Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалдырған ізі мәңгілік

Қалдырған ізі мәңгілік


Бүгінде балалық шағымды ойласам, көз алдыма ең алдымен мектепте өткізген бақытты балдырған, балауса күндерім келеді. Қарап тұрсам, кейін өмірде өз орнымды табуыма сол жылдардың қалаған негізі ерекше бітімді екен. Бұл үшін мен ең алдымен сол білім мекенінде өзіме тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаздарым алдында қарыздармын деп есептеймін.
1964 жылы Шиелідегі №47 М.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінің бастауыш бөлігін бітіріп, жоғары сыныпқа көштік. Жаңа оқу жылы басталған 1 қыркүйек күні біздің сыныпқа мектептегі өзіміз сырттай үлгі тұтып жүрген ең көрікті мұғалімдердің бірі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Досмахан Сұлтанов ағай жылы жымиып, күлімсіреп кіріп келді. Ол шынында өзінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен, жұртпен қарым-қатынасымен ерекшеленіп тұратын кісі болатын. Ағай келген бойда өзінің біздің сыныпқа жетекші болып белгіленгенін айтып, осыған қатысты жұмыстарын бастап кетті. Сынып бөлмесін жағалап жүріп келіп, менің тұсыма тоқтады да, басымнан сипап тұрып: «Бұдан былай Серік сендердің старосталарың болады», – деді. Кесіп айтты. Негізі, мен сабақты жақсы оқушы едім. Бастауыш сыныптарда ­Рахима Тоқмырзаева апайдан дәріс алған жылдары сынып үздіктерінің бірі болып келгенмін. Бірақ менен де жақсы оқитындар бар-ды. Сондықтан жаңа сынып жетекшіміздің класкомға неге мені таңдап алғаны, басқаны былай қойғанда, өзім үшін де қатты таңқаларлық оқиға болды. Әрине, мен бұл құрметке айрықша қуандым. Бұл үшін де сол сәтте шексіз бақытты едім.
Бірақ ағайдың мені дұрыс таңдап алғанына кейін өзінің де көзі жетті ғой деп ойлаймын. Себебі, мен сол күннен бастап сынып жетекшіміздің бір сөзін екі еткісі келмейтін шын мәніндегі нағыз көмекшісі, жанашыр қолғанаты бола білдім. Ағай не айтса да, соны қалтқысыз орындауға барымды салдым. Байқап тұрсам, кейін ересек азаматтар қатарына қосылып, азды-көпті ұжымға жетекшілік ете бастаған шағымда староста кезімде қалыптасқан дағдыларым мен тәжірибелерімнің пайдасы, жәрдемі өте көп болыпты. Ағай осылайша мені келешек адам басқарудың алғашқы мектебінен өткізген екен. Енді бұған қалайша риза болмассың!
Ұстазымның жанында көпшілікпен жұмыс істесе жүріп, өте көп нәрсені үйрендім. Соның ең бастысы – ­Досмахан ағай сыныптағы балалардың бәрімен тең дәрежеде сөйлесіп, шәкірттерінің, өзінің құқығын өте жақсы сақтауы еді. Біз қандай бір жағдай болғанда да оның оқушыларға қатты айғайлап, жекіп, ұрсып сөйлегенін ешуақытта көрген емеспіз. Ол кісіде оқушыға дауыс көтеріп сөйлеу деген әсте болмайтын, нені айтып, нені түсіндірсе де, өзінің бастапқы сабырлы қалпынан бір айнымай, бір сыдырғы мәйім үнімен жетеге жеткізіп беретін. Ағайдың сабақ берудегі өнегесі де өзгеше еді. Ол сыныпқа кіріп келгенде, бұған дейін ұлардай шулап отырған балалар заматында сап тыйыла қалатын. Ал мұғаліміміз сыныпты көзбен бір шолып шыққасын-ақ кідірмей кезекті сабағын бастап кететін. Бәлкім, мінезінің ерекшелігінен шығар әлде сабақты өте жақсы түсіндіріп беретіндігінен бе екен, әйтеуір оқушыларды өзіне бірден тартып ала қоятын. Сол бойда бәріміз аузымызды ашып, «Бүгін не айтар екен?» деп оның бетіне қарап отыратынбыз. Ағайдың әр сабақ сайын өткізілген тақырыпты құйып беретіні сонша, ертеңіне кітапты ашпай-ақ оның айтқандарын сол күйінде айтып беріп, жақсы баға алып жататынбыз.
