Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен жастарға сенемін

Мен жастарға сенемін

Елімізде болған жағдай бәрімізді де ойландырып тастады.Оған кім кінәлі, кімдер жауапты екендіктерін тиісті орындар қарап, ара-жігін ажырата жатар. Бейбіт шеруге шыққандар да, тәртіп бұзғандар да, мемлекеттің дүние мүлкін қиратқандар да, осының салдарынан мерт болғандар да – жас­тар дегенді естудеміз. Балалықтан даналыққа өтіп жатқан жастар біздің қоғамның ертеңі болып табылатыны сөзсіз. Үйде отырған ата-ана балаларының, яғни ұл-қыздарының діни теріс ағымдарға ілесіп кетпеуін, бұзақы болмауын,­ шылым шегіп, алькоголдік ішімдіктер мен есірткіге әуестенбеуін қадағалап отыратыны белгілі. Олар уақытты босқа өткізгенше, пайдалы іс қылғандарын қалайтынымыз да рас. Еуропалық бір ғұлама, адамға қалай емес, не үшін өмір сүру керектігін ұқтыр. «Қалай сүру керектігін» өзі-ақ үйреніп алады деген екен. Осы қағиданы жастарымызға ұғындыра алдық па? Сұрақ көп. Әсіресе, кешегі өткен оқиғаларға байланысты не айтарымызды да білмей қалдық.
Жастарды жаппай кінәлай беруге де болмас. Олардың бойындағы отансүйгіштік, патриоттық, батылдық, өжеттік, қайсарлық сынды қанда бар қасиетті жасыра алмаймыз. Жасық жастар елімізді қалай қорғамақ? Шынына келсек, қазіргі жастарымыздың жағдайы мәз емес. Елімізде жастар мәселесі жетерлік. Біріншіден, ата-анасы мен бірге тұрып келген олар, есейген соң «Қайда тұрамын?» дейді. Бұл мәселе кез келген отбасының басында бар. Әсіресе, пәтер мәселесі, үйі жоқ жастардың күйіде болмайтыны анық. Екіншіден, жұмыссыздық, не істеймін? Ақшаны қайдан аламын? Ата-аналарының баласын жұмысқа орналастыруға қауқары жетпейді. Ақша болмаған соң,отбасына табыс көзі кірмейді. Көк тиыны жоқ жастар сергелдеңге түсіп, түрлі теріс жолдағыларға еріп кетеді. Қырық жасқа дейін үйленбей, тұрмыс құрмай жүрген ұл-қыздарымыз көбіне ақшаның жоқтығын, тұрмысының төмендігін, жұмысыздығын алға тартады. Барлығы деуден аулақпыз, бірақ көпшілігі осыған жүгінеді. Ал, жұмыс істеп жүргендері айлық жалақысының төмендігіне шағымданады. Отбасының қиыншылығына шыдамағандар көшеге шеруге шығуға даяр тұрады. Сондықтан еліміздегі жастардың жұмыссыздық мәселесі өзекті болып қала береді.
Статистика бойынша 19 млн халқымыздың 42 проценті жастар екен. Бұрынғы жастар кітап, газет-журнал оқыса, қазір компьютерге тәуелді болып алды. Компьютерлік ойындардан бас алмай, қайта жанғырудың орнына ой-саналары семіп қалғандай. Ештеңемен жұмыстары жоқ. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды», демекші ұл-қыздары мен немерелеріне айта-айта ата-әжелері де, әке-шешелері де шаршады.
Үшіншіден, жастар кешке қарай «Қайда демаламын?» деген мәселені естен шығармайды. Бұрынғыдай кинотеатр, драматеатр, жастар паркі, ойын-сауық орталығы, би алаңдары жоқ. Үлкен қалаларда болмаса. Осыдан барып жеткіншектеріміз жасөспірім кездерінен бастап нашақорлыққа, есірткіні ермек етуге, жезөкшелікке салынып, түрлі діни сектарларға кіріп, жастар арасында қылмыстың өршуіне жол береміз. Олар «Не істесемде өз еркім, сен менің құқыма неге қол сұғасың?» дейді. Содан үніміз өшеді.
Төртіншіден, балаларымыз «Қалай жоғары білім аламын?», «Қайда оқимын?» деген сауалды алға қояды. Ол мемлекеттік грантқа түсе ме, әлде, ақылы оқу орнына бара ма, оны бір Құдай біледі. Бүгінде жастардың мектеп бітіруінде, ҰБТ тапсыруда, университет пен колледждерге түсіп оқу да үлкен проблема. Бірақ, кеудесінде жаны бар қазақ қарызданып-қауғаланса да баласын жоғарғы оқу орнына түсірмей қоймайды. Көрпеге қарай көсіліп, колледжге түсіп, кәсіби білім алайын, ертерек әке-шешемді асырайын, үйлі-жайлы болайын, еліме, туған жеріме осылайша адал еңбек етейін дейтін жастардың да қарасы сиреп кетті. Бізге жоғарғы білім, мамандық мақтаныш үшін керек. Ол да дұрыс шығар, кейде күйіп-пісіп жатамыз. Күйгенінен болар, қазақтың бір туар көрнекті жазушы-драматургі Рақымжан ­Отарбаев «Көрген баққан» атты күнделігіне «кейде руыңды ғана емес, ұлтыңды да өзгертіп алғың келеді» деген жазу қалдырыпты. Ал, түсініп көр.
