Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашақтың жарқын бағдары - латын графикасына көшу

Болашақтың жарқын бағдары - латын графикасына көшу

Ел -бүгіншіл,
Менікі -ертең үшін.
 Ахмет Байтұрсынұлы
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап қазақ лингвистері мен зиялы қауымының арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы пікірталастар жүргізіле бастады. 2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген болатын. Латын әліпбиіне көшірілген көршілес мемлекеттердің тәжірибесін назардан тыс қалдырмауды да осы жиында тапсырған еді.
Латын әліпбиін пайдалану Түркия, Әзірбaйжан, Өзбeкстан, Түркімeнстан сияқты мемлекеттердің тәжірибесінен сәтті өткенін оқып-біліп жүрміз. Дүниежүзілік ақпаратта латын әліпбиінің oрны үлкeн. Сондықтан латын әліпбиінe көшу мәсeлесі -  кезек күттірмейтін міндет. Әлемдегі қазақтар өздерінің тұратын мeмлекеттеріне қарай аpаб, латын, кирилица таңбалaрына негізделгeн әліпбиді қолдануда. Осы тұрғыдан келгeнде, оpтақ әліпбидің болуы халқымыздың бір-бірін түсінісуіне oң ықпал тигізетіні айтпаса да белгілі. Елбасы тапсырмасына сай бүгінгі таңда латын графикасына көшу жұмысы соңғы дайындық мезгіліне жақындап келеді.
Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білідерді. Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз.
Бұл бағытта елімізге танымал ғалымдардың пікіріне жүгінсек, тұтас түркі еліне елеулі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Мырзахметұлы латын жазуына көшудің бес артықшылығын көрсетеді: «1-ден, қазақ тілі табиғи қалыпқа түсіп, жасандылыққа ұрынған артикуляциялық базасынан арылып, табиғи қалпына түсер еді; 2-ден, әріп сандары 42 әріптен 28-34-ке дейін қысқарып, жазу сыйымдылығы артып, машинкаға да, компьютерге де сыйымды болар еді. Интернетке де кедергісіз шығар едік; 3-ден, латын жазуына өтуге біздің тәжірибеміз де бар. Қазіргі аға ұрпақтың бәрі де латын жазуын қиналмай оқи береді. Ал жастар болса шет тілдерін оқығандықтан, латын әрпімен таныс болғандықтан, тез меңгеріп кетеді; 4-ден, біз латын әрпін біркелкі ортақ таңбамен алсақ, түрік халықтары бірін-бірі оқи алатын мүмкіндікке келеді; 5-ден, ең бастысы – санамызға күнде әсер етіп отырған кеңестік идеология мен дүниетанымның тұтқынынан босаймыз» [5,246-247].
Академик Ә.Қайдар «латын әліпбиіне көшу – өмір талабы, болашағы жарқын өркениетті ел болудың алғышарттарының бірі», – деп бағалап, латын әліпбиіне көшудің төмендегідей басымдықтарын көрсетеді: кирил¬лицаның славян жазуы екені белгілі.
Дегенмен, оны әлемдегі славян халықтарының бәрі бірдей қолдана бермейді. Бүгінгі күнде Еуропадағы көптеген славян мемлекеттері іс-қағаздарын латын жазуымен жүр¬гізеді. Осы тұста бір мәселе, славян текті халықтардың арасында рухани тұтастықтың да шамалы екенін естен шығармау керек. Қысқасы, кириллицаның да белгілі бір дәрежеде кемшілігі шаш-етектен. Бұл – мәселенің бір жағы.
Екіншіден, жоғарыда атаған жәйттерге қоса кириллица жыл алға озған сайын өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде атқа¬ра алмауда. Қазіргі кезде Ре¬сей ғалымдары арасында да жаһан¬данумен байланысты бір кездері орыс әліпбиінің де латын қарпіне көшу ықтималдығы туралы сөз бола бастады.
