Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зиялылыққа жетелейтін зерделі ойын

Зиялылыққа жетелейтін зерделі ойын

Ақыл-ойдың спорты саналатын шахмат ойынын біздің заманымызға дейінгі мың жыл бұрын үндістандық математик ойлап тапқан деседі. Парсы тілінен аударғанда «шах» – «патша», «мат» – «өлді» деген мағынаны береді.
Шахматтың ойын тақтасы 64 шаршыдан құралады. Екі ойыншының 16 данадан шахмат фигурасы болады. Олар бір патша, бір уәзір, екі піл, екі ат, екі тура және сегіз пешка.
«Ең әсерлі білім – сені жеңе алатын бәсекелеспен шахмат ойнау» деп америкалық публицист Ричард Бах айтпақшы, адамның бәсекеге қабілеттілік қасиетінің дамуына шахматтың берер пайдасы көп. Әлемдегі ел басқарған айтулы саясаткерлер шахмат ойнап, табысқа жете білген.
Шахмат тұлғаның ойлау қабілетін дамытып, нақты шешім қабылдауда батылдық таныта білуіне көмектеседі.
Әр күн сайын ұсақ-түйек шаруалармен жүріп, күрделі шешім қабылдау керек жағдайға тап болағанымызда, не істерімізді білмей дал боламыз. Сол кезде ой спортымен айналысатын адам ойлау қабілетінің жаттыққанының арқасында қиындыққа тап болмайды.
Шахмат ойыны жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды талап етеді. Шыдамдылықпен шешім шығарып, қарсыласты ұтуға тырысу шыдамсыз адамның қолынан келмейді. Табысты адамдардың көбі сабырлылық таныта білгендердің қатарынан.
Ойын барысында тұлғаның логикасы да дамиды. Ал логикалық ойлау дәрежесі жоғары адамдардың бұл қабілеті өміріне оң әсерін бермей тұрмайды. Егер қарсыласыңыздың логикалық ойлауы сіздікінен әлсіздеу болса, шах сіз боларыңыз анық. Шахмат фигураларының әр түрлі жүру нұсқаларын ойлап, шешім табудағы икемділіктің пайдасы көп.
Қадам жасаттырып, шешім қабылдататын, зиялылыққа жетелейтін зерделі ойынның зиянды тұстарын алға тартатындар да бар. Кейбіреулер бір орында тапжылмай ұзақ уақыт бойы отыруды талап ететін ойын болғандықтан физикалық дамудың тежелуіне әкеп соғады десе, кейде арқа ауруы мен скалиоздың пайда болу себебін осы қозғалыстың аздығынан іздеп жатады. Ой спортында санаға салмақ түсетіндіктен моральды шаршауға әкеп соқтыруы мүмкін. Аса зиянды нәрсе емес десек те, баланың зорығып, басқа нәрсені жасауда ынтасының төмендеуіне өз әсерін тигізеді. Бір нысананы көзге алып ұзақ отыру нәтижесінде, көзге де салмақ түсуі мүмкін. Сондықтан шахмат ойынынан кейін жанарымызға демалыс беру керек.
Десе де аздаған кемшіліктері үшін ақылды жаттықтыратын алғырлар ойынынан бас тартуға келмес.

Назерке СЕРӘЛІҚЫЗЫ
20 тамыз 2019 ж. 1 436 0