Мейірімі мерейін үстем еткен жан
«Бесігімнің жанында отырып, маған арнап шешем айтқан өлеңнің менімен бірге болмаған, менің құлағымда тұрмаған бірде-бір күні, бірде-бір минуты жоқ өмірде. Бұл өлең – менің барлық өлеңдерімнің бесігі. Бұл өлең – басым ауырғанда қисая кететін жастығым. Бұл өлең – мені қайда барсам да апаратын жарық дүниедегі тұлпарым. Бұл өлең – таңдайым кепкен кезде су ішетін бұлағым. Бұл өлең – маған қызу беріп, жылытып тұратын ошағым. Міне, жер бетінде алып жүргенім де менің – сол ошақтың жылуы».
Авар ақыны Расул Ғамзатов.
Иә, ананың ақ сүтімен ауызданып, ақ бесікте тербетіліп, ананың аялы алақанының жылуымен жаны шуаққа бөленіп өскен әрбір перзент осылай тебіренетіні хақ. Сондықтан болуы керек:
«Анасыз керек емес тақ та маған,
Адам ба ана сүтін ақтамаған?!» – деп төгіледі ақын жүрегіндегі анаға деген құрмет пен сағыныш. Мен де сондай бір аяулы жанды сағынғаннан қолыма қалам алдым. Ол – менің ғана сағынышым емес, ол – жарты ғасыр бойы өзінің еңбегі сіңген елінің сағынышы, ол – алтын асықтай ұл-қыздарының сағынышы, ол – өзін төредей сыйлаған замандастарының сағынышы.
Біздің, күллі бір қауым елдің сағынышына айналған қадірлі жанның туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Ол – мейірімімен мерейін үстем еткен білікті басшы, адал жүректі халық қызы, сүйікті жар, ардақты ана бола білген марқұм Нағима Ілиясқызы.
Нағима Ілиясқызымен кезінде тату-тәтті достықта болған ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Мәрия Жұматова: «Мәрия мен Нағима – менің жүрегімнен өзім өшкенше өшпейтін тұлғалар. Сонау бір күндері «Егемен Қазақстан» газетінде менің Мәрия мен Нағимаға арнаған «Сағыныш» деген өлеңім жарияланды» деп,
Жұбымыз әсте жазылмай,
Жайраңдап шілде жазындай.
Жүретін едік үш құрбы,
Жастықтың ерке назындай...
...Уақыт неткен жүрдек-ай,
Отырмын бүгін күрмеп ой.
Сағыныш болып қалды есте
Келмеске кеткен күндер-ай! – деген жыр шумақтарымен біздің де жан-дүниемізді бір сілкінтіп тастаған еді. Бүгінде бұл апаларымыздың бәрі де сағынышқа айналды.
Бірде бір ағылшын азаматы: «Сіздердің әйелдеріңіз неге бөтен еркекпен қол алыспайды?» – деп сұрайды мұсылманнан. Сонда ол: «Сіз неге королева Элизабетпен қол алыса алмайсыз?» – деп сұрапты. Ағылшын: «Себебі кез келген адам онымен қол алыса алмайды, ол ханшайым ғой», – дейді. Сол сәтте мұсылман былай дейді: «Біздің әйелдер де біздің ханшайымымыз, халалы болмағандар онымен қол алыса алмайды».
Иә, кезінде, ұлы жазушы М.Горькийдің де: «Мәдениеттің өресі әйелге деген көзқараспен анықталады» дегенін ескерсек, қай ұлтта, қай дінде болмасын, жалпы адамзат баласының әйелге деген құрметі алғы шепке шығып тұратынын өмірдің өзі дәлелдеген.
