Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқ пен отқа оранып, қар жастанған

Оқ пен отқа оранып, қар жастанған

Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сұрапыл соғыс 1418 күнге созылып, қаншама адамның жанын қиды. Соғыс халыққа қасіреттен басқа не әкеледі? Кеңес одағы кезінде Отанымызды қорғаймыз деп қаншама боздақтарымыз майдан даласында опат болды. Ұлы Жеңіс деп 77 жылдан бері тойланып келе жатқан 9 мамыр күні қазір несімен қадірлі?
Украинадағы жағдайға байланысты тым саясиланып, миымызға сіңіп кеткен бұл «мерекені» енді еске алу, қайғымызды бөлісетін, сол соғыста мерт болған бауырларымыздың рухын асқақтатып, соғыс атаулыға лағынет айтатын, ұлттық ұстанымызды танытатын күнге айналдырсақ та артық болмас. Өйткені заман ағымына сай мына күн қуанышты күнен гөрі, көңілсіз, көңілге қайғы, мұң сыйлайтын, сұм соғысты тойлайтындай келеңсіздікке әкеліп тірегендей. Соғыстан әкесі, не баласы оралмаған отбасы үшін бұл қандай мереке? Шынында неменеге жетісіп шаттануы керек? Мына көне сурет сол соғыстан қалған естелік десек болғандай. Омырауына ІІІ дәрежелі “Данқ” орденін қадаған қазақ солдаты Қуандық Мұсатаев 1945 жылдың мамыр айынан 1947 жылдың ақпан айына дейін Германиядағы Кеңес әскерлерінің бас штабында қызмет етіп жүргенде түскен екен. Оны суреттің астына жазылған ... «Берлин. 7 ноябрь 1945 жыл» деген қолымен жазған жазуы да растап тұр.
Қ.Мұсатаев 1923 жылы 15 мамыр күні «Жиделіарық» ауылында туған. Екінші дүниежүзілік соғыс бүкіл әлемге орны толмас үлкен қайғы-қасірет алып келгені белгілі. Соғыстың қызған шағында 1942 жылдың мамыр айында Мұсатайдың жалғыз ұлы Қуандық та сұранып сұрапыл соғысқа аттанды. Кезінде жасын екі жасқа ұлғайтып комсомол қатарына өткен ауылдың пысық баласын намысы жаныған болар, Оренбург қаласында әскери жаттығудан өтіп, солдат формасын киіп, неміс фашистерінен Отанын қоғауға даяр тұрады. 1942 жылы қараша айында Москва түбіндегі Можайск-Ромск қаласының түбінде немістердің орталық әскери тобының штабын жоюға 29 гвардиялық шаңғышылар десанттық ботальонның 362 жауынгерін сомолетпен порошют арқылы осы аймаққа тастайды. Ұрыстың жойқын, немістердің басым болғаны сонша, екі күндік шайқаста осыншама солдаттан бес-ақ адам тірі қалады. Солардың бірі – оққағары бар қатардағы жауынгер Қуандық Мұсатаев болып шығады. Бес солдат 1942 жылдың қарашасынан 1943 жылдың ақпан айына дейін жау тылында талай ауыртпалықтарды бастан кешіп, біздің әскерлер қарсы шабуылға шыққан сәтте өз әскерімізге келіп қосылады. Олардың сатқындық жасамағаны, тұтқынға түспегендігі тексеріліп, керісінше, ерліктері аталып өтеді. Бұл Калинин майданында болған оқиға еді. 1943 жылы ақпан айынан бастап орталық фронт бірінші Белорусь майдандарында 75-гвардиялық миномент полкінің құрамында Курск шайқасына қатысып, асқан ерлік көрсеткен Қуандық Мұсатаев ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. Қазақстандық жауынгер Қуандық Мұқсатаев осы 75-гвардиялық минполктың гвардия солдаты ретінде Белорусияны, Польшаның Варшава қаласын азат етуге, 1945 жылы мамыр айында Берлинді алу шабуылына қатысады. Иә, айтуға оңай. Қазіргі етікпен саз кешіп, Еуропаның төріне жаяу барып қайтқан, қыдырып емес, ­жау­мен шайқасып, жеңіспен оралған көкелерімізді қалай мақтаныш тұтпасқа? Осы соғыста қаншама боздақтар жан алысып, жан берісті, қаншама отбасының асқақ арманы, үкілі үміті үзілді, шамы сөніп қалды, шаңырағы ортасына түсті. Осы соғыстың салдарынан қаншама ана жесір, бала жетім болды, қаншама жан жарынан, баласынан, бауырынан, әкесінен айырылды. Қайғы жұтып, қан құсты. Осы соғыста халықтың қаны судай ағып, көз жас­тары көл болып ақты. Біз соғыстан аман-есен оралған Қуандықтай ағаларымызды еске ала отырып, жеңіс күніне жете алмаған, елі, жері үшін майдан даласында қаза болған барлық боздақтардың рухына тағзым етеміз. Алла Тағаладан енді соғыс болмасын деп тілейміз. Келер ұрпаққа бақыт, қуаныш, бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлеріміздің есімі ел есінде мәңгі сақталады.
