Басқа біреудің киімін неге киюге болмайды?
Адам іңгәлап ана құрсағынан шыға салысымен оны медбикелер жөргекке орап, киіндіреді. Содан адам Жер-ананың құрсағына кіргенше үстінен киімін тастамайды. Осы киім арқылы басқаның бақытсыздығы жұғуы мүмкін бе?
Тұрмыс түзеліп, жағдай жақсарса да той-томалаққа абысынының, құрбысының көйлегін сұрап киетіндер әлі де бар. Алтын сырғасына дейін тағып, тіпті аяқ киімін де бір күнге сұрайды. Мұндай адамдарда «үш сағаттық тойға бола жаңа көйлек сатып алып қайтем?» деген психология қалыптасқан. Олар жаңаны сатып алуға ақша қимайды. Осыған қарама-қарсы психологиядағы адамдар да бар. Олар ескіні тастауға қимайды. «Сапасы жақсы, маған сыймай қалды. Киіп тоздырып таста» деп, құрбысына, көршісіне т.б. адамға беріп жатады. Мұндай екі түрлі психологиядағы адамдар айналаңызда болса, онда сізді аларда және берерде «Бөтеннің киімін киюге бола ма?» деген сұрақ ойландырмай қоймасы анық. Расында да, басқа біреудің киімін киюге бола ма? Медицина көзқарасы қандай? Тері аурулары киім, сүлгі, тарақ, табан қыратын, тырнақ алатын, қас тергіш құралдары, қайшы, ұстара, аяқ киім арқылы жұғады. Тері ауруларынан сақтану үшін, өзгенің терімен жанасатын кез келген бұйымын қолданбаған жөн. МЫСАЛ: Қолтығында жағымсыз иісі бар адамның көйлегін кисеңіз, міндетті түрде ол сізге жұғады. Сол сияқты аяқ киімнен шуаш жұғады. Жұққанын сіз теріңізден шыға бастаған қолаңса иістен байқайсыз. Ал иіссіз болса, жұққанын аңғармас та едіңіз. Бірақ біліп қойыңыз, тері ауруларының бәрі иісті емес, сондықтан да өзгенің киіміне құмартпай-ақ қойғаныңыз дұрыс. Әйтсе де, медицина мамандары хлормен немесе ыстық суда антибактериальды жуғыш ұнтақпен үш рет жуылған киім жұқпалы бактериялардан түгелдей тазаратындығын да айтады.
Эзотериктер не дейді?
Айта кетейік, эзотерика – бұл білім мен дін арасындағы шындықты зерттейтін, құбылыстардың ішкі байланыстарын түсіндіретін ілім. Эзотерика мамандары «Жер бетіндегі барлық тірі және жансыз заттардың энергетикасы бар. Сол сияқты әр адамда да энергетика болады. Адам энергетикасының белгілі бір бөлігі (эмоциясы, ойы, уайымы, проблемасы т.б.) ол қолданған заттарда, киімдерде қалып отырады. Мұндай ақпараттарды экстрасенстер ғана «оқып, көре» алады. Энергетиканың жақсысы да, жаманы да кездеседі. Ол келесі бір адамның биөрісіне әсер етпей қоймайды» дейді. Эзотериктердің энергетика деп отырғанын қарапайым тілмен мен былай түсіндірсем, жалпыға ұғынықты болар. Бұны «із» деуге болады. Қолдың, аяқтың, саусақтың, терінің, тістің т.б. іздері. МЫСАЛ: Қылмысты ашу кезінде оқиға болған жердегі есік, терезе және сейф тұтқалары, тұрмыстық заттар, электр сөндіргіштер, автокөлік рульдерінде қалған қол іздері арқылы іздестіру жүргізілетінін көпшілік жақсы біледі. Сот экспертологиясы тіпті, қол іздері арқылы қылмыскердің жынысын, жасын, кәсібін де анықтай алады. Қолдың ғана емес, аяқтың да папиллярлы сызықтарының іздері қылмысты ашу жұмысында қолданылады екен. Тіпті, былғары және мата қолғапқа сіңіп қалған терді, аяқ киім ұлтарағындағы, шұлықта қалған статикалық ізді зерттеу арқылы қылмыскерді идентификциялауға болады. Демек, эзотериктердің бөтеннің киімі арқылы теріс энергетика беріледі дегеніне сенуге болады. Десек те, эзотерикиктердің айтуынша, отпен – балауыз шаммен аластау арқылы өзгенің жағымсыз энергетикасын жояға болады екен. Дін мен дәстүрімізде не айтылған? Ислам дінінде басқа біреудің киімін киюге болмайтыны туралы нақты ешнәрсе айтылмағанымен, Аллаһ Тағала Құран Кәрімнің 74-сүресінің 4-аятында: «Киіміңді тазала» деп бұйырған. Ал, халқымызда киіммен байланысты шала туылған нәрестені тымаққа салу, иткөйлек, баланы бесікке салғанда бесік үстіне жеті түрлі сырт киім жабу, жаңа түскен келіннің басына ақ жаулық жабу, ұзатылған қыздың артынан киім апару, күйеу киімі, шапан жабу, жігіт түйе, киіт беру, қайтыс болған адамның киімін тарату секілді салт-дәстүр көп. Сондай-ақ, киімді «бисмилла» деп ки, аяқ киімді төңкеріп қойма, бас киімді баспа, шалбарды түрегеп тұрып киме деген сыңайлы тыйымдар мен баласы жоқ келіншектердің бала туған аналардан иткөйлек алатын ырым да жоқ емес. Бұның әрқайсысында терең тәлім жатыр. Тәлім-тәрбие демекші, адамның мінез-құлқына ғана емес, киген киіміне де қарап «тәрбиесіз», «тәрбиелі» деп айтып жатады. Демек, киім – адамның денесін ыстық пен суықтан қорғаушы ғана емес, сонымен қатар ар-ұятына да қорған. Адамды басқа тірі тіршілік иелерінен ажыратып тұрған ең бірінші ақыл-санасы болса, екіншісі – киімі. Олай болса, киімге үлкен құрметпен қарап, оны басқаға берудің және өзгенікін киюдің қажеті жоқ-ау?! Ал, сіз не дейсіз?
Жазира СМАҒҰЛОВА,
ERNUR.KZ