Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киімнің киесі бар ма?

Киімнің киесі бар ма?

«Адам көркі – шүберек». Иә, киімнің адам өмірінде алатын маңызы зор. Қазақ халқы тіпті тұрмыс-тіршілігіндегі жас ұрпаққа беретін тәрбиені де осы киіммен байланыстыра отырып, адами құндылықтарды түсіндірген, жат әдеттерден аулақ болуға баулыған. Мысалы, «Бас киімді жерге тастама, бағың таяды», «Бас киімді теріс киме, лақтырма, баспа, ойнама» деген сияқты ырым-тыйымдар айтып, оның қадір-қасиетін жіті түсіндірген. Әсіресе, ер адамдардың киімін аяқ асты қалдырса, абыройы кеміп, бағы таяды, одан қалды өзіндік рөлін жоғалтады деп ырымдаған. Яғни бұл жерден халқымыздың ер адамды жоғары бағалайтынын көруге болады. Сондықтан киімге қатысты әрбір тыйымға мұқият қарап, оны күнделікті өмірде қолданған.
Мұны біз шаңырақтың шырағына айналған көнекөз қариялардың әңгімесінен аңғара аламыз. Расында, егде тартқан кісілердің қай-қайсысы болсын киімде де кие бар екенін айтады. Сондай жандардың бірі – жетпістің желкенін тартқан Шәмшат Әбдіраманова.
– Бас киімді береке-бірліктің, байлықтың бастауы деп білемін. Оны киюдің орасан пайдасы бар. Ең әуелі денсаулыққа, сосын тазалыққа негіз десек болады. Біз де жас болдық. Анамыз орамалыңды басыңнан тастама деп жиі айтатын. Оның мән-мағынасын санамызға құйып, ұғындыратын. Тіпті жаңа түскен келіндерге «Орамалыңды басыңнан тастасаң, шайтан үймелейді» деген сөзді айтатынын жиі еститінбіз. Бұның астарында терең тәрбие жатыр. Мен де өз халімше жастарға насихаттап, бас киімнің киесін түсіндіремін, – дейді ақ жаулықты әже.
Бірақ кейуананың сөзімен келіспейтін жастар да баршылық. Себебі, бүгінгі жеткіншектердің көбісі Еуропа стилінде киінгенді жақсы көреді. Сәйкесінше, киімнің киесі бар дегенге илана бермейді. Мәселен, 26 жастағы Маржан сондай жандардың қатарында. Ол қазақы қаймағы бұзылмаған ауылда өссе де, бойжеткен шағында батыстықтардың стиліне еліктей бастаған. Ол бұл жайында:
– Мен көбіне заман талабына сай киінуге тырысамын. Және оның ешқандай әбестігі жоқ деген ойдамын. Әсіресе, соңғы үлгідегі киімдер ұнайды. Өзім тұрмыста болмағандықтан, орамал тақпаймын. Алайда, ас әзірлеп, үй шаруасымен айналысқанда ақ жаулықты тағуға тырысамын. Ол ең алдымен тазалықтың белгісі. Алдағы уақытта отау құрып, шаңырақ көтерсем де орамал тағамын деген ойдамын. Егер жарым мен ата-енем тақпауға рұқсатын берсе, оған да келісемін. Жалпы айтқанда, мен орамалды тек тазалық пен жинақылықтың белгісі ретінде қабылдаймын. Шыны керек, оның айтарлықтай киесі бар дегенге сеніңкіремеймін, – дейді бойжеткен М.Қозыбай.
Хош. Әр адамның әртүрлі пікірі бар. Біз әлдекімдердің ойына тосқауыл жасап, «Сенікі дұрыс емес» деп төрелік ете алмаймыз. Оның үстіне қазіргі қоғамда «Заманына қарай адамы» деген түйсік қалыптасқан. Бірақ заман ағымына ілесеміз деп көптеген үрдіс пен жөн-жоралғыны жұрт жадынан жоғалтып алмаймыз ба? Әсіресе, жаһандану дәуіріне ілескен жастардың ішінде тіпті кейбір салттың атын да білмейтіндері бар. Бірақ тәрбие күшіне айналған тыйымдар сол қалпы сақтаулы екенін де жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, кейбір тыйымдардың берер өнегесі сан ғасырлар бойы дәлелденіп келеді. Біз бүгінгі тақырыпқа арқау еткен киім де солай.

Фариза КЕНЖЕШОВА

16 қараша 2019 ж. 1 823 0