Замандастары мен жас ұрпақтың құрметіне бөленіп, қайраткер басшы дәрежесінде өзін шын мәнінде көрсете білген аналардың бірі – Нағима Байменова апам болатын. Ауданның кейбір қызметкерлері туралы шыққан шағын кітапта «Ана жүрегі қаншалықты кең, қаншалықты мейірімді болса, соның бәрі Нағима Ілиясқызының бойынан табылатын еді. Ешкімге міндет артпай, қарапайымдылықты мансұқ тұтқан, адамға, әсіресе, анаға тән жақсы қасиеттердің бәрін бойына жинай білген Нәкең ойлы, сабырлы қалпынан айнып көрген емес», деген сипаттама берген екен. Бұл таза шындық.
Мен қарапайым ұстаз ретінде №45 қазақ орта мектебінде қызмет атқарғанда, «Өскен өңір» газетімен, оның баспаханасымен тығыз байланыста болдым. Әсіресе, осы мектептің 60 жылдығына арналған мерейтой қарсаңында бірнеше ай бойы Нағима апайдың жанында жүріп, ол кісінің баспаханадағы бүкіл тыныс-тіршілігімен таныстым. Жалпы, әйел басшылардың қызмет барысындағы психологиясын, мәдениетін, адамдармен қарым-қатынас әдебін біршама көріп-біліп жүрген мен үшін Нағима Ілиясқызы басқа бір әлемнен келгендей әсер қалдырды. Өйткені, кездесе сала жағдайыңды сұрап, өзі еріп жүріп жасап жатқан жұмысыңа бағыт-бағдар беріп, қарамағындағы қыз-келіншектердің де сырттан келген кісімен дұрыс қарым-қатынас жасауына аса мән беріп жатса, көңілің орнында болмай ма? Осындай таныстықтардан соң Нағима апаммен жиі сұқбаттасып жүрдім.
Бірде түскі үзіліс кезінде үйге бара жатсам, Нағима апам жолда тұр екен. Ол кісінің үйі біздің үйге баратын жолдың жиегінде болатын. Бір-бірімізбен амандасып болған соң, апай: «Гүлқадиша, мен сені әдейі күтіп тұрмын. Сенің үйіңе дейін әлі талай жер бар. Оның үстіне үйіңде шайыңды дайындап отырған адам жоқ. Мен арнайы тамақ істеп, сені күтіп тұрмын, үйге жүр» – деді. Мен: «Ой, апай, ыңғайсыз ғой. Үйге барып түстенемін» – дегенге апам көнбеді. Амал жоқ, апамның соңынан еріп, ол кісінің арнайы дайындаған дәмін таттым. Нағима апамның небір әңгімелерін тыңдап, көңілім көтеріліп, қайта-қайта ризашылығымды білдіріп, жұмысқа кеттім. Осыдан соң Нағима апаймен жиі-жиі кездесіп, апамның ақ дастарқанынан талай дәм таттым. Әрине, бұл кісінің қатысатын, шайды бірге ішетін сыйлас, қадірлес жандары баршылық болатын. Соған қарамастан өзінен пәленбай жас кіші менің басымды сыйлап, қадірлеп, маған назар аударғанына мен апамның аруағының алдында басымды иемін.
Тағы бірде (мен ол кезде №205 мектепте директормын) кешке үйге қарай келе жатсам, апам үйінен шықты да, соңымнан дауыстап тоқтатты. Сәлемдесіп болған соң: «Айналайын-ау, сенің мектебің республикалық көрмеге қатысып, министр Ш.Беркімбаевадан республикалық орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтынан алғыс алып, түрлі сый-сияпатқа ие болып келіпсіңдер ғой, құтты болсын!» – деді. Мен: «Апай, оны қайдан білдіңіз?» – деп сұрағаным сол еді, – «Орталық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында құдам жұмыс істейді, сол кісі саған және сендердің көрмеге апарған экспонаттарыңа риза болып, Шиелі ауданынан деген соң маған телефон соғып, сен туралы сұрады. Іскер директор екен деп сүйсінді» – деп көңілімді көтеріп тастады. Нағима апам да ол кісіге менің жұмыстарым туралы мақтанышпен айтқанын жеткізді. Ол – сол институттың белді ғалымдарының бірегейі, қазақтың маңдайы жарқыраған өте сымбатты жігіттерінің бірі Төлемісов ағамыз еді. Өкінішке қарай, мен Алматыға көшіп барған соң министрлікте бір рет ғана ол кісіні көріп, сұхбаттасып қалдым. Көп ұзамай, тамаша педагог ғалым дүние салды. Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» демеуші ме еді, сол кездескенде Нағима апам біз үшін қуанғанын жасыра алмай: «Гүлқадиша, бұл деген ауданның, облыстың абыройы ғой, айналайын ана кісі тіпті риза болып, «ауылда осындай мектептің бары қандай жақсы!» деп жатыр, мен де мәз болдым» деп жүзі бал-бұл жанып тұрды. Қазір ойласам, Нағима апаммен менің сол соңғы рет жүздесуім екен... Жаны жәннатта болғай!
