Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – заман талабы

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – заман талабы

Алғашында көпшіліктің күмәні мен күдігіне арқау болған МӘМС жүйесі бүгінде мәжбүрлік емес, қажетті төлемге айналды. Себебі осы жүйе арқылы азаматтар жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 78-ден астам түрін ала алады.
Мәселен, биыл өңірде жүйенің көмегімен 29 түрлі жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілген. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша қазіргі таңда МӘМС жүйесі арқылы ашық жүрекке жасалатын оталар, жүрек, бауыр, бүйрек трансплантациясы, ми ісіктеріне арналған нейрохирургиялық және басқа да күрделі ауруларды емдеу шаралары төленеді. Басты шарт жоғарғы технологиялық медициналық қызметтерді алатын азаматтың МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болуы керек. Жалпы жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алу үшін шешімді арнайы комиссия қабылдайды. Егер оң шешім қабылданған жағдайда аталған қызметке жолдама бере отырып, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркейді. Жолдама келіп түскен сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде қаралады және науқасты стационарға емдеуге жатқызу күні белгіленеді.
– Өздеріңізге белгілі МӘМС қорына жиналған қаражат біздің мемлекеттік банктегі арнайы есепшоттарда сақтаулы және олар тек қана медициналық қызметтерді қаржыландыруға жұмсалады. Біздің өңірге келетін болсақ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету үшін көпбейінді облыстық ауруханамен келісім-шарт жасасқан. Нәтижесінде 2022 жылдың бірінші жарты жылында 200,17 млн теңге сомасындағы 29 жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетілді. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде құны 8 млн 14 мың теңге болатын 1 қызмет көрсетілсе, МӘМС жүйесінде 192,3 млн теңге сомасында 28 медициналық қызмет көрсетілген, – деді филиал директоры.
Дегенмен былтырғы жылдың алғашқы 6 айында 293,7 млн теңге сомасында 48 түрлі жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілсе, биыл 6 ай ішінде оның көлемі 53 процентке төмендеген. Бұны филиал директоры мынадай жағдайлармен байланыстырады.
– Көріп отырғанымыздай оталардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53 процентке төмендеді. Оның әртүрлі себептері бар. Біріншіден, жоғары технологиялық қызметтің санатында болған күрделі операциялар, оталар бірте-бірте тізімнен шығарылып, оның орнына стационарлық мамандандырылған көмектің шеңберіне кіріп жатады. Ол тоқтаусыз жүріп жатқан қозғалыс. Соның нәтижесінде жоғары технологиялық қызметтердің жалпы түрлерінің саны азаюы мүмкін. Екіншіден, әр жарты жылдықта оталар түрлі мезгілдерде жүргізіледі. Көбіне жаз-күз айларында. Себебі, ота күрделі болғандықтан оған дайындалуға бірнеше ай қажет болуы мүмкін, – дейді Бақыт Исмаханбетов.
Ал Шиелі ауданына келер болсақ, қазіргі таңда халықтың 85,1 проценті, яғни 78 мың 750 адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тіркелген. Олардың басым көпшілігі Шиелі кенті мен Бидайкөл, Ы.Жақаев, Сұлутөбе ауылдық округінің тұрғындары.
Жалпы алғанда биыл облыста қор тарапынан жоғарғы технологиялық медициналық қызмет көрсетуге 562,9 млн теңге қарастырылған. Өткен жылы бұл мақсатқа 539,3 млн теңге қарастырылғанын ескерсек, қаржыландыру көлемі 4 процентке өскенін байқаймыз. Дегенмен қажет болған жағдайда комиссия шешімімен қосымша қаражат бөлу жолдары да қарастырылған.

Рамазан ӘНӘПИЯ
18 тамыз 2022 ж. 321 0