Энергетикалық сусын энергияңызды сарқымасын
Кент ішінде бой жазып жүрсеңіз қолына энергетикалық сусын ұстаған адамдарды көп кезіктіресіз. Тіпті, қоқыс жәшіктерінің ішінде де, сыймай сыртында жатқан құтысын аңғаруға болады. Бұрындары саябақтан ғана көретін «горилла» Шиеліде неге қаптап кеткен деп аң-таң болып отырған шығарсыздар, иә? Ал, біздің айтпағымыз жаны жоқ құтыдағы энергетикалық сусын. Жаны жоқ демесеңіз, жанды жадыратып, ұйқыңды шайдай ашатын бұл сусындар барлық дүкен сөрелерінен кезігеді.
Еліміздегі медицина мамандары жалпы газдалған энергетикалық сусындардың адам денсаулығына кері әсерін тигізіп, адам денсаулығының әлсіреуіне алып келетіні жайлы дабыл қағуда. Мәселен, ең көп тұтынатын «Gorilla», «dizzy», «Redbulle» сынды энергетикалық сусындарға сұраныс көп. Бұл сусындардың ерекше қасиеті шаршағаныңызды әп-сәтте басып, бойыңызды серігітіп қоя береді. Елімізде оны студенттер, жастар мен жолға шыққан жүргізушілер көп пайдаланады. Себебі сусын уақытша ұйқыны ашып, адам бойын сергітуге, көңіл-күйін көтеруге таптырмас көмекші көрінеді. Тіпті, көктем мен жаз мезгілінде аталған сусынды алып ішетіндердің қатары екі есеге артады. Бұл суысындарлың бірі кофеин, екіншісі дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Бейресми статистикаға сүйенсек кофейінге көбіне студенттер мен қызметкерлер, ал, дәруменді сусындарға спортпен айналысатын жаста құмар көрінеді. Арнайы мамандар энергетикалық сусындарды мөлшерден тыс қолданған жас жеткіншектерді тексеріп көргенде олардың бауыры 35 жастағы маскүнемнің бауырымен бірдей болып тұратынын анықтаған. Бірақ оқушылар ғана емес, барлығымыз ұйқымызды шайдай ашатын сиқырлы сусынның пайдасынан зиянын көбірек тартып жататынымыз жасырын емес. Сусынның құрамындағы глюкоза тез қанға сіңіп, оттегі байытылған қанмен миға және бұлшықеттерге көмірсутектер жеткізеді. «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының жоғары тәжірибелі дәрігері Қарлығаш Назарованың айтуынша, бұл сусындардың құрамында әртүрлі химиялық қоспалар орталық жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдықтырып, бірте-бірте ағзаны улайтын көрінеді. Аты аталған сусынды күнделікті тұтыну қант диабеті, жоғары дәрежедегі невроз, күйзеліс, қатерлі ісік пен еркектерді белсіздікке душар етуі ықтимал екнін айтты. Еліміздегі жас жеткіншектер мен орта жастан асқан адамдар жүйкенің уақытша жұмыс жасауы, шаршаңқы күйлерін басу үшін қолданады екен. Ал, сусынның күші қайтқанда, адам ашушаң, шаршаңқы күйге түсіп, бас ауруы мазалайды. Содан тағы алып ішеміз. Осыдан тәуелділіктен арыла алмайтын күйге жетеміз.
«Энергетикалық сусынға деген көзқарасым аса күдікті. Себебі, адамның орталық жүйке жүйесін белсендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған ауру белгісі қозады. Уақыт өте келе тұтынушылардың денсаулығы күрт нашарлайды. Нақтырақ айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға алады» –дейді академик Т.Шарманов. Әр жұмыр басты пенде өз денсаулығын қолына алып, зиянды сусыннан бойларын аулақ ұстауы керек-ақ. Шетелдік ғалымдар газдалған тәтті сусындарды өндірушілер өнімнің өтімділігін арттыру үшін оған түрлі қоспалар қосатынын жоққа шығармайды. Оны жиі қолданғанның салдарынан жоғарыда айтып өткен қатерлі ісік ауруын тудырады екен. Ал, әлем елдерінде жылына 180-мыңнан аса адам осы сусындарды пайдаланғаннан көз жұмады. Міне, осыны халыққа, жастарға айтып түсіндіріп, оны мүлдем ішпеуді мамандар шырылдап айтып жүр. Халқының денсаулығына алаңдаған бірқатар Австралия, Дания, Норвегия, Жаңа Зеландия сияқты елдердің мамандары бұл сусынды сатуға да, ішуге де тыйым салған. Кезінде ата-бабаларымыз табиғи шикізаттар негізінде дайындалған сусындарды пайдаланған. Мысалы: шұбат, қымыз, сүт, айран секілді сусындар адамның шөлін қандырса, бір жағынан ағзаға пайдалы. Сондықтан ақ жүректі ағайын бұл сусынға құмартпай, табиғи таза өнімді ішейік. Әр адам үшін өз денсаулығының мықты болғаны маңызды.
Шапағат Тілеубаев