Жалған ақпараттан жаңылмаңыз
Коронавирустың кең етек жайғанына 3 ай, 13 күн өтті. Байқағанымыздай, COVID-19 жұқтырған адам саны күн санап өсіп келеді. Сәйкесінше, науқастардың қатары көбейген сайын коронавирусқа байланысты жалған ақпараттардың да саны азаяр емес. Бірі коронавирустан қорғану үшін виски ішу керек десе, ал кейбіреулері вирусты қолдан жасаған адам тұтқындалды деседі. Енді бірі коронавирустың кесірінен дүкен сөрелері босап қалды, азық-түлік таусылуға жақын. Тұтынушылар күнделікті тұтынатын өнімдерді талап алып жатыр деген алып-қашпа әңгіме желдей есті.
Дезинфекциялайтын тік ұшақ. «Ухань – 400» вирусы. Коронавирусты тек егде жастағылар жұқтырады. Вакцина бар, бірақ ол туралы ақпарат жасырылған. Осы тектес коронавирусқа қатысты қауесет чаттан-чатқа тарап жүр. Бірақ осы ақпараттар шындыққа жанасады ма? Қалай ойлайсыз?
Әлемде коронавирустың таралу қарқыны қаншалықты жылдам болса, инфодемияның таралуы да соншалықты артуда. Жоғарыда жазылған мәліметтер ұялы телефоныңызға келсе, оны жай оқып қана қоймайсыз. Әлбетте, ерінбестен екінші жанға жібересіз. Ол дереу басқаға айтады. Осылайша дезинформация дереу тарала қояды. Ақпан айында коронавирусқа арналған конференциялардың бірінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус осыған қатысты былай деген болатын:
– Біз тек індетпен емес, инфодемиямен де күресеміз. Өйткені, жалған ақпарат вирустың өзіне қарағанда жылдам әрі оңай таралады және қаупі де кем емес.
Расымен де, жалған ақпаратқа сеніп, опық жеп жатқандар жетерлік. Баршамыз интернеттің «қоқысқа» толы екенін білеміз. Дегенмен олардың ішінде сұрыпталған ақпарат айдыны да жоқ емес. Ал қалғаны түкке жарамсыз, сананы улайды. Адамды жаңылыстырып, саяси көзқарасты басқаға бұрады. Міне, жоғарыда жазылған мысалдар дәл сондай. Жалған. Миға сыймайды. Бір сөзбен айтқанда, манипуляциялық ақпарат. Сол себепті біздің айтарымыз, әрбір мессенджерге келген ақпараттың ішінде адасып қалмаңыз.
Осы уақытқа дейін елімізде індетке қатысты 50 жалған ақпарат тіркелген. Соған сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі жалған мәліметті таратқаны үшін азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын мәлім етті. Айта кетейік, жалған ақпарат таратқандарға, салдарының ауырлығына байланысты 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салудан 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Сұлушаш МАДИЯРОВА