Сүлеймен пайғамбар бір күні демалып отырған кезде кудесінде жорғалап бара жатқан құмырсқаны алып, лақтырып жібереді. Жәбірленген құмырсқа ашуланып: «Әй, Алланың пайғамбары, сен маған аяушылық етпестен неге лақтырасың? Қиямет күні Жер мен көктің иесі, жәбірленушінің ақысын зұлымдық етушіден алып беретін, әділдік иесі Алла Тағаланың алдында жауап беретіндігіңді ұмыттың ба?» – дейді. Құмырсқаның бұл сөзін естіген Сүлеймен пайғамбар есінен танып қалады. Сәлден соң есін жинап, құмырсқадан кешірім сұрайды. Сонда құмырсқа «Менің үш шартымды орындамайынша, сенің жәбіріңді кешірмеймін» дейді. Сүлеймен оның қандай шарт екенін сұрайды. Құмырсқа оған «Біріншіден, бірдеңе сұрап келген адамды бос қайтарма, өйткені сенен қайыр сұраушы шын мәнінде Алланың саған берген кеңшілігінен сұрап келеді. Олай болса, оларды Алланың кеңшілігінен қалайша тыясың? Екіншіден, осы дүниеде өзіңе берілген артықшылықтарға алданып дандайсыма, жүрегің қатаяды. Саған бүкіл патшалықты берген Алла Тағала екенін есіңде сақта. Үшіншіден, көмек сұрап келген адамнан қолыңнан келгенді аяма» – дейді. Сүлеймен оған бұл шарттарды орындауға уәде береді.
Адамның адамгершілік қасиеті көп жағдайда шыққан тегі, өсіп-өнген ортасына да байланысты болатынын ғылым жоққа шығармайды. Француздың әйгілі математигі әрі жазушысы Б.Паскаль «Адам неғұрлым ақылды, мейірімді болған сайын, соғұрлым өзгенің жақсылығын бағалағыш келеді» дейді.
Қызылорда қаласында қызметкер отбасында дүниеге келген Нағима Ілиясқызының соғыс ауыртпалығына байланысты еңбекке етене араласуы, облыстық, аудандық партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқаруы халықпен етене жақын араласып, олардың жан дүниесіне жастайынан үңіле білуінен де бойында мейірім, шапағатының артып отырғанын байқауға болады. Соңғы 47 жыл бойы өз өмірін баспахана ісіне арнаған болса, оның 22 жылында Шиелі ауданының баспаханасында директор болып қызмет атқарған мейірімді жан адамдарға қуаныш сыйлауға әрқашан да асығушы еді. Басшылық қызметте жүрген әйелдердің көбісінің лезде кеудесіне нан пісіп, жасы кіші, қызметі төмен жандарға бет қаратпайтынын мен жүрген-тұрған ортамда талай рет кездестіргендіктен, Нағима Ілиясқызының қарапайымдылығы мен кішіпейілділігіне сүйсінуші едім. Ол кез апайдың ері Әбілқасым Палымбетов ағамыз өңірге танымал белді де беделді азаматтардың бірі, олардың ұл-қыздары қызметке араласып, отбасылы болған шақтар. Төрт ұл, бір қызды өсіріп, ел сүйсінетіндей білім алып, тәрбиелі болуына бар күш-жігерлерін сарп еткен Әбілқасым аға мен Нағима апамыз мерейлі отбасы иелері еді. Сондықтан да болар, Нағима Ілиясқызының әрқашан «Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат. Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы берік ұстанғаны.
