Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегін елге арнаған академик

Еңбегін елге арнаған академик

Елдің дамуына үлес қоса жүріп туған ауылын түлетуге де атсалысқан азаматтар аз емес. Солардың бірі – ҚР Еңбек сіңірген құрылысшысы, ғалым, академик, танымал мемлекет қайраткері Беркімбай Пәрімбетұлы.
Ол – Ұлттық инженерлік академияның іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы, еліміздің құрылыс индустриясының мықты ұйымдастырушысы.
Беркімбай Пәрімбетұлы екі рет Қазақ КСР құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі болып, салаға бірталай өзгерістер енгізді. Оның басшылығымен елімізде 20-дан астам кәсіпорын іске қосылды. Білікті басшының жүргізген саясаты мен адал еңбегінің арқасында еліміз өзін негізгі және жаңа құрылыс материалдарымен қамтамасыз ете бас­тады. Сондай-ақ ол Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігінің басшысы қызметін атқарып, республиканы КСРО Үкіметіне таныта білді.
Беркімбай Пәрімбетұлы уақыт тапшылығына қарамастан, әрдайым өзінің негізгі қызметін ғылыми ізденістермен ұштастырып отырды. Оның жетекшілігімен 20 ғылым кандидаты және 4 ғылым докторы ­дайындалды. 20 жылдан астам уақыт Бүкілодақтық «Строительные материалы» журналының редакция алқасының мүшесі болып, әлемдік сәулет құрылыс ғылымының дамуына зор үлес қосты.
Есімі тарихта алтын әріптермен жазылған тұлғаның көзін көріп, дидарласқан жандар Беркімбай Пәрімбетұлын үлкен құрмет, сағынышпен еске алады. Солардың бірі – Алғабас ауылы, бұрынғы Ленин атындағы колхозды ұзақ жылдар басқарған Әзімхан Исмаилов. Ол: «Ол елін жақсы көретін. Оның көркейгенін, сәнді болғанын қалайтын. Сол кезде біздің Ленин атындағы колхозға Қоқаннан, Тартоғайдан көшіп келушілер көп болды. Оның үстіне тұрғылықты колхозшылар да үйлер тұрғызды. Солардың үй соғуына Шымкенттен колхоздың цемент, шифер, т.б. құрылыс материалдарын алуға Беркімбай тікелей көмек берді. Ол өте қарапайым да кішіпейіл еді. Кез келген адамға жәрдем етуге дайын тұратын. Біздің аудан орталығындағы қайта соғылып жатқан мәдениет үйінің залындағы жарықшам (люстра) бір кезде өте кішкентай әрі сұрықсыз еді. Соны тәуіріне ауыстыруға тура келіп, таныстар арқылы Шымкенттен, Қарағандыдан іздедік, тәуірі табылмады. Содан соң Беркімбай інімізбен телефон арқылы хабарластық. Ол хабарын ертең айтамын деді. Ертеңіне өзі маған телефон арқылы табылғанын айтты. Ол люстра Югославиядан әкелініп, тығулы жатыр екен. Оны сол кездегі біздің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Роза Байсақалова барып, көлікпен әкелді. Мұндай қызметтерін айта беруге болады. Біз республикада көрнекті жұмыс атқарған Беркімбай Пәрімбетұлы інімізді мақтаныш етеміз. Ол нағыз азамат еді. Қазақтың әр азаматы осындай болса кәне?» деп еске алған екен.
Б.Пәрімбетұлының еңбек жолының шарықтау шегі деп 1965-1985 жылдары аралығындағы жиырма жылды ерекше атар едік. Өйткені ол алғаш рет 1965 жылы 36 жасында құрылыс материалдары өнеркәсібінің министрі қызметіне тағайындалады. Беркімбай сол кездегі ең жас министр болатын. Бірақ ол жаспын демеді. Елдегі осы саланы дамытудың негізін салушысы әрі көшбасшысы бола білді. Бұған дейін Қазақстанда құрылыс материалын өндіретін кәсіпорындардың саны өте аз, ескірген және қуаты нашар болып, қарқынды құрылыс жұмыстарын жүргізуге шамасы жетпейтін.
Оның басшылығымен республикада бұрын қолданыста болмаған құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары іске қосылды. Олар сол кездегі Целиноград қаласындағы жұқа керамика, Павлодардағы жұмсақ кровли, Қарағандыдағы пластмасса мен линолеумнен жасалған құрылыс бұйымдарын жасайтын зауыттар еді. Осындай құрылыста пайдаланатын жаңа қаптама материалдардың арқасында Қазақстанның барлық қалаларының бейнесі ажарланып, көрікті қалалар саны көбейді. Құрылыс материалдарын шығарудан Қазақстан Кеңес одағы бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға тоқтады.
Беркімбай Пәрімбетұлының 1979 жылы «Өнеркәсіптің минералды қалдықтарынан алынатын құрылыс материалдары» деген монографиялық еңбегі жарық көрді. Ал 1981 жылы осы жинақталған еңбектерінің негізінде докторлық диссертациясын қорғап, техника ғылымының докторы атанды.
1984 жылдан өмірінің соңғы жылдарына дейін өзінің жеке бастамасымен құрған «Оргтехсторой» акционерлік қоғамын басқарды.
Бүгінде туған ауылы Алғабастағы мектеп ғалымның есімімен аталады. Бұл туралы Айжамал Әбдіхамитқызы:
– Көп жылдар бойы аудандық білім саласында еңбек еткен Жағыпбар Зермұхамедов бір күні мені кабинетіне шақыртып алды. Әңгімесін «Беркімбай ағаңды білесің бе?» деп бастап, ол кісі кім болғанын, қаншалықты еңбегінің барын айта келіп, кіндік қаны тамған Алғабас ауылындағы мектептің атын алуға лайық екенін айтып, қажетті құжаттарды жинауды тапсырды. Бұл маған артылған зор сенім екенін түсіндім. Тапсырма да, сенім де зая кетпеді. Көп ұзамай-ақ телефоннан «Рақмет саған, комиссиядан еш кідіріссіз өтті» деген Жағыпбар ағайдың қуанышында шек болмады. 2005 жылдың 25 мамырында мектептің маңдайшасына Беркімбай Пәрімбетұлының аты алтын әріппен жазылып ілінді, – деп еске алады.
Одан бөлек Қызылорда қаласының бір көшесі және Алматыдағы «Таугүл-3» шағын ауданындағы бір көше Беркімбай Пәрімбетовтың атында.
Беркімбай Пәрімбетұлы – артына жарық із қалдырып аққан жұлдыз. Ол – еліміздің өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген, құрылыс саласының дамуына жол ашқан, талай шәкіртке жөн сілтеп, жол көрсеткен есімі естен кетпес ұлы тұлға.

Г.ЯХИЯ
28 қыркүйек 2022 ж. 343 0