Қ.Мұсатаев соғыс аяқталған соң 1945-1947 жылдары аралығында Германиядағы Кеңес әскерлерінің бас штабында қызмет етіп, аман-есен елге оралды. 1948 жылы сүйіктісі Жұмакүл Омаршаевамен отау құрды. Екеуі бес ұл, төрт қыз көріп, тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырады. Әрқайсысы бір-бір шаңырақ иесі болғанын көзімен көріп, өзін өмірде бақытты әке санап кеткендердің бірі де осы Қуандық ағай болатын. Оның ұрпақтары қалай мақтанса да жарасады. Осы уақытқа дейін оқ пен отқа оранып қар жастанып, Ұлы отан соғысында асқан ерлік жасаған Қуандық Мұсатаевтың наградаларының өзі бас шайқарлық. Оның ерлігі үшін кеудесіне тағылған «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен І дәрежелі «Даңқ» ордені, 1944 жылы Шнайдемюль қаласын алғаны үшін Бас қолбасшы И.Сталиннің грамотасы, «Варшаваны азат еткені үшін», «1945 жылы Берлинді алғаны үшін» және «Фашисттік Германияны жеңгені үшін» медальдары, сондай-ақ 1946 жылы Германиядағы совет әскерінің бас қолбасшысы совет одағының маршалы Д.Соколовскийдің грамотасы бір жауынгерге жүк болар ерлік марапаты болса керек.
Бейбіт өмірдегі еңбек жолын Қ.Мұсатаев Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде 1947-1959 жзылдары учаскелік инспектор болудан бастайды. «Гигант», «Комунимзм», «Авангард», «Большевик», «1-Мамыр», «Төңкеріс» елді мекендерінде қоғамдық тәртіп сақшысы болды. Отбасы жағдайына орай қызметін ауыстырып, «Авангард» колхозы қой фермасына есепші болып, одан кейін ферма басшылығына тағайындалды. 1961 жылы «коммунизм» колхозына көшіп келіп, колхозда экономист, кадр бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. Қай жұмыста болсын іскерлігімен, еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен көзге түскен Қ.Мұсатаев замандасы, атақты күресші Социалистік еңбек ері Шырынкүл Қазанбаевамен қатар күріш звеносының жетекшісі болып, «Коммунизм» колхозында күріш егумен айналысады. Елге жасаған қажырлы еңбегі арқасында 1974 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1980 жылы «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталады. Сондай-ақ бейбіт өмірде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20,30,40,50 жылдық және КСРО қарулы күштеріне 60,70, жыл мерекелік медальдарымен наградталады. Қазақстан Респуликасы Президентінің Байрағына ие болады.
Қ.Мұсатаев отбасында өнегелі әке болып, ауылда шаруашылықтың түрлі саласында қызмет істеп, еңбек зейнетіне шығып, 1995 жылы өмірден озады. Қуандық Мұсатаев ағамыз Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Сол үшін де оларға бас иіп тағзым етеміз. Бізге, келешек ұрпаққа бақыт, бейбіт өмір сыйлаған, соғыс даласында опат болған, еліне аман-есен оралып қайтыс болған, қазір ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне шексіз ризашылығымызды айтамыз. Осының бәрі бізге соғыстың қайғысы мен қасіретін жеңістің, тәуелсіз егеменді, бейбіт өмірдің қадір-қасиетін ұғындырады. Елімізде бірде-бір майдангер, еңбек ардагері атаусыз, ескерусіз, елеусіз қалмауы керек. Соғыс және еңбек ардагері Қуандық Мұсатаевтың есімі, өмір жолы қандайда бір ұлықтауға, еске алуға, үндеп тұрғандай.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

06 мамыр 2022 ж. 416 0