Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШІРІК-РАБАТ ШАҺАРЫ

ШІРІК-РАБАТ ШАҺАРЫ

Ұшқан құстың қанаты талатұғын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатұғын ұлан ғайыр қазақ даласының қойнауы қазына мен құпияға, аңыз бен әпсанаға толы. Қай қиырына барсаңыз да дәуірлердің үнін, қатпарланған қарт тарихтың жауһар жәдігерлерін кезіктіресіз. Тас дәуірін тасқа қашап, сақтардың салтын сақтап, ғұнның ғұрпын ұстанған бай халықтың рухани мұрасы мен қазынасы қобыздың қылындай қиялыңызды қытықтап, санаңызды сазды сарынға бөлейді. Өз кезегінде Алаштың анасы атанған Сыр өңірі төрт бірдей астананы төріне сыйдыра білгенін кешегі басылымда да жаздық. Солардың бірі – Шірік-Рабат шаһары.
Шірік-Рабат – салтанаты асқан, мейманасы тасқан шырайлы шаһар. Туған халқының өткеніне бей-жай қарамайтын әрбір қазақ үшін бұл қала өзінің тағлымды тарихымен, өрелі өркениетімен, сәнді сәулетімен бағалы. Бұл шаһар талай марқасқа хандармен, апайтөс батырлардың тұлпарының тұяғының дүбірінің тиюімен қастерлі. Сан ғасыр салтанат құрған сақ патшалары, тектілігімен талайды тәнті еткен Тұмар ханша, дархан даланың дидарында Дариды адастырған сан ғасырлы құпияға толы мекен бұл. Шаһарға бара қалсаңыз, сан ұрпақтың жалғасына куә болған жәдігерлерге жан бітіп, бір кездері аңқасы кеп Жаңадарияның асау толқынмен жарысып, жылдар тасасында жасырынып, елеусіз қалған бар сырын алдыңызға жайып салғандай күй кешесіз. Толстов өзінің ­«Хорезм экспедициясының ізімен» атты кітабында Шірік-Рабаттың ескі орны бұл жаңа дәуірге дейін бірінші мыңжылдықтың ортасында тұрғызылатын, шоғырландырма дуалдармен олардың жүйесімен қоршалған үлкен бекініс болып табылады. Оның ішінде дәуіріміздің І ғасырларынан бергі көне бекіністің тікбұрышты жобасы көрінеді деп сипаттайды. Бүгінгі күнде көне қаланы қоршаған ішкі қабырға қатты бұзылған. Тіпті қазіргі кезде оның биіктігі 3 қана метрді құрайды. Қабырғалардың ішінде жауынгерлердің галереясы орналасқан. Осы жерден садақшылар арнайы оқ тәрізді атыс ойықтар арқылы шабуылдаған жауға оғын дөп тигізген. Қаланың бекінісінің мықты салынғаны соншалықты оған жаудың қолы іс жүзінде жете алмаған.
Шірік-Рабат – рухани жәдігерлерге бай мекен. Бұл жердегі зерттеу жұмыстары 1946 жылдан басталған. Мұнда қаланың қамалы, сонымен қатар бекіністік үйлер, биіктігі 4,6,8 метрді құрайтын обалар мен қабірлер табылған. Бұл обаларда әскербасылар мен ақсүйектер жерленген деген болжам да бар. Бұл шаһардың өңірдегі стратегиялық маңызы зор болған. Ол Әмудария мен Сырдарияның аралығындағы керуен жолдарының түйіскен жерлерінде орналасқан. Және Бактрия мен Парфия, Қосөзен аңғарындағы мемлекеттермен, Мысырмен саяси және сауда-саттық байланыста болған деседі.
Жалпы Шірік-Рабат сөзінің этимологиялық мән-мағынасына тоқталатын болсақ, «Рабат» ұғымы энциклопедиялық сөздіктерде Орта Азия мен парсы мемлекеттеріндегі қол өнершілер мен саудагерлердің орталығы болған деген ұғымға саяды. Ал «Шірік» сөзі қазақ тілінде бұрыннан қолданыста бар сөз екені аян. Жалпы шіріген темірмен, шіріген ағаштың болатыны белгілі. Ал шіріген қаланың болуы көңілге күдік ұялатады. Осы тұста археолог мамандар мынадай бір қызықты мәліметтерді мәлімдейді. Егіншілікке етене жақын болған сақ тайпалары көктемде шаһардың орталығына Жаңадарияның арнасынан су тартқан. Сол уақытта ол арнаға томардан тоспа салған екен. Ал күзді күні су қайтқан кезде томар тоспа қара шіріндіге айналады. Содан барып шірік ұғымы пайда болған дейді.
Арал маңы сақтарының негізгі кәсібі – егіншілік. Көне шаһардың судың сағасында орналасқандығы да сондықтан. Алайда б.з.д ІІ ғасырда Жаңадария өзені тартылып, шаһар мәдениеті тұралай бастаған. Тек ІХ-ХІІІ ғасырларда кесесі кепкен Жаңадарияның ернеуі қайтадан суға толып, Шірік-Рабаттың мәдениеті қайтадан гүлденген. Орта ғасырларға тиесілі көне жәдігерлердің осы аймақтан табылуы осы біздің сөздің айқын дәлелі болса керек-ті.
«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Әлкей Марғұлан атындағы Археология инс­титуты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бірлесіп «Шірік-Рабат археологиялық экспедициясын» құрды. Жетекшісі – белгілі археолог Жолдасбек Құрманқұлов. Олар ескерткіштердегі әр кезеңді қамтитын бірнеше нысанға қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінде 30-ға жуық нысанда археологиялық зерттеулер жасалды. Олардың кейбірі толық зерттеліп бітсе, енді басқалары әлі қазылып жатыр. Шірік-Рабат қаласының елдің ордасы емес, үлкен қабірстан, яки пантеон болғанын да осы экспедиция мәлімдеп отыр. Ғасырлардың құпиясын қойнына бүккен Шірік-Рабаттың тарихи шындығы толықтай ашылған күні біздің болашақ айтарымыз да, береріміз де мол болмақ.

С.МАДИЯРОВА
29 қыркүйек 2022 ж. 428 0