Ұмытшақтық әдет пе, әлде...
«Күлсең кәріге күл» демекші, қажетті затын аласұрып іздеп жүрген ата-апаларға жиі күлетініміз рас. Көзілдірігін тағып тұрса да, айналасына айғай салып, немерелеріне іздетіп қоятын. Бір айтқан нәрсесін он мәрте қайталап, бір сұрақты бірнеше рет қояды. Сөйтсек, бұл ұмытшақтық деген қартайғанда жан алқымнан алады екен ғой. Ал қазір ше? Қазір кәріге ғана емес, жастарға да күлетін күн туғандай. Оған ұялы телефонымыз қолымызда тұрса да, іздеп әлектенетініміз, үйден шығарда, жұмыстан қайтарда кейбір заттарды ұмыт қалдыруымыз нақты факт бола алады. Дәл осылай жалғаса беретін болса, ұмытшақтық тек әдетке айналып қоймай, ұрпақ қуалайтын дерт болуы да ғажап емес. Сол себепті аурудың алдын алмасақ, ертең кеш болып, сан соқтыруы әбден мүмкін. Ал дәл қазір сіз бен бізге пайдасы тиер деген ниетпен бірнеше қажетті кеңестерді әзірлеп, ұсынып отырмыз.
Ғалымдар не дейді?
Ғалымдар ұмытшақтықтың бір емес, бірнеше себебі бар екендігін алға тартып, оның ағзадағы түрлі ауруларға тікелей байланысты екендігін айтады. Сондықтан адамның есте сақтау қабілеті күрт бәсеңдейді. Оны медицинада гипотиреоз, гипертиреоз деп атайды. Яғни бұл дегеніміз қалқанша безінің аурулары. Аталған ауру гормондар өзінің функциясын дұрыс атқармауынан пайда болады. Ақыр соңында адам денсаулығын құртып, болашағына балта шабады. Бұдан бөлек қант диабеті, бас пен ми қан тамырларының атеросклерозы есте сақтау қабілетін төмендетеді.
Ұмытшақтықты дерт деуге келетіндей. Себебі ол ең алдымен мидың қызметіне нұқсан келтіреді. Ми 7 миллион мегабайттық ақпаратты жадында сақтай алады. Осының барлығы маңыздылығына қарай қысқа және ұзақ мерзімді болып бөлінеді.
Аурудың тағы бір аты «амнезия» деп аталады. Бұл дерт адамның жүйке жүйесіне келген зақымнан пайда болады. Басқа келген зақымнан альцгеймер ауруы да шығады. Айта кетер бір жайт, аты жаман дерт тұқым қуалайды. Әлем ғалымдары «ХХІ ғасырда ұмытшақтық дерті жасарып барады» деп дабыл қағуда. Оған сағат санап, дамып жатқан заманауи технологиялар мен толассыз келіп жатқан ақпарат легі себеп болуда. Күні-түні жанымыздан бір елі тастамайтын смартфон мен жұмысымызды жеңілдететін компьютердің әсері біз ойлағаннан да күрделі. Телеарнадағы жүздеген арна мен әлеуметтік желідегі жағымсыз жазбалар да миға әжептеуір салмақ салады.
Психологтардың пайымы
Өмірдің кейбір сынына шалынып, стресс пайда болған жерде есте сақтау қабілеті де күрт төмендейді. Себебі стресс алған адам қоғамнан тыс күн кешіп, өзінің мәселесіне ғана бас ауыртумен арпалысады.
Өмірдің кейбір сынына шалынып, стресс пайда болған жерде есте сақтау қабілеті де күрт төмендейді. Себебі стресс алған адам қоғамнан тыс күн кешіп, өзінің мәселесіне ғана бас ауыртумен арпалысады.
Ұмытшақтық күйзелістен де пайда болады. Неге десеңіз, күйзеліс кезінде миға үлкен жүк түсіп, соның салдарынан жүйке жүйесі дәрумендер мен минералдар жоғалтады. Сайып келгенде, жанына жақын жаннан айырылу, қала берді қазіргі кезеңнің дерті саналатын жаңадан шаңырақ көтерген жастардағы проблема осы дертке душар етеді. Жанының емін шарап пен шылымнан іздеп, тіпті есірткіге әуестенген адамға түскен қайғының салмағы сәт сайын ауырлай береді. Ондай кезде адам үшін ең маңызды саналатын денсаулық пен дұрыс тамақтану үрдісі бұзылып, тән мен жан азығының тепе-теңдігі өз қалпын құртады.
Тәжірибе бойынша көңіл қошы төмен адамдардың еске түсіру қабілеті жылдам әлсірейді. Сол себепті барынша көңілді жүрген абзал дейді психолог мамандар. Сонда ғана өзімізден бөлек, айналамызға да жақсы көңіл-күй сыйлай аламыз.