Елге қайырымды, бойындағы бар қасиетін халыққа жақсылық жасауға арнаған бұл кісі өзінің іс-әрекетімен айналасындағыларды да адамгершіліктің ақ туын жықпауға тәрбиелеп кеткен мекеме басшысы болды. С.Мұқановтың «Гүлден ұрық шашылса, гүл тарайды әлемге» деген сөзі бар екен. Нағимадай анадан туған ұл-қыздар бүгінде еліміздің шаңырағына бір-бір уық болып шаншылып, жақсы ұрықтан таралған гүлдердей жайнап, құлпыра да алды. Сонау Астанада талай лауазымды қызметтер тізгінін ұстаған Болатының өзі таудай болып көрінсе, бүкіл бойындағы білімі мен білігін, қажыр-қайратын ауданның көркеюі мен гүлденуіне арнаған қызы Нәйла Әбілқасымқызының қайраткерлігіне қалай сүйсінбейсің?!
Нәйлаға қызмет бабымен өзгелер секілді өзге қалаларға кетіп қызмет ету мүмкіндігі болғанымен, ата-анасының еңбегі сіңген жерге «Туған жер – төрім мәңгілік» деген ұстаныммен бірнеше лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып келе жатқаны халық назарында. Қорқыт бабаның нақыл сөздерінде «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман... Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді» деген жолдар бар. Ендеше, Нағима Ілиясқызынан туған Болат, Нәйлалардың ел сүйсінетіндей қоғамшыл, іскер, еңбекқор болулары тегін емес. Палымбетовтердің қасиетті қара шаңырағын шаттыққа толтырып, Әбілқасым ағаның азаматтық ажарын аша білген, республиканың баспа ісіне бүкіл саналы ғұмырын арнап, соңынан ерген іні-сіңлілеріне бағыт-бағдар беруден жалықпаған Нағима Бәйменованың еліне сіңірген еңбегін тарих төріне көтеру – оны білетіндердің адами міндеті.
Баспахана – өте ауыр жұмыс орындарының бірі. Осы мекемеге жақындай түскеннен түрлі бояулар, қағаздар, темір-терсек, машина-аппараттардан шығатын иіс, дыбыстар құлағыңды тұндырып, тыныс жолдарыңды тұтып қалады. Бұл жерде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеу дегеніміз – денсаулығыңды құрбан ету. Мұндағы Болған, Шәркүл, Жұмакүл, Мәлика сияқты ауданның бетке ұстар еңбекқор баспагерлерінің еңбегі арқылы аудандық газет қана емес, түрлі мәдени, тарихи шараларға арналған кітапша, буклет, суретті плакаттар үздіксіз басылып шығып жататын. Сол жылдарда 70 мыңдай халқы бар үлкен ауданның баспаханадан шығатын ірілі-ұсақты дүниелерін арнайы графикпен де, графиктен тыс та жарқыратып шығарып, мекемелер мен жеке тұлғалардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуді ұйымдастыруда Нағима Ілиясқызы шаршағанын, ауырғанын да сездірмей еңбек еткен жан.
Тіршілікте өкінбестей болу үшін,
Халқыңа жүрегіңді жалғау керек.
Өлгенмен, өлмейтіндей өлу үшін,
Отанға өміріңді арнау керек», - десе, Мұзафар ақын, Нағима Байменова апамыз халқына сол жүрегін жалғай, Отанға өмірін арнай жүріп еңбек үлгісін қалдырып кетті.
Гүлқадиша НЫСАНБАЕВА,
педагог-зерттеуші,
ҚР Білім беру ісінің үздігі