Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА АРНАП АҚЫСЫЗ ИНТЕРНАТ АШҚЫЗҒАН...

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА АРНАП АҚЫСЫЗ ИНТЕРНАТ АШҚЫЗҒАН...

Қазақстанды 16 жыл басқарған (оның 8 жылында бірінші хатшы) Жұмабай Шаяхметов туралы не білеміз?

Пәтер жалдап тұратын студенттерге отын мен көмірді тегін бергізген, науқас студенттерге арнайы дәрігер бекітіп, дәрі-дәрмектер бөлгізген, Қазақстанды тұңғыш басқарған әділ қазақ Жұмабай Шафяхметов міне, осы азамат.
Өткен ғасырдың 50–55-жылдары дүние есігін ашқан біздің замандастар үшін Жұмабай Шаяхметовтің аты аңызға айналғаны даусыз еді. «Батыл екен, іскер азамат екен, халықтың қамын ойлаған… Мәскеуде болған жиындарда Сталиннің өзімен қатар отырады екен. Тіпті, онымен еркін сөйлеседі екен…» т.б. осы тақылеттес әңгімелерді жиі еститінбіз. Бұл сөздерді айтушылар мақтаныш сезіммен жеткізетін. Анық-қанығын саралап жатуға біздің ой-өрісіміз, өреміз жетпейтін, бірақ әлгі әңгімелерге шынымен иланатынбыз. Солардың ішінде мына бір күлкілісі есімді қалыпты…
Бірде Жұмабай Шаяхметов шақыртумен Мәскеуге, Кремльге барады. Әрине, Сталинге. Барса қабылдау бөлмесі лық толы. Бәрі шақыртумен келген.Көптің ішінде Никита Сергеевич Хрущев те бар екен. Жұмекең: «басыңның тазынан ұялып отырсың ба?», – деп Хрущевтің тақыр басынан бір сипап, әзілдеген қалпы ішке кіріп кеткен екен дейді.
Жұмабай Шаяхметов жастарға, әсіресе білім іздеп шалғайдағы ауылдардан келген қазақ жастарына көбірек көңіл бөлген көрінеді. Олардың жан-жақты білім алуына, оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілуіне, ең бастысы – денсаулықтарының мықты болуларына ерекше ден қойып, басты назарда ұстапты. Қазақ мемлекеттік медициналық институтының сол кездегі студенті, кейіннен медицина саласында түрлі басшы қызметтер атқарған профессор Есболған Тегісбаев мырзамен ілгеріде, бір орайы түскенде, әңгімелескен едік.