Мен өзім бала жасымнан ұстаз біткенді зор құрмет тұтып, қастерлейтін адаммын. Мектепте де бір мұғалімнен бір мұғалімді бөліп қараған емеспін, олардың бәрін де құрмет тұттым. Бірақ мен үшін бәрібір Досмахан Сұлтановтың әзелден орны да, оябы да бәрінен бөлек еді. Бұған ұдайы ағайдың жанында жүріп жетілгенім, оның ұстаз ретіндегі қызметі мен қабілетіне сүйсінгенім себеп те шығар. Ол әуел ­бастан Абай айтатын «ақырын жүріп, анық басатын» мұғалімдер сұрпынан болатын.
Біз оқып жүргенде, композитор Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым» атты атақты әні шықты. Мен оны тура өз ұстазым Досмахан ағайға арналып айтылғандай қабылдап жүрдім. Сондықтан да әннің қайырмасындағы:
«Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым!» – деп келетін жолдарды шырқағанда, әлі күнге дейін көз алдыма Досмахан Сұлтанов ағай келе қалады. Оның ұдайы жадымда жаңғырып жүретіні де рас. Ол менің санамда мәңгілік ізін қалдырған нағыз ұстаз еді.
Әлбетте, мұның бәрі бекер емес-ті. Бұл жалғанда ештеңе де өзінен өзі жасала салмайды. Жер бетінде тіршілік ететін кез келген адамның өмірге келгендегі өз мақсаты, өз жолы, өз тағдыры бар. Әрбір жан жазмыштың бұйрығымен маңдайына жазылып қойылған міндетін өзіне берілген уақыттың ішінде орындап шығады. Бірақ сол миссияны әркім білімі-білігіне, қарым-қабілетіне, парасат-пайымына қарай әртүрлі санада, сапада, деңгейде орындайды. Өзіне белгіленіп берілген борышты белгілі бір уақыт ішінде адақтап бітіре салатын да, оны бүкіл өмірі бойына жүзеге асырумен жүретін де кісілер кездеседі. Әлбетте, бұлардың соңғыларын сол үшін жұрт «өз ісіне шексіз берілген шебер» ретінде бағалап, ол өмірден өтіп кеткеннен кейін де атын аспандатып, даңқын дабылдатып жүреді. Сондай салауаттылар сойынан табылатын біздің Досмахан ағай өмірге ұстаз болу үшін келген абзал жан еді.
Осы ретте қазақтың даңғайыр ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің:
«Мұз жамылып жатпасын деп қыста мен,
Жылы жел боп маңдайымнан сүйіп ең.
Бір ғажайып құзар-шыңды нұсқап ең,
Өзіміздің Алатаудай биік ол», – деген жыр жолдарынан да мен әрдайым өз ұстазымды, сынып жетекшімді көргендей боламын.
Расында Досмахан «ұстаздардың ұстазы» еді. Бұған оның бүкіл саналы ғұмырын біржақты ұстаздық қызметке арнауының өзі дәлел. Олай дейтініміз, 1941 жылдың күзінде 15 жасынан мұғалімдік жолға түскен ағай 1991 жылы зейнетке шыққанға дейін педагогика саласына өзінің тура 50 жылын арнаған екен. Осы жарты ғасырлық уақыт ішінде оның алдынан сан мыңдаған шәкірт тәрбиеленіп өсіп, өмірге жолдама алды десеңізші! Оның шәкірттері арасында бүгінде ел-халыққа жақсы танымал болған тұлғалар өте көп. Мен солардың арасынан белгілі жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лау­­реаты Оразбек Сәрсенбаевты атап өткім келеді. Бұған Оразбек ағайдың ҚазГУ-дің филология факультетін бітіріп, бірер жыл «Лениншіл жас» газетінде қызмет еткеннен кейін біздің мектепке мұғалім болып келгені себеп. Ағайдың қолында «Қызылдиқан» ауылындағы жетіжылдық мектепте оқыған Орекең сол келгенінде бізге де сабақ берді. Сонда ол өзінің әдебиет жолын таңдап, жазушылыққа бет бұруына Досмахан ағайдың өте үлкен ықпалы болғанын айтатын еді. «Егер бала жасымда Досмахан Сұлтанұлы сияқты ұлы ұстаздың қолына түспегенімде жазушы болып шығуым екіталай еді, – дейтін Оразбек аға. Ол менің әдебиетті сүюіме, жазушы болуыма бірден-бір әсер еткен алғашқы ұстазым. Соның арқасында осы мамандықты таңдадым. Сондықтан ол кісіні біздің қазіргідей елдің азаматы болуымызға септігі тиген, бағыт берген кісі деп қатты қадірлеймін. Мұның ақиқат екенін даңғайыр жазушы бертінде елге келген кездерінде де әрдайым айтып жүрді. Міне, ұстаз шапағаты деген осы болса керек.
