Қарашадағы қауіп
«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің». Бұл Майқы бидің осыдан үш ғасыр бұрын айтып кеткен сөзі. Бабамыз білген екен. Шындығында, бүгінде жол апатынан болған деректер жаға ұстатады. Соңғы жылдары «жол көлік оқиғасынан бірнеше адам зардап шекті», «көлігімен адам қағып, қашып кеткен» яки «ажалы көліктен болды» деген суық ақпараттарды жиі еститін болдық. Теледидар мен газетті былай қойғанда, әлеуметтік желі арқылы-ақ мұндай хабарлардың күніне кем дегенде біреуін оқисың.
Иә, жасыратын несі бар? Жол-көлік апаты дауасыз дерттей жылдан жылға асқынып барады. Етіміздің үйренгендігінен болар апталдай азаматтар мен шарасыз сәбилер қыршыннан қиылса да «жол апатына түсіпті» деп қалыпты жағдайдай айтамыз және қабылдаймыз. Негізінен осы тұста заңды түрде төмендегідей сауалдар туындау керек сықылды. Адам өмірін алып жатқан мұндай апаттарға қалай тосқауыл қоямыз? Оған кім кінәлі? Жолдағы қауіпсіздікке жауапты кім? Алдын алу үшін не істемек керек?
Иә, жасыратын несі бар? Жол-көлік апаты дауасыз дерттей жылдан жылға асқынып барады. Етіміздің үйренгендігінен болар апталдай азаматтар мен шарасыз сәбилер қыршыннан қиылса да «жол апатына түсіпті» деп қалыпты жағдайдай айтамыз және қабылдаймыз. Негізінен осы тұста заңды түрде төмендегідей сауалдар туындау керек сықылды. Адам өмірін алып жатқан мұндай апаттарға қалай тосқауыл қоямыз? Оған кім кінәлі? Жолдағы қауіпсіздікке жауапты кім? Алдын алу үшін не істемек керек?
Осыған байланысты бейсенбі күні аудан әкімдігінің баспасөз орталығында Шиелі АПб-нің Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Ербол Палжанов брифинг өткізді. Брифинг барысында 2020 жылдың 10 ай 20 күнінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында атқарылған жүйелі жұмыстар айтылды. Жыл басынан бері аудан көлемінде 10 633 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде жол қауіпсіздігі саласы бойынша 6596, қоғамдық қауіпсіздік саласы бойынша 3206 әкімшілік құқық бұзушылық деректері тіркелген. Сонымен қатар автокөлікті масаң күйде басқарған 73 азаматқа тиісті әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, кінәлі тұлғалар әкімшілік қамаққа алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды. Осындай олқылықтардың орнын толтырып, болдырмау мақсатында жыл басынан бері түрлі профилактикалық іс-шаралары өткізілген. Атап өтсек, «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Жалған мемлекеттік белгі», «Такси», «Жылдамдық», «Автобус», «Мас жүргізуші», «Абайлаңыз, балалар!». Қала берді есепті мерзімде әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру бағытында 4 мәрте «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылған екен.
Адам – еліміздің басты құндылығы және негізгі капиталы. Сол үшін әр пенденің тағдыры қымбат. Ал осындай соғызсыз, тәуелсіз, бейбіт күнде азаматтардың жол апатына ұшырап, өмірден озып жатқаны нағыз трагедия демей, немене? Бірақ мұндай оқиғалардың орын алу себебін қараша халық алдымен көліктердің көбеюінен көреді. Бірақ бажайлап қарасаңыз, олардың жолда кенеттен істен шығуы, тежегіштің бүлінуі сынды техникалық ақауларынан болған көлік апаты аз. Ашығын айтсақ, апатқа кінәлі бір ғана адам бар. Ол – көлік жүргізушісі. Мәліметтерді сөйлетсек, адам қазасына соқтырған жол апаттарының 80 процентке жуығы осы себептерден болған. Көлік жүргізушісі демекші, елімізде жүргізу құқығына 18 жасқа толған кез келген адам ие болуда. Солай екен деп кейбіреулер бесіктен белі енді шыққан балаларын да темір тұлпарға мінгізеді. Ол ол ма, тірліктің қамымен «балаға да, үй мен жұмысқа да үлгереміз» деп нәзік жандар да көлікті әбден меңгеріп алған. Қауіп аяқ астынан. Дейтұрғанмен, қауіпсіздік ережелерін сақтау баршаға ортақ. Сен әйелсің, жассың демейді, себебі заң бәріне бірдей. Сондықтан сақтықта қорлық жоғын қаперіңізден шығармағайсыз.
Ал облыстағы жолдың жағдайын баян етсек. «Қарашаның ызғары бар, ызбары жоқ» демей ме? Қазір керісінше қараша қаһарына мініп, аязы әл бермей, күн райы күрт суып кетті. Өткен аптада көк тайғақтың салдарынан облыста болған жол-көлік оқиғалары 3 адамның өмірін қиды. Тағы 10 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Құзырлы мекемелер көшелердегі көк мұзды ойып, қалыпқа келтіргенімен, аймақтағы жағдай оңалмай тұр. Жалпы ауа райы құбылып, асфальт қабатындағы қатқақтың пайда болуы салдарынан қар жауған алғашқы екі күнде 43 жол-көлік оқиғасы тіркеліп үлгеріпті. Сонымен қатар 10 айда облыста 345 жол-көлік оқиғасында 68 адам қаза тауып, 401 адам дене жарақаттарын алған. Темір тұлпарды мас күйінде тізгіндеген 902 жүргізуші анықталып, 785-і көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Тиісінше барлығы әкімшілік жауапқа тартылып, көбі әкімшілік қамаққа алынған. Өкінішке орай, олардың арасында әйел адамдар да кездеседі. Көлік құралын басқару құқығынан айырылып, қайта басқарған 325 жүргізуші анықталып, тиісті әкімшілік шаралар көрілуде.
Бүгінде республикалық маңызы бар жолдарға патрульдік полиция бекеттері қойылған. Жол сақшылары қауіпсіздігі үшін жүргізушілер көлік дөңгеліктерін қысқы шиналарға шұғыл ауыстыру керек деген талап қойып отыр. Бұл мерзім бірінші желтоқсанға дейін. Мұнан соң тәртіпке бағынбағандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 5- бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Байқағандарыңыздай, қыс басталмай жатып, жол апаттары орын алып, бірнеше адамның өмірі қиылды. Сол үшін қарашадағы қауіптен абай болып, денсаулығымызды күтейік. Себебі амандықтан асқан байлықтың жоқ екендігін биылғы жыл сөзсіз ұқтырды.
Сұлушаш МАДИЯРОВА