Емші әлде дәрігер: Кімге жүгінесіз?
Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті редакциясының кент орталығына қоныс аударғанына біршама уақыт өтті. Содан болар мекен-жайдан жаңылысқан адамдар жиі бас сұғады. Бірақ соңғы күндері «Қытайдан келген емші осында отырады ма?» деген сауалмен келген адамның қарасы қалыңдап кетті. Бажайлап қарасақ жанымыздағы көрші ғимаратта расыменде емші сырқат адамдарды қабылдап жатқан көрінеді. Таңнан қара кешке дейін ұзын-сонар кезекте тұрған адамды көріп таңданбасқа болмады. Медицина дамыған тұста емші жағалағандардың көптігі неде?..
Емші әлде дәрігер. Сіз кімге жүгінер едіңіз? Екеуі де елге етене таныс. Екеуі де күнде естіп жүрген сөз. Екеуі де адам емдеуді мақсат етеді. Қызығы, бір-біріне кейде кереғар, кейде үндес. Біреуі өмірлік тәжірибе, яғни, халықтың білгені мен түйгенін бағамдаудан туындаған емдеу шарасына жүгінсе, екіншісі – ғылыми ізденістің нәтижесі. Қазақ халқы емшілікті ежелден меңгеріпті. Өмір көрген әрбір қарияның жиі кездесетін сырқат түрлерін емдеуден хабары барын білеміз. Біз тамақ, бас, іш ауруын кез келген қарт адамның емдей алатынын көріп өстік. Тәуіптік пен медицинаның ұқсастығы, айырмашылығы жайлы мақала жазуда біраз ізденуге, емшілермен, дәрігерлермен тілдесуге тура келді. Медицинаның мәнін ашуға тырыстық. Ғылымына бойлап көрдік. Қоғамда медицинадан қалыспай келе жатқан емшіліктің де ақ-қарасын ажыратуға күш салдық. Сонымен...
Емші әлде дәрігер. Сіз кімге жүгінер едіңіз? Екеуі де елге етене таныс. Екеуі де күнде естіп жүрген сөз. Екеуі де адам емдеуді мақсат етеді. Қызығы, бір-біріне кейде кереғар, кейде үндес. Біреуі өмірлік тәжірибе, яғни, халықтың білгені мен түйгенін бағамдаудан туындаған емдеу шарасына жүгінсе, екіншісі – ғылыми ізденістің нәтижесі. Қазақ халқы емшілікті ежелден меңгеріпті. Өмір көрген әрбір қарияның жиі кездесетін сырқат түрлерін емдеуден хабары барын білеміз. Біз тамақ, бас, іш ауруын кез келген қарт адамның емдей алатынын көріп өстік. Тәуіптік пен медицинаның ұқсастығы, айырмашылығы жайлы мақала жазуда біраз ізденуге, емшілермен, дәрігерлермен тілдесуге тура келді. Медицинаның мәнін ашуға тырыстық. Ғылымына бойлап көрдік. Қоғамда медицинадан қалыспай келе жатқан емшіліктің де ақ-қарасын ажыратуға күш салдық. Сонымен...
Нәзігүл Төлеуқазы 1974 жылы Қытайдың Шинь Жань қаласында дүниеге келген қандастарымыздың бірі екен. Шанхай қаласындағы «Шанхай» дәрігерлік университетін тәмәмдаған ол Қытай мемлекеттік ауруханасында жұмыс істейді. Зейнетке шыққан соң, Қазақстанға келіп, дәрігерлік жолын жалғауды қалаған Нәзігүл 2018 жылы алғаш рет Алматы қаласында үйінен адамдарды емдеуге кіріседі.
– Қазақстанға келгенде қатты толқыдым. Бірақ адамдардың жүздері жылы. Алматы қаласына келген соң рецензия алып, тамыр ұстау арқылы диагноз қою, емдеу ісіне кірістім. Барлығы да заңды түрде. Негізгі білімім жалпы мдициналық дәрігер. Еңбек өтілім де бар. Келген науқастардың сырқатын дөп басып, ем-домым нәтиже берген соң, адамдар да жиі келе бастады. Соның ішінде Шиелі ауданының тұрғындары көп болды. Олардың өтінішімен 2021 жылы Шиеліге келіп, 1 ай науқастарды қабылдаған болатынмын. Биыл тағы да шақырту болып, 4 айдан бері науқастарды емдеудемін. Маған қан қысымы, бауыр, бүйрек, өкпе, гайморить сынды ауру түрлерімен ауырған жандар көп келуде. Оларды арнайы әзірленген шөп дәрілермен емдеймін, – дейді емші.