Қазір өткен жылдардың биігінен қарап тұрғанда, Досмахан ағайдың шынында пейілі педагог болу үшін жаралған жан екеніне иманымыз кәміл бола түседі. Ол кісі 1927 жылы Шиелі ауданындағы Жуантөбе ауылдық округіне қарасты Қызылдиқан ауылында дүниеге келген екен. Ал 1934 жылы ауылдағы мектеп табалдырығын аттаған. Бұдан әрі 1940-1941 жылдары Шиелі кентіндегі 1 Мамыр мектебінде оқып, жетіжылдық білім алып шығады. Осы жылы мектепті үздік бітірген жасөспірім бала өзі туып-өскен «Қызылдиқан» ауылындағы №214 Ворошилов атындағы мектепке бас­тауыш сыныптардың мұғалімі болып қызметке алынып, өзінің табан аудармай ұзақ жылдарға созылатын ұстаздық эпопеясының ілкі қадамын бастайды. 1945-1946 оқу жылын «Жиделіарық» ауылындағы мектепте өткізген ағай 1947 жылы туған ауылына оралып, орыс тілінен сабақ береді. Бұдан кейін 1951-1955 жылдары «Ақтоған» ауылындағы жетіжылдық мектепте оқу ісінің меңгерушісі болады. Осы жылдардың бәрінде мектептен қол үзбей білімін көтерген ұстаз 1951 жылы Түркістан педагогикалық училищесін, 1955 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай бітіріп шығады.
Жоғары білім алғаннан кейін Досмахан ағайдың қызмет сатысымен өрлеп-өсуіне жол ашылады. Ол 1955-1959 жылдары осылайша Қызылдиқан ауылындағы №214 Ворошилов атындағы жеті жылдық мектеп директорының міндетін атқарушы, мектеп директоры болып қызмет атқарады. Кезінде аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін ұзақ жылдар басқарып, осы өңірдің «Бибіпатимасы» атанған марқұм Ұлман Мәміреева апамыз өзінің бір сөзінде ағайымыз туралы: «Досмахан соғыстың қызып жатқан уағы – 1942 жылы туған ауылы Қызылдиқанда»жеті жылдық мектептің мұғалімі болса, мен колхоздың бас есепшісі едім. Ауыл мектебінің төбесі жаппа ұзынша үй болатын. Жауын жауғанда оның шатырынан төменге су сорғалап тұратын. Сол кезде әлі жасы он сегізге де толмаған Досмахан шелекпен төменнен лай тасып, су ағатын жерлерді бітеп, әуреге түсіп жататын. Осылайша қысқа дайындықты бір өзі атқарып шығатын. Ол жас кезінен еңбеккеш еді. Соғыстың ауыр кезеңінде аудандағы кейбір елді мекендерде мұғалімдердің жетіспеушілігінен жабылып қалып немесе біріне-бірі қосылып жатты. Бір ауылдың балаларының келесі ауылдағы мектепке қатынап оқитын жағдайлары да жиі кездесті. Ал Қызылдиқандағы мектеп Досмаханның бір өзі бірнеше пәннен сабақ беруінің арқасында жабылмай, сақталып қалды. Мен ауылдың есепшісі болғандықтан, ауданнан келген комиссия мүшелерімен бірге мектепті тексеруге бірге жауап беретін едім. Сондықтан бұл жайлардың бәріне жақсы қанық болдым», – дегенді айтып еді. Осының өзінен ағайдың жанкештілігі, өз кәсібін өте жақсы көретіні анық байқалады.
