Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашақ кілті – білімде

Болашақ кілті – білімде

Күн санап құбылған заман ағымы еңбек нарығына өз әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Бұған дейін адам қолымен атқарылған шаруаның көбі бүгінде басқару құрылғыларындағы бір тетіктің көмегімен шешіліп жатыр. Демек, ендігі жерде мамандыққа сай жұмыс табуда заманның ағымына қарай еңбек нарығының сұранысына бейімделетін сәт туды.
2025 жылға дейін Қазақстанда әлемдік беделі бар бес университеттің бөлімшесі ашылады. Екі оқу ордасы батыс өңірде бой көтереді. Сөйтіп елде техникалық мамандықтарға барынша көңіл бөлінеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ел Президенті білім саласын дамытуға жол ашатын бірқатар тапсырма берді. Қолжетімді әрі сапалы білім. Бұл – Мемлекет басшысы ұстанған басым бағыттардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға көзқарасты өзгертуге шақырды. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетіп, техникалық мамандыққа мән беретін кез келді. Инженерлер мен өнеркәсіп өкілдеріне басымдық беру керектігін айтты.
Ел өркендеуіне үлес қосу – әрбір азаматтың борышы десек, ерінбей еңбек ету де әрқайсымыз үшін маңызды. Жаһандану дәуірі жалқаулықты көтермейтінін естен шығармаған абзал. Оның үстіне, көрші елдер күн санап өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп жатқанда, жан-жағымызға жалтақтауға да уақыт жоқ. Жаңа техниканың тілін соңынан емес, бірінші меңгеріп, өзгелерге тамсанып емес, таңдай қақтырып жұмыс істеуге міндеттіміз. Бұл – жаһандану дәуіріндегі мемлекеттер үшін бас­ты талап.
Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстандағы басты проблемалардың бірі – техникалық мамандардың аз болуы. Қарапайым электриктер, слесарьлар, сантехниктер мамандары жоқтың қасы. Бүгінгі күні экономика маманға ділгір, орта кәсіптік білімді жұмыс күшіне зәру, техникалық кадрға мұқтаж. Осыдан келіп кадрлар дайындау жүйесін реформалау қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сонда ғана елдің экономикалық қуатын арттыруға болады. Бұлай дейтініміз, елде осы уақытқа дейін техникалық мамандар дайындауға қыруар күш те жұмсалды, қаржы да қарқынды бөлініп келді. Десе де нәтиже аз.
«Әттеген-айлар» көп
Нақты себептерге тоқталайық. Еліміздегі зауыт, кен орындары және ұлттық компания мен холднигтерге керекті мамандардың көбін шетелдіктер құрайды. Ал отандық инженер мамандарды жұмысқа қабылдаған күнде де шетелден оқығанын іздейді, болмаса қайта даярлаудан өткізу керек екенін айтады. Олай болса мемлекет техникалық салаға жеткілікті қаражат бөліп, көптеген грант тағайындап жатса да неге әлі күнге дейін сапалы техникалық мамандарға зәру болып отырмыз? Өзімізше ой жүгіртіп көрсек.
Ең алдымен ұлттық бірыңғай тестілеуден бастайық. ҰБТ жолға қойылған жылдардан бері журналистика, ән-би, актерлік секілді мамандықтарға шығармашылық, жасампаздық қабілетін сынап, емтихан алу жүйелі жолға қойылған. Ал сәулет-құрылыс инженері, техника, электроника секілді салалардағы инженерлік бағытқа тапсырған үміткерлерден сол мамандыққа бейімі, қызығушылығы бар-жоғы, тексеріліп, іріктелмейді де. Бұдан келіп, ҰБТ-дан «ұтып» шыққан, тек тегін оқуды, грантқа түсуді мақсат тұтқан, кездейсоқ жоғары бал алған, не бір техникалық мамандықтарға ебі де құлқы да жоқ үміткерлер топ-тобымен түседі. Содан ешбір ұмтылусыз, құлшынусыз-ақ жоғары оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алады. Сол үшін техникалық, әсіресе инженерлік мамандықтарға да талант, жасампаздық қасиет болу керек екенін естен шығармаған жөн-ау.