– Мен мединституттың фармацевтика факультетінде оқитынмын. Ал Жұмабай Шаяхметовтің ұлы Ноил (біз осылай айтатынбыз) емдеу факультетінде оқитын. Қызметке жас­тай араласқандықтан болар, мені еті тірі, ісіне мығым деп институттың студенттер кәсіподағының төрағалы­ғына сайлаған еді. Жұмыс көп болатын. Соғыстан қажыған халықтың әл-ауқаты, тұрмыс дәрежесі өте нашарды. Соның салдарынан түрлі ауру, әсіресе өкпе ауруы (туберкулез) етек алған. Студенттер де бұл аурудан ада емес еді. Бұл мәселені кәсіподақ жиналысында сан мәрте көтердік те, бірақ нәтиже шығара алмадық. Осы жағдайды Ноилға айттым. Ол әкесіне жеткізіпті. Бір күні Ноил мені үйіне шақырды.
«Үлкен кісіден ұят болар», – дедім мен. «Сол үлкен кісінің өзі шақырып отыр. Жүр үйге», – деді. Бардым. Бірінші хатшының үйі айнала күзет екен. Бізді Фурманов көшесі жағындағы қақпадан Шаяхметовтің бәйбішесінің өзі кіргізіп алды. Төргі бөлмеде үлкен кісі күтіп отыр екен. Амандық-саулықтан соң мән-жайды сұрады. Жағдайды түгел баяндадым. Сабырлы да салмақты кісі екен. Көп сұрақ қойып, қысылып отырған мені қинамады, негізгі-негізгі мәселелерді сұрап білді де: «Рақмет, шырағым. Енді ас бөлмеге бара ғой», – деді.Бөлмелері кең, бірақ көздің жауын алатын дүние-мүлік көрінбеді. Жұпыны әрі сәнді. Әрбір зат өз орнында тұр.
Арада шамалы күн өткенде ректордың алдында отыратын хатшы қыз аудиторияға іздеп келіп, лекцияда отырған мені өзімен ертіп ректорға апарды. Ректор Иван Сергеевич Корякин дайын отыр екен, мені көре сала киімін киіп, сыртқа шықты.
– Екеумізді министр шақырып жатыр, не бүлдірдің? – деді ежірейе қарап.
Иван Сергеевич, мен ештеңе бүлдіргенім жоқ. Бір шаруаға қажет болған шығармыз, – дедім де қойдым. Неге шақыртып отырғанын ішім сезіп тұрса да сыр бермедім.
Денсаулық сақтау министрі Сибағатулла Рысқалиұлы Қарынбаев еңгезердей кісі екен.
– Сен Орталық Комитетке қашан және не үшін бардың? – деді маған дүрсе қоя беріп.
– Барғаным жоқ,– дедім.
– Бармасаң студентердің қал-ахуалын, сенің аты-жөніңді бірінші хатшы қалай біледі? – деді.
– Үйінде болдым…
Үйінде!.. Қалай? Қашан?!
Екі бастық бір-біріне қарады.
– Иә, үйінде болдым. Өзі шақыртты. Баласымен жолдаспын, – дедім.
Сөйттім де, болған жағдайды айтып бердім. Министр дереу сабасына түсіп, студенттердің жағдайын, етек алып отырған ауру мәселесін тәптіштеп сұрай бастады. Білгенімді және ұсынысымды мен де айтып қалдым. Сибағатулла Қарынбаев алдындағы жаюлы қағаздарға үңіліп біраз отырды да:
– Иван Сергеевич, ректорлық қаржының бір пайызын студенттер кәсіподағына бөл. Мына төрағамен келісе отырып, ауру студенттердің тізімін ал да, маған жеткіз. Тұрмысы нашарлары да назардан тыс қалмасын. Оларды ауруханаларға орналастыру, емдету менің шаруам. Тапсырма сол. Бұл Орталық Комитеттің, оның бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің тапсырмасы, – деп бізді шығарып салды. Жауапкершілік ректорға жүктелгенімен, жүктің салмағы студенттер кәсіподағына түсті.
Күн-түн қатып жұмыс жүргіздік. Комитет мүшелерін іске қосып, өзім бас болып бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Қалалық партия ұйымдары да бұл жұмысқа атсалысты. Нәтижесінде жүздеген студент ауруханаларда емделіп, онан соң Алатаудың көрікті жеріне орналасқан «Каменское плато» санаторийінде демалды. Ауруханадан орын тимегендер өз пәтер-лерінде ем қабылдады. Оларға арнайы дәрігерлер мен дәрі-дәрмектер бөлінді. Пәтерде тұратын студенттерге отын, көмір тегін берілді.
– Есаға, сол тұстарда мұндай көмек өзге жоғары оқу орындарында оқитындарға жасалды ма?
– Әлбетте. Ауру жастарға, жалпы студенттерге көмек еліміздің барлық жерлерінде жасалды. Себебі, соғыстан кейін адам өлімі, әсіресе, сәбилердің шетінеуі бұрынғыдан 10–15 пайызға көбейіп кеткен-ді. Сондықтан да бұл нәубетке тосқауыл қоюды Орталық Комитет басты назарында ұстады.
– ЖенПИ-дің ашылуына да Шаяхметовтің ықпалы болды деген сөз бар ғой… Осы рас әңгіме ме?
– Жұмекең елінің ертеңін ойлаған басшы болды. Қазақ жастарының білім алуына, білікті маман болып шығуына көп көңіл бөлген. Қазақ жастарының Мәскеу мен Ленинградта оқып, білім алуы сол кезден бас­тау алды десе де болады. Алғашқы аспиранттар мен докторанттар шыға бастады. Сол қалыптасқан жақсы дәстүрдің нәтижесінде мен де кандидаттық диссертациямды Бакуде қорғадым. (Біздің сұхбаттасымыз Есболған Тегісбаев елімізде кенже дамыған фармацевтика саласы бойынша екінші болып диссертация қорғаған қазақ – С.Б).
