2020 жылы кітап желісі бойынша шығатын фильмдер
Бір кітапты бір киноға сыйдыру оңай емес. Алайда режиссерлер кітаптағы қандай да бір ойды, түйінді өз көзқарасы бойынша кино арқылы жеткізуге тырысады. Назарларыңызға 2020 жылы жарыққа шығатын кітап желісі бойынша экранизацияланған фильмдер тізімін ұсынамыз.
«Мінсіз бала күтуші», 30 қаңтарЛейла Слиманидің романы бірнеше жыл бұрын Гонкур премиясын алған болатын. Оның желісімен түсірілген фильм қаңтар айының соңында жарыққа шығады. Сюжет бойынша жас француз жұбы ұзақ іздеп, соң балаларына күтуші табады. Аз уақыттың ішінде ол үйдегі басты адамға айналады. Алайда «мінсіз» бала күтушінің ешкім ойламаған құпиялары бар болып шықты.«Эмма», 14 ақпан
Джейн Остиннің танымал романы экранға бірінші рет шығып жатқан жоқ. Бұл кітап бойынша түсірілген ең атақты фильм – басты рөлді Гвинет Пэлтроу ойнаған 1996 жылы шыққан лента. Бұл жолы өзінің жеке өмірінің орнына құрбыларының бақытын табумен айналысатын бай қыз Эмма Вудхауздың рөлін жас актриса Ане Тейлор-Джой ойнайды. Бір қызығы, махаббат романы режиссер Отем ДеУайлдтың қолында динамикалық комедияға айналған. Сондықтан «Эмманың» жаңа нұсқасын көру артық етпейді.«Дәрігер Дулиттлдің ғажап сапары», 20 ақпан
Роберт Дауни көрерменге үйреншіксіз кейіпте оралмақ. Ол адамдардан тыс өмір сүретін мал дәрігерінің рөлін ойнайды. Алайда күтпеген оқиғадан соң ол жайлы үйін тастап, аңыз аралға аттануға мәжбүр болады. Бұл фильм Хью Лофтингтің балаларға арналған кітабына негізделіп түсірілген. «Дэвид Копперфильд оқиғасы», 7 мамыр
Чарльз Диккенс романын әр ұрпақ өздігінше түсінеді. Режиссер Армандо Ианнуччи британ классикасын экранға шығару үшін оған шынымен де интернационал актерлер құрамын шақырған. Алайда фильм сюжеті өзгеріссіз қалды: басты кейіпкер қарапайым баладан атақты жазушыға дейін қиын жолды бастан өткізеді.«Терезедегі әйел», 14 мамыр
Әлемдік бестселлер бойынша түсірілген психологиялық триллер 2020 жылдың басты хитіне айналуы мүмкін. Оның режиссері Джо Райт болса, басты рөлдерді Эми Адамс, Гари Олдман, Джулианну Мур сынды жұлдыздар ойнайды. Сюжет бойынша, оқиға агорафобиямен (кеңістіктен қорқу) қиналатын әйелдің айналасында болады. Ол үйден шықпайды, сондықтан терезеден көрші отбасының өмірін бақылай бастайды. Бір күні ол қылмыстың куәгері болдым деп ойлайды. Бірақ ауыратын әйелдің сөзіне ешкім сенбейді. Сол кезде ол шындықты өзі анықтауға кіріседі.«Дюна», 17 желтоқсан
Канадалық режиссер Дени Вильнев жасушы Фрэнк Герберттің «Дюна» романын экранға шығаруды қолға алғанына қарағанда ол – өте батыл жігіт. Себебі өз уақытында Дэвид Линч Арракис планетасы жайлы оқиғаны көрерменге толықтай ашып көрсете алмады. Алайда Дени Вильнев жақсы актерлік құрам таңдаған: олардың арасында Тимоти Шаламе, Ребекка Фергюсон, Джейсон Момоа бар. Ал саундтрегін Ханс Циммер жазған. Көпшілік мұндай атақты құрам жақсы фильм шығарады деп күтуде.«Пиноккио», 19 желтоқсан
«Пиноккиоға» балалар ертегісі ғана деп қарамаңыз. Оны экранизациялауды атақты итальян режиссері Маттео Гарроне қолға алды. Лента авторы Коллоди мәтінін дәлме-дәл көрсетуді шешкен. Кітаптағы барлық фантастикалық және қорқынышты жаратылыстар фильмде көрсетіледі.