Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі-әкімшілік әділет құрылымы

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі-әкімшілік әділет құрылымы

Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диа­лог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарымыздың жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жататынын, олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтінін атап өткен болатын. Сондықтан, осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында Президент дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс келтірді.
Жолдауда қойылған міндеттерді орындау мақсатында 2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, аталған Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш қабылданып отырған жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Бұл Кодекспен реттелетін қатынастардың қатысушылары мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар және жеке, заңды тұлғалар болып табылады. Кодекс аясында іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтыны белгіленген. Әкімшілік рәсімдердің міндеттері-жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде азаматтардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету; жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу. Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу ӘРПК-нің 2-тарауында баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Аталған тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады.
Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді. Заңдылық қағидатына сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясының, ӘРПК-не және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады. Сот әкімшілік істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдардың, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.
Әкімшілік істерді қарауға уәкілеттік берілген соттардың конституциялық емес деп танылған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген шешімдерінің күші жойылуға жатады.
Әділдік қағидаты бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптылықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшем шарттарын негізге алып шешуге міндетті.
Құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау қағидатына сәйкес әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады. Мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде, жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе айқындалмаған тұлғалар тобының бұзылған немесе дау айтылатын заңды мүдделерін қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Прокурор осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтініш хаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтініш хаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік-рәсімдік процестік Кодексі азаматтардың құқығын қорғаумен қатар мемлекеттік орган мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы туындаған дауларда теңсіздікті жоюға бағытталған. Себебі әкімшілік рәсімдердің міндеттерінің бірі жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу болып табылады. Мұны Кодекстің дәлелдемелер және дәлелдеу бекітілген 19-тарауының мазмұнынан да байқауға болады. Кодекс талабына сәйкес дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығы талап қоюшыға емес, ауыртпалық түсіретін актіні қабылдаған органға, яғни жауапкерге жүктеледі. Сондай-ақ егер, әкімшілік процес­ке қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды, ал тараптар сотқа істің нақты мән-жайларын зерттеуге және дәлелдемелерді жинауға жәрдемдесуге міндетті.
Мұнан өзге мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері мемлекеттік органның құзыреті, өкілеттіктері, функциялары мен міндеттерін, мемлекеттiк органдарда қызметтiк құжаттардың қаралуы мен өтуiн, қызметтік құжаттардың орындалуын ішкі бақылау, Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру, осы қатынастардағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның құзыреті, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыретін жүзеге асыру тәртібін реттейді.

Ж.Сарбасова,
Шиелі аудандық сотының судьясы
14 мамыр 2021 ж. 934 0