Арал теңізін сақтап қалу – бүкіл адамзатқа ортақ мәселе
Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Алматы қаласындағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Кэролайн Сэвидж ханыммен онлайн форматта өткен тілдесуде айтты. Екіжақты әріптестік мәселелерін талқылады.
Америкалық тараптың бастамасымен өткен кездесу барысында аймақ басшысы өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту ісіне сенім білдіріп, алдағы бірлескен жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді. Әсіресе, экология саласындағы, оның ішінде Арал теңізінің құрғап жатқан табанына ағаш отырғызу мәселесіне тоқталды.«Өзіңіз білетіндей, біздің аймақ – экологиялық қиындықтары бар мекен. Арал теңізін сақтап қалу – бүкіл адамзатқа ортақ мәселе, және де оның бірден-бір жолы – құрғаған теңіз табанына ағаш көшеттерін отырғызу. Қазіргі таңда біз көрші Өзбекстан Республикасымен бірге тартылған теңіз табанына сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, USAID бағдарламасында аталған жұмыс бағыттары қарастырылғанын білеміз. Осы мәселені тағы да талқылап, тез арада қолға алу керек деп санаймын», – деді облыс әкімі.Өз кезегінде Кэролайн Сэвидж Қазақстанмен АҚШ арасындағы қарым-қатынас деңгейінің жоғары екенін бұл ретте әрбір өңірмен екіжақты тиімді байланыс орнату маңызды екенін алға тартып, бірлесіп жұмыс жасауға қызығушылық танытатынын тілге тиек етті. Айта кетейік, Сыр өңірінде Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу және қалпына келтіру мақсатында жыл сайын сексеуіл, сарсазан, тамариск секілді өсімдіктерді отырғызып, көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы аймақта 100 мың гектарға жуық жерге сексеуіл отырғызылса, жалпы есеппен бірнеше жылда көшет аймағы 1 млн. гектарға жеткізілмек.https://syrboyi.kz