Дәл осылай ұлағатты ұстаз болу үшін жаратылған Досмахан Сұлтанов 1959 жылы біз №47 М.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттаған жылы мұғалім болып келеді. Содан зейнетке шыққанынша ешқайда табан аудармай, ұстаздық етеді. Осы жылдарда біздің сүйікті мұғалімімізден үйренген үрдісіміз, терген тәліміміз аз болған жоқ. Ол бізді ең алдымен ізгілікке, адамгершілікке, сұлулықты сүюге, жақсылықты көре білуге тәрбиеледі. Өзі мектептің қоғамдық өміріне белсене араласты, партия және кәсіподақ ұйымдарының мүшесі болды. Ал пән мұғалімі ретінде республикалық, облыстық және аудандық баспасөз беттерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдіс-тәсілдері жөнінде ұдайы пайымды мақалалар жариялап тұрды. Ол сонымен бірге мектептің драма үйірмесіне жетекшілік жасау арқылы да жас ұрпақтың өнер мен білімге деген көзін ашты. Сол кезде мектеп сахнасында қойылатын спектакльдердің бәрінің мәтінін белгілі жазушылардың түрлі шығармаларының негізінде дайындайтын режиссердің де қызметін атқарды.
Менің ағайға тағы бір таңқалатыным, өзі жетекшілік ететін сынып оқушыларының барлығының отбасы мүшелерін жақсы танып-білуші еді. Себебі, өз шәкірттерінің үйлеріне жиі барып тұратын. Соның ішінде біздің шаңырағымызға да аз келген жоқ. Өйткені, біздің мектепте менің алдымдағы апам да, менен кейінгі қарындасым да оқыды. Ағай сол кездері үйге келіп, әке-шешемізбен емен-жарқын әңгімелесіп кететін-ді. Кейін ойланып қарап отырсам, бұл кез келген мұғалімнің қолынан келе бермейтін қабілеті екен. Мұны тек бала жанының шын мәнінде бағбаны бола алатын, өз оқушыларына шындап жаны ашитын ұстаздың ұстазы ғана жасай алады.
Досмахан ағайдың ұйым­дастырушылық қабілеті де керемет еді. Біз сонау бесінші сыныптан бастап оның мектепішілік және мектептен тыс жұмыстарының бәрінің қасында жүрдік. Сонда бізді тарихи орындарға жиі апарып тұратын. Ағайдың бастауымен Кентау, Түркістан қалаларын, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарына талай бардық. Сондайда алдымен мені шақырып алып, «Осындай ой бар, барғаннан кейін балалар шашырап кетіп қалып жүрмесін, сен маған көмекші бол» деп тұратын. Бұдан бөлек, ара-тұра елге есімдері белгілі еңбек адамдарын мектепке кездесуге шақырып, соның барлығының жоспарын өзі жасап отыратын. Осы кездесулердің нәтижесінде біз атақтары Одаққа дейін танылған даңқты диқандар, Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаевтың, Шырынкүл Қазанбаева мен Ұлбала Алтайбаеваның өнегелі өсиетке бергісіз әрлі әңгімелерін тыңдау құрметіне ие болдық. Бұлардың бәрі біздің санамызда өшпестей із қалдырды. Осы қауышулар біздің мерейімізді өсіріп, келешекке деген сенімімізді арттырды. Осының арқасында білімге деген құштарлығымыз еселене түсті.
