қаласы да осындай жұмбақ қаланың бірі саналады. Бір кездері елді дүрліктіріп, үрейін қашырып, дүние есігін ашқан Қорқыт бабаның бала күнінде асыр салып ойнаған төмпешіктері бүгінде жел мен жауынға төтеп бере алмай, жермен жексен болуда.

Қорқыт туған кезінде,
Қара аспанды су алған
Қара жерді құм алған
Ол туғанда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған, – деп аңыз-әпсаналарда жырланған. Киелі бабамыздың кіндік қаны тамып, табаны тиген Жанкент шаһарының орны ерек. Ғалымдардың мәліметінше, Жанкент Ұлы Жібек жолының дәл бойында орналасқан. Сонымен қатар Мәуереннаһр жерін Еуропа, Иран және Қытаймен байланыстырып тұрған. Осыдан 1000 жыл бұрын Арал маңында ас тұзы өндірілген болса, Еуропалықтар асқа қосатын тұзды дәл осы Жанкент шаһарынан өздеріне жеткізіп алып отырған екен. Сонымен қатар бұл жерде сауда орталығы болғандығы да айтылады. Ауызба ауыз айтылған әңгімелерге сенсек, бұл жерде таңдай қағарлық кілемдер мен түс киіздер жасалған екен.
Жанкентте атақ даңқы әлемді дүркіреткен, қаһарланғанда мұқым елді алдында тізерлеткен небір даңқты патшалар өмір сүрген. Түрікмен тарихшысы Әбілғазы Баһадүрдің деректерінде, бұл шаһардың екінші атауы Янгикент деп кездеседі. Сонымен қатар VII-XIV ғасырлардың арасында осы шаһарда нағыз өркениет қайнап жатқан. Қалаға ең алғаш ХІХ ғасырдың соңына таман орыс археологы Петр Иванович Лерх қазба жұмыстарын жүргізіпті. Оның жазбаларына сүйенер болсақ, ол кезде Жанкенттің қамалдары сол күйінде сақталған екен. Тіпті кейбір архитектуралық ескерткіштер де бедерін жоғалтпаған. Жанкенттің көшелерінің іздері де болды деп жазады Лерх.
Көне шаһардағы қорғанның айналасы қышпен қоршалған. Оның қабырғасы 6 метрге жуық. Оңтүстік Батыс бөлігінде биік мұнара сақталған. Сонымен қатар мұнаралардың үстінен садақшылардың оқ ататын арнайы орындарын анық көруге болады. Бұл жерлерден қазба жұмыстары барысында арабша жазылған сауыттар, қабырғаға салынған суреттер, әшекей бұйымдар сияқты құнды дүниелер табылған. Қазба жұмыстары кезінде ерекше кезіккен дүниелердің қатарына көне шеберхананың орны жатады. Осы жерден глазурь қорытып жасайтын пеш қалдықтары шыққан.
Бүгінде археолог мамандар Жанкенттегі 200 метрге жуық аймақты ашып алған. Ол жердегі үйдің қабырғалары ашық аспан астындағы мұражайдың рөлін атқарып тұр. Сонымен қатар ол үйлердің ішінен керамикалық ыдыстар, көк және қызыл әйнектермен көмкерілген көне тақтайшалар табылған. Бұл маңнан араб ғарпімен жазылған батырлардың сауыттары да көптеп кездескен. Осы айтылғандар Жанкент тұрғындарының өмірі өркениетпен өрілген деген сөзді қуаттай түседі. Бұл жерде қол өнері де өз деңгейінде мықты дамыған. Қазба жұмыстары кезінде табылған керамикалық құмыралар сөзімізге дәйек бола алады. Бір айта кетерлігі, құмыралардың сапасы жақсы сақталған. Мұнымен қоса диірменнің тастары да табылған.
Оғыздарға отан болған мекен шамамен ХІV ғасырда өзінің тіршілігін тұралатқан. Яғни, Жанкенттің жантүршігерлік оқиғасына һәм тіршілігінің тоқтауына байланысты ел арасында аңыз-әпсана көп-ақ. Солардың бірі – Бегім ана хикаясы. Аңыздың айтуы бойынша есте жоқ ескі заманда Жанкент шаһарын Санжар атты хан билеген. Ал Санжардың дидарын күн шалмаған Бегім атты әйелі болған екен. Әйелінің әкесі алты алашқа аты мәшһүр әзім әулие Қара бура болған. Бір күні Санжар хан саятшылыққа шығып, сейіл құрады. Сол уақытта қолындағы құсының томағасын ордасында ұмыт қалдырғаны есіне түседі. Сөйтіп қасындағы бір құлды ордасына жұмсайды. Әлгі құл кесімді уақытынан кешігіп, ханның ызасын тудырады. Сөйтіп хан одан не үшін кешіккенін сұрағанда, әлгі құл Бегім анамыздың абыройына нұқсан келетін нәуетек сөздерді айтқан екен. Құлдың сөзіне құдайындай сенген Санжар хан Бегім ананың шашы мен сол қолын кесуге бұйырады. Бір сұмдықтың болғанын сезген Қара бура әулие осы жерге келіп жеткен. Сөйтіп ханның көзіне тура қарап, «Егер Бегім пәк болатын болса, шашы мен қолы қайта өсер. Ал егер сен әділетсіздік жасаған болсаң, қалаң қара жерге айналып, тұқымың тұздай құрып, жұртыңды жылан жұтсын» деп теріс батасын берген екен. Содан Жанкентті жылан жұтқан деген аңыз қалған.
Тарихқа есемізді жібермейтін ел боламыз десек, Жанкенттің тарихын зерттеп, зерделеуіміз қажет. Сонда ғана бір кезде керуен тиген түйелер мен атақты саудагерлердің табаны тиген Жанкенттің тарихы шартарапқа әйгілі болады. Көзі көргендер айтты емес пе, тарихта қазақ ұялатын еш нәрсе жоқ.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