Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕМЛЕКЕТтік ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

МЕМЛЕКЕТтік ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ


Сейсенбі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі және мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысуымен аудандық қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов, қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және бөлім басшылары қатысты. Кеңес отырысында облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшысы Ғалымжан Ілкібаев мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамалардың орындалуының мән жайы туралы баяндады. Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратының осы салаға қатысты бөлімінің басшысы Серік ­Кенжесариев 2020 жылда атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша, былтыр ауданда 29810 мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 5036, мемлекеттік органдармен қағаз түрінде 12706, электронды түрде 12068 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал, 2021 жылдың 2 айында көрсетілген қызметтер саны 8 мыңнан асып жығылған. Дегенмен, электронды жүйе жиі сыр беріп, жүйенің толық мүмкіндіктерін пайдалана алмаған жағдайлар жиі кездескен. Енді жүйедегі осындай ахаулар орын алмас үшін тиімді шаралар атқарылмақ екен.
Отырыс орта шеніне таяғанда ортаға Ғалымжан Орынов шығып, жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңін толтыру тәртібі туралы баяндады. Оның айтуынша, жалпыға бірдей декларация 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – биылғы 1 қаңтардан басталса, екінші кезең – 2023 жылы 1 қаңтарда, үшінші кезең – 2024 жылы 1 қаңтарда және төртінші кезең – 2025 жылдан бастап енгізілмек. Бірінші кезеңде кіріс декларациясын – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттігі бар адамдар, мемлекеттік функцияларды орындау уәкілеттігі бар адамдарға теңестірілген адамдар декларация тапсыруға міндетті. Тапсырмаған жағдайда алдымен ескерту жасалынып, құқық бұзушылық қайталанған жағдайда, 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Сондай ақ, «активтер мен міндеттемелер туралы дек­ларацияны» тапсырған мемлекеттік қызметкер жыл сайын шартты декларацияны тапсыруға тиісті болмақ. Әкімдіктер мен мәслихат қызметкерлері, мектеп директорлары да бұл тізімнен табылып отыр. Екінші кезеңде, яғни 2023 жылы барлық квазимемлекеттік сектор тартылады. Осы кезеңде барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілері және ұлттық компаниялардың қызметкерлері декларация тапсыруға тиісті. Бұл кезеңде мұғалімдер мен медбикелер де декларация тапсырады, өйткені олар мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ал мектептер мен ауруханалар – мемлекеттік мекемелер болып саналады. Мәлімдемеде кредиторлық қарызыңыз бен алашағыңызды, әрбір данасы 100 АЭК-тен асатын мүлкіңізді де көрсетуге құқығыңыз бар. Ал, декларацияның соңғы кезеңінде, яғни 2025 жылы Қазақстан Республикасында мүлкі бар барлық шет ел азаматтары осы мәлімдемені тапсыруға міндеттелмек. Осы шаралардың көмегімен азаматтардың шынайы табысы белгілі болады.
Ғалымжан Орынбайдың баяндамасынан кейін, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы ­Рафхат Бисеновке сөз кезегі берілді. Ол баяндамасында мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістерге тоқталып өтті. Ал, кеңес отырысының қортынды сөзін Пердәлі Архабаевқа беріліп, ол тұтынушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру мақсатында қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы алуды насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізуді ұсынды. Электронды қызметтерге жүгіну көрсеткішінің төмен болуы «бәлкім, қызметкерлердің сыбайлас – жемқорлыққа бейімділігінен шығар» деген күдігін де жасырмады.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
02 сәуір 2021 ж. 282 0