Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Айтқыштар не дейді?

Айтқыштар не дейді?

Қазір жұрттың ауызына қақпақ болу қиын. Айтқыштар «айтқышпын» деп, ойына не келсе, соны айта салады. Демократияға жетпесек те, өзімізді солай сезінеміз. Кейде «айтпасаң сөздің атасы өледі» дейтіндер сәл-пәл ақылға келіп, көңіліңді күпті етпейтіндей сыңай танытады. Әр заманда адамдардың құтын қашыратын, жақтырмайтын, тіпті естігісі келмейтін сөз тіркестері болады. Мысалға «Ашаршылық заманы», «қуғын-сүргін кездері», «Соғыс жылдары», «кредитке кірген күн», «азық-түліктер қымбаттады», «жұмыс қысқарды», «екі жас ажырасып кетті». т.б. Соңғы жылдары адамның бет-жүзіне, мансабына, қариялығына қарамай «құрметті азамат» болсаң қайтейін дейтіндер шығып, бүгінгі заманның жағымсыз күлкісіне айналдырып жібергендей. Қазір не көп, атақ көп. Соның бірі – осы «Құрметті азамат».
Бұл атақты алғандар тым-тырыс үндемейді. Алмағандар: кім көрінген алып жатқаны жасырын емес дейді. Оған не айтасыз? Аузыңызға құм құйылады. Анық-қанығын шешіп жіберетін сот емеспіз. Енді бірі келіп, маған сол атақты берсе де алмас едім, қадірі кетті, мәнісі болмай қалды деп, алда «Құрметті азамат» атағын алатындарға жандары ашып жүргендей көрінеді. Айтқан сөздерің рас десеңіз, табанда жексұрын болып шыға келесіз. Жоқ, олай емес деуге ар-ұятың, азаматтығың бармайды. Айтқыштар ақылды кісілер, қазақтың «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген даналық сөзін алдыңызға тартады.
Бұл атақ облыстық мәслихаттың шешімімен 2009 жылы бекітілген ереже бойынша беріліп келеді. Онда бірінші кезекте өнер адамдары, өнертапқыштар, ауданның экономикасы мен дамуына айрықша ерекше үлес қосқан азаматтар, елімізге пайдалы жаңалық ашқан танымал адамдар «Құрметті азамат» атағына еңбек еткен жерінен ұсынылады делінген. Егер осы атаққа лайықты азамат ұсынылып жатса, оған кім қарсы болады? Қазаққа тән қызғаныш деген қасиетіміз қозып кетпесе. Егер жылына жиырма адамға беретін болсақ, көп ұзамай Шиелі халқының жарытысы құрметті азаматқа айналары анық. Сондықтан, оның санын шектеген дұрыс секілді. Айтпақшы, облыстың «Құрметті азматы» атағы жылына үш-ақ адамға беріледі. Сондай-ақ, ауданның «Құрметті азаматы» атағын жылына елге белгілі, нағыз халық көңілінен шығатын, артынан жағымсыз сөз ермейтін, еңбегімен ерлік жасаған, ұлтжанды, ардақты, абыройлы, «Құрметті азамат» ­дегенде ұялып қалмайтындай бес азаматқа берілсе, айтқыштар да ырза болатын сияқты. Бұл атақтың ел арасында қадірі қашпауы тиіс. Құрметті деп ерекшеленген атақ иелері күлкі шақыратын күлдібадамға айналмауы керек. Халықтан ештеңе жасыруға болмайды. Халық айтса, қалт айтпайды. Абай дана атамыз «Арсыз болмай, атақ жоқ» деп неге айтты екен? Түсіндік, енді түсіндік. Тақтада ілулі тұрған атақтылардың кейбірінің түр-түсі түгілі атын білмейміз, «ауданға қандай ісімен танылды?», «Шиеліге қандай еңбек сіңірді?» деген сұрақтар шындық болып бетімізге басылады. «Айта берсін» деуге арың бармайды.
Бұл тақырып аудан көлемін кезіп жүр. Бұл атақты реті келсе, кім алғысы келмейді? Оған лайықтылар алсын, тілектеспіз. Құрметті адамға құрмет көрсету де қазақ халқының даналығы болса керек. Аз-кем ойымды ортаға салдым. Ешкім батыр болып тумайды. Бұл тағдыр. Алла тағала туғанда маңдайыңызға жазып қойған деп жататын тағдыр осы. Ол үшін әр азамат осы бастан елжандылығымен, адалдығымен аудан халқына аянбай қызмет етіп, небір жаңалықтар ашып, елді қайран қалдырып, өзгеге қайырымдылық жасап, жан-дүниеңіз иманды болып халыққа ұнай білсеңіз, келешек Шиелі ауданның «Құрметті азаматы» сіз атанбағанда, кім атанады? Билікке, біреулерге ренжудің еш қажетті жоқ. Өмір заңдылығы солай. Барлықтарыңыздың жолдарыңыз болсын!

Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
18 қаңтар 2022 ж. 540 0