Одан соң көптеген жоғары оқу орындарында, тіпті ұлттық унверситеттерде де техникалық мамандықтарды оқытатын оқыту құралы, толыққанды жазылған оқулықтар да кемшін екенімен ешкім таласа қоймас. Білім ордаларында атауы керемет, заманға үйлескен мамандықтар ашылған. Ал ішіне барып танысып көрсеңіз, не лабораториялық жабдықтарын не оқулық таппауымыз әбден мүмкін. Әрине, бәрінде емес, аркідік мықты жүйесі қалыптасқан білім ордалары бар, бірақ аз. Техникалық мамандықтарды оқыту базасын толықтырмай қалай маман даярлауға болады?
Ал кейбір оқу ордаларында техникалық мамандарды дайындауда теориялық жақтан оқыту бар да, студенттерді практикалық жетілдіру жоқ. Университеттердің өндіріс, өнеркәсіп орындарымен, компаниялармен байланыс жасала бермейтінін үш деп қойыңыз. Осы тұста айта кетейік, өндіріс орындары да келешегін ойлап, өздіктерінен оқу орындарымен қарым-қатынасқа түсіп, студенттерді тәжірибеден өткізуге ыңғай білдіруі қиын. Есесіне жаңадан оқу орнын бітіріп келген студенттен тәжірибе, еңбек өтілін сұрап жұмысқа алмайды да, «маман жоқ!»деп жалпақ жаһанға жар салады. Кім кінәлі?
Сонымен қатар, мықты техникалық мамандықтарды игерген кадрды дайындау үшін де кадр керек. Яғни, техникалық саланың мамандарын дайындау үшін сол саланы толыққанды білетін, сапалы оқытушылар қажет. «Айғайлай, айғайлай қасқырдан да ұят болды» дегендей, айта-айта жауыр болған оқу орындарындағы жең ұшына жалғасқан жемқорлық, баға сату мәселелері тағы бар.
Бұл елдегі техникалық саланың сапалы маманға зәру болып отырғанының бірнеше себебі ғана. Үкімет білім саласына миллиардтап ақша бөліп, техникалық мамандықтар бойынша грантты көбейтсе болды мәселе шешіледі деу бекер. Сол бөлінген қомақты қаржы «құмға құйған судай» сапасыз мамандар дайындауға жұмысалып кетпеу үшін нақты шаралар керек-ақ. Әрине елдегі жоғары оқу орындарында студенттерге білім берілуде. Бірақ білім беру қызметі экономика сұранысы мен жұмыс берушінің талабына сәйкес келу керегін де естен шығармаған абзал.
Әлемге әйгілі оқу орындары
Мемлекет басшысы техникалық мамандар дайындайтын әлемдегі ең озық бес оқу орнының филиалы ашылатынын мәлімдеген соң өзімізше белді университеттердің рейтингіне көз жүгірттік. Мәселен АҚШ-тағы Калифорния технологиялық институты әлемдегі ең үздік техникалық маман даярлайтын университет ретінде танылды. Екінші орынды ұлыбританиялық Оксфорд пен америкалық Стэнфорд университеті иеленген. Алдыңғы ондықта сонымен бірге Гарвард, Кэмбридж, Массачусетс технологиялық университеті мен Чикаго университеттері де бар.
«Facebook-тың» негізін қалаған Марк Цукерберг Гарвард университетінің студенті болатын. Сол секілді әлемге әйгілі «Microsoft» компаниясының иесі Билл Гейтс, АҚШ Президенті болған Франклин Рузвельт, Джон Кеннеди де аталған оқу орнының түлектері. Ал Барак Обама, екі мәрте «Оскар» сыйлығын иеленген Иэн МакКеллен, Чарльз Дарвин, Исаак Ньютон секілді әлемге әйгілі тұлғалар Кембридж унивеситетінде білім алған. Міне, осындай есімін күллі әлем мойындаған тұлғалар шыққан оқу орындарының филиалы біздің елде ашылса қанекей! Ал, сізге мүмкіндік берілсе, шетелдегі қай университеттің өз еліңізде болғанын қалар едіңіз, құрметті оқырман?
Қалай болғанда да, алдағы 3 жылда Қазақстанда әлемдегі озық оқу орындары ашылмақ. Бұл білім алушыларға зор мүмкіндік. Енді қазақ баласының көбі шетел асып, білім іздеп, сабылмайтын болады. Халық та перзенті өзге елде қалып қояды деп қам жемейді. Десе де, «Судың да сұрауы бар» дейді дана қазақ. Ендігі кезекте жастарға сұранысқа сай келетін мамандықты меңгерудегі талаптың үдесінен шығудан аянып қалмаған жөн. Өзінің туған жері мен елін сүйетін, білімді де білікті, ұтқыр ойлы ұрпақ болу парыз.

Гүлхан ЯХИЯ
15 қаңтар 2022 ж. 558 0