Аурудан арыламын десеңіз...
Ұйқының қанбауы да ұмытшақтыққа душар етеді. Қазіргі кезде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін уақытымен ұйықтамайды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Дегенмен, күні мен түні ауысқан жандар арамызда бар. Олар не түнімен ұйқысыз жұмыс істейді, не болмаса бар уақыты кино көру, қыдыру, ойын ойнау және әлеуметтік желіге кетеді. Осындайда ескерер жайт, энергетикалық сусындар ұйқыны ашқанымен денсаулыққа зиян келтіреді. Бұл сусынға көбіне көлік жүргізушілері әуес келеді. Ұйқысыздық осы қарқынмен жалғасар болса миға демалыс болмай, зейін аудару нашарлап, ақпаратты жаттау біршама төмендейді.
Ұйқының қанбауы да ұмытшақтыққа душар етеді. Қазіргі кезде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін уақытымен ұйықтамайды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Дегенмен, күні мен түні ауысқан жандар арамызда бар. Олар не түнімен ұйқысыз жұмыс істейді, не болмаса бар уақыты кино көру, қыдыру, ойын ойнау және әлеуметтік желіге кетеді. Осындайда ескерер жайт, энергетикалық сусындар ұйқыны ашқанымен денсаулыққа зиян келтіреді. Бұл сусынға көбіне көлік жүргізушілері әуес келеді. Ұйқысыздық осы қарқынмен жалғасар болса миға демалыс болмай, зейін аудару нашарлап, ақпаратты жаттау біршама төмендейді.
Ұмытшақтықтың біз білмейтін тағы бір тұсы суға келіп тіреледі. Біле білсеңіз, денсаулығы жақсы адамның денесінің 75 проценті судан тұрады. Егер ағзаға су жетіспесе, бірінші кезекте ми қиналып, жұмысы бәсеңдейді. Көбіміз судың таза өзін емес, оны шай, кофе, тәтті, газды сусындар күйінде ішкенді жөн көреміз. Бұл дұрыс емес.
Ұмытшақтықтан арылудың бір әдісі – салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану. Мамандардың мәліметінше, миға салмақ түсіретін интеллектуалды жаттығулармен тиісінше көбірек айналысу қажет. Жадты үнемі жаттықтыру арқылы ми қызметі мен есте сақтау қабілетін арттыруға болады. Осылар ми қан айналымын жақсартуға көмектеседі. Ұйықтамас бұрын күнді қалай өткізгеніміз жайлы, болған оқиғалар, кездескен адамдардан тартып ұсақ-түйегіне дейін саралап шығу керек. Уақыт өте келе осындай жаттығудың керемет нәтижесін берері айдан анық.
Аурудан айығудың әрі алдын алудың тағы бір көрінісі – кітап, газет-журнал оқу. Абай, Шәкәрім, Мағжан, Ілияс, Сәкен сынды қазақтың бағына біткен ақындардың өлеңін жаттап өскен баланың жады да жақсы болмақ. Жазушының шығармасындағы шытырман оқиғалар, сюжет кейіпкерлері, барлығы дерлік адам санасына әсер етпей қоймайды. Шығарманың киносын көргеннен кітабын оқу әлдеқайда пайдалы. Тек оқумен шектелмей қалам алып, қағазға жазуды әдетке айналдырған дұрыс. Мысалы, күнделік жазу осындайда көмекке келеді. Адам жазбаса, қол мен ми жұмыс жасамаса, «моторика» дұрыс іске аспайды.
Кейбір адамдар туабітті таңқаларлық есте сақтау қабілетіне ие. Мысалы, Моцарт бір естіген музыкасын іштей қайталап, нотасын қағазға түсіретін болған. Америкалық шахматшы Пол Морфи бір мезетте 8 шахмат тақтасында ойнап, жұртты таңдандырған. Ал Наполеон болса қол астындағы әр сарбаздың есімін білген.
Мінекей, есте сақтау, ұмытшақтық, жадты жаттықтыру жайында біраз құнды дүниелер жазылды. Сондықтан бесіктегі бірге толмаған бөбекті ұялы телефонның әуенімен емес, қазақтың «әлдиі» арқылы жұбатқан жөн. Бастауыш сынып жасындағы балаларға шетелдің таңсығын емес, өзіміздің «Балапан» арнасын тамашалатқан тиімді. Күндіз-түні атыс-шабыс ойынымен әуестенген ұлдан ертең ұлттың қамын жейтін ұлан шықпайды. Осылардан тыйылсақ ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп шығарымыз анық.
Сұлушаш МАДИЯРОВА