Індет те міндет жүктейді
Кеше баспасөз орталығында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов брифинг берді. Онда төтенше жағдайға байланысты аудандағы ахуалды айтып, сақтық шаралары мен алдағы атқарылатын жұмыстарды кеңінен тарқатты.
Індет те міндет жүктейді. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері көпшілік орталарға шектеу қойылып, қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Тіпті алпауыт мемлекеттер дағдарысқа ұшырап жатыр. Ал қазақстандықтар төтенше жағдайға байланысты ақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүр. Алайда, табысын жоғалтқан қызметкерлерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер беріледі. Бір қызметкерге төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 1 ең төменгі жалақы мөлшерін немесе айына 42,5 мың теңгені құрайды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов:
– Төлем алушылар шеңбері кеңейтілді. Бастапқыда бір адамға айына 42,5 мың теңгені (ең төменгі жалақы) құрайтын әлеуметтік төлем орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор), бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге берілетін еді. Енді оларға нысаналы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын адамдар, өздері үшін салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар кіреді. Сондай-ақ карантин жарияланған елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері енгізілді, – деді.
Айта кетейік, төтенше жағдайға байланысты табысты жоғалту фактісін растайтын құжаттарды ұсыну қажеттілігі жойылды. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін жұмыс берушілер өтінішті тек қызметкерлердің тізімін қоса бере алады. Ал ЖК, ЖП, АҚС және БЖТ төлеушілер жеке деректерді көрсете отырып, тек өтініш береді. Сондай-ақ қызметкер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтінішті өзі бере алады. Өтініш «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық форматта беріледі. Брифинг барысында төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қажетті қатысу мерзімі мен өтінімдерді қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі 7-ден 3 жұмыс күніне дейін қысқартылғанын айтты.
Одан әрі көктемгі егістік мәселесі айтылды. Көктем шығып, диқаншылар да егін жұмыстарына дайындықты бастады. Биылғы жылдың өзгешелігі сол ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында күріш дақылын 800 га қысқарту көзделуде. Яғни ауылдық округтер мен кенттегі шаруа қожалықтар қалған жер үлесін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға береді. Бүгінгі таңда осы санатта 87 отбасы тіркелген. Олар осы жерді көкөніс, бау-бақшалық бағытта пайдаланатын болады. Ел басына күн туып, қысылтаяң сәт туғанда өз қолы өз аузына жетпей отырған отбасылардың қиналмауын назарға алған басшылық осылайша бау-бақшалық өнімдерді көбейтпек. Осы орайда айта кетейік, жыл басынан бері түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, 300 отбасыға көмек қолын ұсынған.
Брифинг барысында айтылған келесі мәселе кентегі автомобиль жолдары мен абаттандыру жұмыстары төңірегінде өрбіді. Аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 17 наурыздағы №51/2 шешімімен аудандық бюджеттен Шиелі кентіне қосымша көше жарығын күтіп ұстауға 10 млн теңге, тазалық жұмысына 10 млн теңге, абаттандыру мен көгалдандыруға 20 млн теңге, әл-Фараби, Бұдабай, Бакиров көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуға 29 млн 355 мың теңге, Жақаев саябағын күтіп ұстауға 12 млн 410 мың теңге, кент көшелерін жөндеу жұмыстарына барлығы 65 млн 225 мың теңге бөлінгендігін тілге тиек етті.
Г.ДҮЙСЕБАЙ