Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұйықтап жатқанда аяқ тартылса...

Ұйықтап жатқанда аяқ тартылса...

Аяқ-қол тартылу – жиі кездесетін жайт. Әсіресе, түнде ұйқыда жатып аяқ тартылып қалатын кез көп болады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Соны қарастырып көрейік.

Аяқ тартылғанда, ауырсыну қатты болады. Ұйқыда жатып оянып кететініміз де содан. Орташа есеппен, аяқ 5 секундтай тартылады екен. Жас баланың да, тепсе темір үзетін соқталдай жігіттің де аяғы тартылады. Әсіресе, егде адамдардың аяғы жиі тартылады.

Аяқ тартылудың себебі – суық тиюден деп жатады. Бұл да себеп. Алайда негізгі себептерінің бірі – аяқтың бұлшық етіне оттегі жетпеуі. Содан адам ағзасында рефлекс іске қосылып, спазм пайда болады. Ал бұлшықетке оттегі жетуі үшін ұйқыға жатқан бөлменің іші қапырық, тыншу болмауы тиіс.

Табанға не тобыққа, тізеге ауыр күш түссе де, аяқ тартылуы мүмкін. Бұл, әсіресе, спортшыларға таныс симптом.

Алда-жалда аяқ тартылса, ауырсынуын басу үшін табанға не тобыққа массаж жасап жіберу керек. Қан айналымы жақсарады. Тырыспа кеткен соң, аяққа жылы нәрсе басыңыз немесе таңып тастауға болады.

Ауырсынуды басудың тағы бір амалы – аяқ тартылған кезде, башпайды ұстап, өзіңізге қарай тартыңыз. Сонда сіңірдің орны қалпына келеді.

Айта кетерлігі, ауырсынуды басуға арналған дәрілерді ішудің қажеті жоқ.

https://massaget.kz​​​
23 қыркүйек 2021 ж. 33 765 0