Осындай ұстаздың қолдауы мен дем беруінің арқасы шығар, жалпы мектепте мен жаман оқыған жоқпын. Білім ордасын 1969 жылы бітірер кезде тек екі пәннен ғана төртке шығып қалып, алтын медальға іліне алмадым. Мұның есесіне, жоғары оқу орнына көп қиналмай түсіп кеттік. Өмір осылай жалғасып жатты. Ақырында жоғары білім алып, елге келдік. Мен еңбек жолымды Қызылордада бастадым. Жұмысқа белсене араластық. Күндердің күнінде қызмет сатысымен өрлеп, ел-жұртқа танымал болатындай дәрежеге де жеттік. Бірақ мен осы кездердің бірде-бір белесінде ұстазымнан байланысымды үзгенім жоқ. Бұл қарым қатынас ол кісіден өмірден өтіп кеткенше жалғасты. Шиеліге жол түсіп барған кездерімде ағаймен арнайы кездесіп қалып жүрдік. Кейде біздің қолымыз босамай жатқанын білсе, біздің түскен жерімізге өзі іздеп келіп тұратын. Салған жерден ұстаз бен шәкірт қалпындағы әңгімелеріміз жарасып жүре беретін.
Мен үшін «бұрынғы ұстаз» деген ұғым жоқ. Ұстаз – мәңгілік категория. Себебі, ол шәкірті үшін өзінің бүкіл өмірі бойына ұстаз болып қала береді. Мұны әрдайым Досмахан ағаймен кездескен сәттерде айрықша сезініп жүретінмін. Онымен әркез шәкірт есебінде әңгімелесіп, сырласушы едім. Ұстазым да сол баяғы менің балаң күнімдегідей өзінің әр нәрсеге байланысты ақыл-кеңестерін айтып, тілекшілік ниетін білдіріп тұратын. Кейде бір менімен жолығыса алмай қалған кездерінде жұбайым Сәрсенкүлмен сөйлесіп, әлденелер жөнінде өз ойларын жеткізіп жататын. Соның ішінде, жасыратыны жоқ, ол менің өзім туып-өскен Шиелі ауданына басшылық қызметке келуімді қатты қалап жүрді. Әрине, өз шәкіртін биіктен көру әр ұстаздың арманы ғой. Бірақ барлық уақытта бірдей адамның дегені бола бере ме, мұның ешбір реті келмей қойды.
Досмахан ағай бізге өзінің ешқашан өтірік айтпайтын шыншылдығымен, ештеңені бүркемелемейтін тура­шылдығымен, қайда да тәртіпті ту ететін талапшылдығымен үлгі-өнеге болды. Бәрін әріден ойлап тұратын тереңдігі мен адамның көңілін қалдыруды жөн көрмейтін адалдығы қай кезде де жаныңды баурап алатын. Әрбірден соң тал бойына қылау түсірмейтін тазалығы мен сымдай тартылған тұлғасы да бізді әрдайым сондай болуға шақырып тұрғандай болып көрінетін. Қашан көрсең де мұнтаздай болып жүретін ағайдың жанында салдыр-салақ қалыпта жүруге кім болса да ұялар еді. Сірә, жан-жақты жарасымдылық деген осындай-ақ болар.
Досмахан Сұлтанов ұзақ жылдарға созылған ұстаздық қызметінің арқасында 1976 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алса, 1982 жылы «КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері» дәрежесіне қол жеткізді. Ал 1978 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бұдан бөлек бірнеше медальдармен және «Құрмет» грамоталарын алды. Біз бұдан ерен еңбектің лайықты бағаланғанын байқаймыз. Ендігі кезекте сапалы білім, саналы тәрбие беруде соңында өшпес із қалдырып кеткен мұндай кісілердің есімдерін жұрт жадында мәңгі қалдыру кейінгілердің парызы болуы керек деп ойлаймын. Мен осы ретте бұл кісі қандай нысанның атын берсе де, соған лайықты деп есептеймін. Бұл орайда соңғы бірнеше жылдың көлемінде бұрынғы Қызылдиқан, қазіргі Тәжібаев ауылының тұрғындары осы елді мекенде жаңадан салынған мектеп үйін ­Досмахан Сұлтановтың атымен атау турасында бастама көтеріп жүр. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Бір кездері өзі еңбек жолын бастаған, кейін бірнеше жыл директоры болған сол білім ордасына ағайдың аты берілуге тиіс. Қалай дегенде де, биыл туғанына 90 жыл толып отырған мұғалімнің мұндай құрметтің шеңберіндегі адам екеніне бұл ауылда күмән келтіріп отырған ешкім жоқ.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

19 қазан 2019 ж. 765 0