Бесіншіден, жастардың «Алға қойған мақсаты не болмақ?». Оқу орындарын бітірген соң қайда барады? Біреу ананы, енді бірі мынаны тәмәмдаған. Мамандығы бойынша тұрған жерінде жұмыс жоқ. Тағы проблема, тағы сабылыс. Мемлекеттік конкурс, тесттен өту сынды сынақтарға тап болады. Бағы жанғандар ғана өтіп, қалғаны жұмыссыз қала береді. Осылайша, арман мақсаты қызметінен күдер үзуге беттейді. Жоғары білімді маман жұмыссыздар тізіміне ілініп, қатар санын көбейтеді. Жастар емін-еркін жүріп тұрғысы келеді. Бірақ жоқшылық, қымбатшылық жұмыссыздық аяққа тұсау болған соң жүйкелері тозып, бастарына жақсылықтан гөрі жаманшылық ойлар орнап, қылмысқа барады, ұрлық жасайды, адам тонайды, бұзақылық жолға түседі. Есіріп тұрады, біреуге еріп кетуге даяр болады. Қоғамдағы әділетсіздікпен күресу сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, ар-ождан мен сөз бостандығын қорғау үшін білім ғана емес, жас­тарда қайраткерлік пен күрескерлік қасиеті болуы керек.
Қазақтың Алаш зиялылары бостандық, жері мен тілі үшін күрескен жоқ па? Тарихта Әлихан Бөкейхановтың «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», ­Ахмет Байтұрсынұлының «Мен қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын», Міржақып Дулатовтың «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұра ма? Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі болуға тиіс» деген сөздерін оқыдық. Қазақтың орта жүз биі болған Қазбек Би Келдібекұлы «Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман», ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», атақты Майқы бидің «Күшті ұлт болу үшін алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет» деген киелі, дуалы сөздерін көңілімізге тоқыдық. Өзіміздің классик жазушымыз, қара сөздің шебері Мұхтар Әуезов 1929 жылғы бір әдеби жазбасында қазақ поэзиясының атасы Абайды сүйетіндігін айта келіп, «бұдан соң Мағжанды (Жұмабаев) сүйемін. Оның Еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Мағжан культурасы зор ақын...» депті. Қазақ халқы үшін еңбек етіп, жанын пида қылған Мағжан Жұмабаев 1912 жылдарда-ақ өзі бір жанып тұрған жарық сияқты қазақ жас­тарына арнап «Мен жастарға сенемін» деп өлең жазды. Бүгінге дейн құндылығын жоймаған мәңгілік жырға айналған поэзия қазақ халқының аспанын шарлап жүргендей.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күшті қанатты .
Мен жастарға сенемін, – деп айта келіп,
Соңғы шумағын:
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға .
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін, – деп түйіндейді.
Сол зиялылардың ұлағатты, ғибратты сөздерін келістіріп, тәптіштеп жатқаным, оны бүгінгі жастарымыз оқысын, білсін, ойлансын, еріккендерге ермей, тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, мемлекетіміздің тұтастығын, еліміздің тыныштығын, халқымыздың амандығын сақтап, ешқашан жаңылыспау керек екендігін естеріне салу еді. Шиелі ауданының жастары туған жерлеріне адалдығын, ақылдылығын, үлкендерді, аудан басшыларын тыңдай, түсіне білетіндіктерін көрсете біледі. Бейбіт шеру бейбітшілік туын желбіретті. Аудан халқы соған қуанды.
– Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, ешбір дұшпан басынбаған еліміз, атадан ұл туса құл болсын деп тумайды, анадан қыз туса күң болсын деп тумайды, – деп, айбаты мен қайратын паш еткен екен. Бабамыздың бұл ерлігінде де ұрпаққа деген әдеп ғұрып, салт-дәстүрімізді уағыздайтын озық ойлы тәрбие жатыр. Жастарымыздың ой-санасын жаңғырту, қоғам дамуына ілестіру, жамандықтан бездіріп, жақсылыққа ұмтылдыру, баяғы үгіт насихатты үздіксіз, жүйелі жүргізу арқылы ұрпағымызды оятып, Егеменді еліміздің дамуы үшін қызмет етуге жұмылдыру баршамыздың парызымыз. Еліміздегі жастар проблемасы мемлекеттің де, үкіметтің де назарында болуы қазақ елінің гүлденуіне, экономикасының дамып, азаматтарына бай да ауқатты болуына апарар даңғыл жол деп ойлаймын. Ақсақалдардың тілегі де, ақ баталары да осыған саяды. Жастар – еліміздің болашағы екендігін ұмытпауымыз керек.

Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
25 қаңтар 2022 ж. 401 0