Ал студент қыздар мәселесіне келетін болсақ, Ж.Шаяхметовтің тікелей нұсқауымен әрі қамқорлығымен біздің Қазақ мемлекеттік медицина институтының жанынан 100 қызға арналған интернат ашылды. Онда білім қуған қыздар тегін жатып, тегін тамақтанды. Қыздардың жатын бөлмелері оқу құралдарымен, жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ондай жабдықтар бұған дейін оқу орындарында болмаған еді. Қазіргі Сұбханбердин атындағы медициналық мұражай сол қыздар интернатының бұрынғы ғимараты болатын.
– Сіздер студент болған кездерде қоғамда, елімізде болып жатқан өзгерістерге немесе жаңалықтарға жастардың араласуы қандай еді?
– Біз нағыз патриот болатынбыз. Жаңалықтарды қалт жібермейтінбіз, білімге құштар едік. Тезірек білім алсақ, халықтың қажетіне жарасақ деген жалғыз мақсат болатын көңілімізде. Жарлыны жарылқасақ, жетімді жетілдірсек деп елпілдеп тұратынбыз. Бірінші хатшының әңгімесінен кейін министр Қарынбаев жастарға көңіл бөлді. Күнделікті болып жататын түрлі деңгейдегі басқосулардан біз де тыс қалмадық. Министрдің тікелей ықпалымен Мәскеуде өткен кәсіподақтар съезіне қатысқаным әлі есімде. Көп нәрсеге көзім ашылды. Қазақстанның жетістіктерін өз құлағыммен естідім.
Ұлтымыздан шыққан ұлағатты ғалымдарды, білікті мамандарды кездестірдім. Осы тұста жергілікті мамандар қаулап өсе бастаған екен. Басқару саласындағы қазақ ұлтының өкілдері 40 пайызға жетсе, колхоз басшыларының ішінде қазақ ұлтының үлесі 62 пайыздан асыпты. Жүздеген зауыттар мен фабрикалар күндіз-түні бір тынбай жұмыс істеп тұрды. Қара металлургия, машина жасау, мұнай, мырыш, тыңайтқыш ордасына айналған кез еді бұл.
– Осының бәрі Жұмабай Шаяхметовтің Қазақстанды басқарып тұрған кезінде жүзеге асты ғой?
– Әрине, солай. Қазақстанды ұзақ жыл басқарған қазақ ұлтынан екі азамат бар. Солардың бірі әрі біріншісі Жұмабай Шаяхметов.
– Әңгімеңізге қарағанда, ол кісінің халқы үшін аз қызмет атқармағаны аңғарылады. Солай ғой?
– Оған шүбә кетіруге болмайды. Бұл жерде «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ…» деген Абай хакімнің даналық сөзін желеу етіп отырғаным жоқ. Ұлы Абай: «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп те айтпап па еді?
Өмір сүрген, кызмет еткен қоғамын бағдарлап, атқарған істерін саралап, тарихи тұрғыдан, пенделік емес, имани көзқараспен қарайтын болсақ, Шаяхметовтің де артында қалдырған ізгілікті іздерін көруге әбден болады.
Қазақстанды 16 жыл басқарған (оның ішінде 8 жыл бірінші хатшы болған), жау жағадан, бөрі етектен алған қилы кезеңде қылышынан қан тамған Сталинмен қатарласа жүріп соғыстан қажыған елінің ауыртпалығын қабырғасы қайыса көтерген атпал да абзал азаматтың еңбегін орынды бағалаған ләзім. Үкімет тарапынан есімін елдің есіңде қалдыратын шаралар жасалғаны абзал дер едім. Өз басым ел басқарған ерлерді алалаудан аулақпын.
Біздің замандастардың Жұмабай Шаяхметовтің шапағатын көріп өскені шындық. Ел басқарған азаматтарға баға бергенде тек іскерлігін, қаталдығын ғана сөз етпей, адамгершілігін және ары мен жанының тазалығына көңіл бөлген жөн сияқты. Бұл тұрғыдан келгенде, Шаяхметовтің пендешіліктен, дүниеқоңыздықтан аулақ болғанын досы тұрмақ, дұшпаны да әділ бағалаған. Өзім көрген бір мысал: Ж.Шаяхметов бірінші хатшылықтан босатылып, өзге, төмен қызметке ауыстырылғанда мен үйін көшірістім. Сол кезде бүкіл жинаған дүние-мүлкі екі қол сандықтан аспағанына куә болдым. Ал өзі болса бір кителмен (әскери үлгідегі киім) дүниеден өткен.
Мынандай да «қызық» болды. Әкесі лауазымды қызметтен түскен бойда Ноилды мемлекеттік емтиханнан құлатты (оқытушының аты-жөнін атамай-ақ қояйын). Кәсіподақ комитеті араласып, ректорға, мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасына жағдайды түсіндіріп, бұл әділетсіздікке тосқауыл койдық. Ноил Мәскеуде тұрады деп естідім. Медицина ардагері, профессор…
Міне, мен білетін Шаяхметов және оның отбасы осындай қарапайым кісілер болатын.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның құрметті журналисі», халықаралық «Михаил Шолохов» алтын медалінің иегері


19 сәуір 2021 ж. 415 0