Қытайдан келген емшімен тілдескеннен соң, науқастардың да пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік. Ортақшыл ауылынан келген Б.Мешітбаева «Сырқатым дендеп, төсек тартып жатып қалғаныма 8 жыл уақыт болды. Осы уақыт арасында түрлі аурухананың есігін қақтым. Мықты дәрігердің бәріне де барып көрдім. Бірақ еш өзгеріс болмады. Сенімім сөне бастағанда балаларым «Қытайдан бір емші келіпті, барып көріңізші» деп қиылған соң келгенмін. Шүкір ем қабылдағаныма 1 апта болды. Басында балаларым көтеріп алып келген еді, енді міне көріп тұрсың өз аяғыммен жүріп келдім» деп жымиды. Осы сарынды бірнеше пікірді тыңдаған соң, емшінің көмекші медбикесі шиелілік Фариза Жауынгерованы сөзге тарттық.
– Мен бастапқыда медбике қажет деген хабарландыру бойынша келгенмін. Негізі №6 қалалық емхананың патронажды қызмет көрсету орталығында жұмыс істегенмін. Тәжірибем бар. Нәзігүл дәрігер өте білікті маман. Келген емделушілерден ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Жүре алмай келген жандар аяққа тұрып, алғыс жаудырып кетуде. Мен де білімімді жетілдіріп, Астана қаласындағы «Шығыс» медицина орталығынан «игло-терапия» курсы бойынша сертификат алып келдім, – дейді.Емші Нәзігүл Төлеуқазымен тілдесіп, ем-домын көзбен көріп, сертификаттарымен танысқан соң, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Б.Мұсағалиевамен әңгіме өрбіткен болатынбыз.
– Бүгін қоғам жаңашылдыққа бейімделіп келеді. Медицина да күн сайын даму үстінде. Бірақ, әлі күнге емші жағалап жүріп, ауруын асқындырып алатындар көп. Әсіресе қатерлі ісікпен ауыратын адамдар бірден дәрігерге жүгінсе дейміз. Себебі, оларды қазіргі дамыған медициналық құрылғылар құтқарып қалуға қауқарлы. Сонымен қатар балалардың туа бітті ауруы болады. Оны да қазақылыққа салып, емшіге алып баруға әуеспіз. Соның салдарынан кейін науқас адам зардап шегеді. Аудан тұрғындары ең алдымен емшіге жүгінген күннің өзінде олардың рецензиясы бар-жоғын сұрамайды. Белгісіз бір емшінің ем-домына сеніп, басқа мүшесін зақымдап алуы мүмкін екенін ойламайды. Емші адам денсаулығына кепілдік бере алмайды, ал медицинада дәрігер жауапты болады, – дейді бас дәрігердің орынбасары.
Бүгінгі медицина ғалымдары сенім мен илану сырқаттың сауығуына таптырмас дауа екенін дәлелдеуде. Олар сенім болмаған жерде ешқандай емнің жүрмейтінін айтып дабыл қағуда. Алайда қазіргі қоғамда медицина адамның жанын емдеуге, рухын көтеруге емес, көбіне тәніне дауа қондыруға тырысады деген пікірлер де айтып қалады.
– Бүгінгі дәрігерлер арасында алдына келген адамның жан дүниесіне үңіле қоймайтындар кездесіп жатады. «Ауруыңыз қашан басталды, қалай ауырады?» деген сұрақты қатқыл дауыспен қойып, дімкас жанның ойын жинақтатпайтыны, тіпті кейде тіксінтіп тастайтыны ащы да болса шындық. Кей адамның жаны нәзік келеді. «Ауруыңыз асқынып кетіпті» дегенді «Өлім аузында жатыр екенсің ғой» деп қабылдайтындар да бар. Сондықтан, медицина саласының қызметкерлері жан ауруына да үңіліп, өзіне деген сенімді қалыптастыруға тырысу керек. Қазақ «дәрігердің сөзі де ем» деп бекер айтпаған, – дейді медицина саласының ардагері З.Ибраева.
Түйін: Емші мен дәрігердің жұмысын сараптап, екеуімен де, науқастармен де тілдесе жүріп түйгеніміз бір дүние. Ол – сенім. Кез-келген емнің дауасы – сенімде. Айығуға деген үкілі үмітті оята білу де екен.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