Үшіншіден, бүгінгі түркі халықтары қолданып жүрген кирилл жазуында айырмашылықтар өте көп. Себебі, кезінде бұл жазудың біздерге тек қаріптік белгілері, таңбалануы ғана ұсынылды. Ал әр халық өзінің тілдік ерекшеліктеріне сәйкес кейбір әріптердің варианттарын өздері жасап алды. Соның нәтижесінде, дүние жүзінің түркі қауымдастығын былай қойғанда, бұрынғы КСРО-да жасайтын отыз шақты түркі халықтары мен ұлыстарының өзі басын біріктіре алмады. Керісінше, олар бірінің жазғанын екіншісі еркін оқып түсіне алмайтындай жағдайға келіп, жазу арқылы өзара жақындасудың орнына, жырақтай түсті. Сөйтіп, сыртқы күштердің о бас¬та көз¬де¬ген түркілердің бастарын бірік-тірмеу жоспары өз миссиясын толығымен орындап шықты» [6].
Филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Жүнісбек өз ойын: «Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деп жүргенім сондықтан. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және емле-ережені бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері.
Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тілбұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады», – деп тұжырымдайды [7,120].
       Латын әліпбиін мектеп оқушыларына үйретіп, қоланысқа  енгізуде қандай жұмыстар жасаған жөн? Үлгі ретінде тапсырмалар түрлерін ұсынсақ. (Оқушылардың  назарына жаңаша әзірленген латын әліпбиі ұсынылады)
        Латын  графикасына негізделген жазудың ерекшеліктері түсіндіріледі.
Білім алушының іс - әрекеті: мұқият тыңдайды, «түртіп алу» әдісін қолданып, жаңа сабақтың материалын дәптерге жазады.
Нәтижеге бағыттау: танымдық қызметі дамиды.
Қолдану.
Мақсаты: латын  әліпбиінің әріптерін жазғызып көрсету арқылы етене жақын таныстыру
Мұғалімнің  іс - әрекеті: оқушылардың назарын алдарындағы және тақтада ілулі тұрған әліпбиге аударып, әріптердің жазылуын, тәртібін тақтаға және дәптерге жазғызады. Әріптерді қосып, 1 - 2 буынды сөздер жазып көрсетеді (нан, ән, ар, пана, ит, риза)
Оқушының  іс - әрекеті: мұғалімнің теория жүзінде түсіндіргенін іс жүзінде қолданып көреді
Нәтижеге бағыттау: латын  әріп көріністерін ажырата біледі
Талдау.
Мақсаты: тақырып бойынша жұптық тапсырмалар орындату
Мұғалімнің  іс - әрекеті: білім алушыларға тапсырмалар беріледі
1 - қатарға:
• өз есімдеріңізді латын әріптерімен жазыңыздар
• берілген латын  әріптерінен сөздер құрастырып жазыңыздар
2 - қатарға:
• жаныңыздағы оқушының  есімін латын әріптерімен жазыңыз
• берілген сөздердің қатесін табыңыздар
Нәтижеге бағыттау: алған білімдерін өз беттерінше қолдана біледі
Жинақтау
Мақсаты: алған білімдерін жинақтап, бекіту
Мұғалімнің  іс - әрекеті: өтілген тақырып бойынша білім алушыларға қорапшадағы сұрақтарды таңдатып, жауап алады.
Жазуды жаңа әліпбиге көшірудің мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, экономикалық, саяси, ақпараттық, педагогикалық себептері бар. Осы орайда, қазақ жазуын латын графикасына көшіру де мезгілі жеткен мәселе екенін қазіргі Қазақстан қоғамында болып жатқан талқылаулар көрсетіп отыр.
Барлық озық технологияның тіліне айналған латын әліпбиіне көшу — еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұл мәселені таяу жылдардағы негізгі міндеттердің бірі деп бекітті. Әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын қарпін қолданысқа енгізудің мәні орасан.

Молдабаева Нурила Ниязбековна
Қызылорда  облысы, Шиелі  ауданы
№50 Абай  атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты,
педагог-зерттеуші мұғалімі
05 ақпан 2020 ж. 742 0