ӘМЕҢГЕРЛІК ӘУЛЕТ ҚАЛАУЫ МА?
Қазақта «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деген тәмсіл бар. «Жесірін жатқа бермеу» де қазақтың өз тұқымының басқа елге кетпеуі, әрі ұрпағын өз жұртында қалдырудың, қан тазалығын сақтаудың бір жолы. Жетім мен жесір жыласа қамқорлығын аямайтын, ата-дәстүрді ұлықтаған ұлт екендігіміздің дәлелі осы.
Ертеде күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі әулеттің үлкендерінің ақылымен және өзінің таңдауымен жолдасының аға-інісінің біреуіне тұрмысқа шыққан. Бабаларымыз «Ерден кетсе де елден кетпек жоқ» деген нақылды ұстанған. Балалары туған-туыстан ажырап қалмасын, өз жұртынан жырақта болмасын деген ниеттен туындаған салт қазақ қоғамында бұрыннан бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туған-туысынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қиындық көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған. Ал жесірдің төркін жағы «қайта шапқан жау жаман, қайта келген қыз жаман» деп ырымдап, қайтып келуіне рұқсат етпеген. Күйеуі өліп, қарайтын адамы жоқ болып, қайтып келсе бетіне қара күйе жағып қойған. «Қара бет болу» деген осы салттан шыққан. Кейде некесіз бала туса да, бетіне күйе жаққан. Алайда сәбиді періште санап, тиіспеген.

Дін Ислам бойынша да әмеңгерлік жолмен әлдекімнің ағасы не інісі қайтыс болған жағдайда оның артта қалған жесірін бауыры некесіне алуына рұқсат етілген. Бастысы әйел кісі ең аз 4 ай, 10 күн иддәт мерзімін күткен болуы керек және әмеңгерлік некесі өзара ризашылықпен жүзеге асуы тиіс (әдеттегідей неке қиылады). Сонымен қатар, әйел кісі некесіне алушының зайыбының жақын туысы болмаған болмауы шарт. Мұсылманшылық неке шартында ешкім әйелінің үстіне оның (әйелінің) туған не нағашы яки немере әпке-сіңлісін некесіне ала алмайды. Құранда: «Екі қыз туысты бір некеде ұстауларың арам қылынды», — делінеді.
– Бұрын әмеңгерлік дәстүрі дұрыс шешім болса болған шығар. Ал қазір заман басқа. Бүгінде бұл дәстүрді көпшілік қабылдайды деп ойламаймын. Әсіресе, жастар жағы. Бұрынғыдай емес, жесір әйелге үкіметтен көмек бар. Сондай-ақ қазір әйел заты сауатты. Оқиды, білім алады. Өзі жұмыс істеп, бала-шағасын асырай алады. Күйеуінің отбасы мен балалары араласып, қарым-қатынасты үзбей, туысқандары қамқорлық көрсетсе болды. «Өмірден өткен жолдасының ағасы немесе інісімен қайта бас қосуды «жөнсіз» деп ойлаймын. Одан да әйелдер жаңа өмір бастап, күйеуінен қалған ұрпағын жетілдіргені дұрыс, – дейді Сара есімді кент тұрғыны.
Бұл айтуға оңай көрінгенімен іске асыру қиын нәрсе. Әмеңгерлік бабаларымыздың бағзы замандардағы тұрмысқа байланысты шығарған заңы. Әмеңгерліктің қазақ арасында кеңінен орын алғаны «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің інісі Сансызбайдың жеңгесін алып кетуі арқылы белгілі. Дегенмен, бұл құбылысқа әрдайым екі ұдай пікір болғаны байқалады. Несін жасырайық. Бүгінгі қоғам әмеңгерлікті қолдай бермейді. Тіпті, жұбайынан айырылған жесір әйелдер өз бетінше өмір сүргенді құп көретін сыңайлы. Есесіне, әкесіз жетімдер мен өгейдің қорлығын көргендер еселенуде. Әлеуметтік желіде күн сайын зорлық көрген бүлдіршін, қорлық көрген балалар жайлы ақпарат тарайды. Оның түбінде өгей әкенің қастандығы айтылады. Оның бір себебі әмеңгерлік кешегі тарихтың бір жұрнағы ғана болып, заман ағымынан жалғасын үзіп бара жатқанынан ба дерсіз...
Сымбат Сұлтан