Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Құдайдың өзі жіберген» Имам қолынан тастамайтын жыр кітабы жайында

«Құдайдың өзі жіберген» Имам қолынан тастамайтын жыр кітабы жайында


Осыдан 3 жыл бұрын 80 жылдығым туған жерімде аталып өтетін болды. Үкіметтің шешімі сондай еді. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов мырзаға «Мерейтойларым (60,70,75 жас) аталып келді, мемлекетке де, үкіметке де рахмет. Осы жолы мерейтойға бөлінген қаржыға, егер мүмкін болса, туған ауылыма мектеп салынса деген тілегім бар, мен соған риза болар едім», – деп өтініш айттым. Әкім бірден келісіп, облыста салынатын мектептің бірін менің ауылым – Сайрам ауданындағы Бәйдібек ауылы – Құтарысқа салуға сол жерде отырып пәрмен берді. Бұл туралы ақпарат құралдарында жазылды да, айтылды да. Менің айтайын дегенім бұл емес, әрине.
Қош, сонымен 1000 балаға арналған екі қабатты мектеп ғимараты салынып бітті. Қуанышты жүздері бал-бұл жанған балалар әсем ғимаратта оқып жүр. «Енді мектеп кітапханасына кітап керек. Алматыда, ақын-жазушылардың ортасында тұрасыз. Өзіңіздің де жазған кітаптарыңыз бар. Бізге кітап жөнінен көмектессеңіз қалай болар еді?» – деп мектеп басшылығы қолқа салды.
Алматыға келе сала өзім білетін қаламгерлермен хабарласып, үйдегі жиғаным бар, бәрін жаңа мектептің кітапханасына жөнелттім. Артынша кітапханашы Ғазиза телефон шалып: «Ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының «Мұхаммедтің мөрі» деген кітабын сұраушылар көп болып тұр. Келген бір дана кітапты ауыл имамы Мәулен ақсақал оқып көрді де, алып кетті. «Көктен іздегенім, жерден табылды. Өлеңмен жазылған Құран ғой бұл. Маған мұны Құдайдың өзі жіберді, мешітке қоямын» деп қайтарып бермей қойды», – деді.
«Мұхамедтің мөрін» оқығанмын. Шынында да, бүгінгі күннің мәселесін қозғаған имандылық, мейірімділік, ата дәстүр туралы балладалары, өлеңдері кім-кімді де ойландырғандай еді. Сол кітаптың ішінен «Нала» деген шағын өлеңін оқып көрейік.
Ұйқысынан бикеш түсте оянды,
Айна алдында армансыз-ақ боянды.
Былқ-сылқ етіп төр бөлмеге барды да
Қолына алып түйіншекті ораулы.
«Мынау», – деді затты нұсқап түюлі,
Анау шалдың оны-пұны киімі.
Апар, өткіз кәрілердің үйіне!»
Осы болды айтқан сөзі түйінді.
Шаңырақта бәрін бикеш шешеді,
Қарсы келіп қайтқан талай меселі.
Әкесі мен жалғыз ұлын мінгізіп,
Қайдасың деп кәрілердің мекені.
Тартты жігіт «мерседеспен» заулатып.
«Неғыласың әйеліңмен жауласып,
Аз ғұмырды өткізермін сол жерде»,
Деді қария орындыққа жайғасып.
«Сонда қалай, атам қайтып келмей ме?
Маған енді ертегі айтып бермей ме?»
Немересін арқасынан қақты шал:
«Айтам, балам, келіп тұр сен кей-кейде»
Қайтты жігіт «шаруасын» тәмәмдап,
Тастап шалды «Барса келмес» қамалға.
Машинаға әзер мінді балақай,
Қайта-қайта атасына қарайлап.
«Атамды біз онда неге тастадық?»
Шырылдады жанарынан жас тамып.
«Мұнда оған жасап жағдай, күтеді»,
Деді жігіт баласына ақталып.
Бұл сұмдықтан сәби жаны түршігіп,
Қапаланып, қатуланып, жұлқынып.
«Қартайғанда мен де сені осы үйге
Өткіземін! – деді бала ыршынып...»
Тынысың тарылмай, көзіңе жас алмай оқи алмайсың. Бұл өлең жазылған 1990 жылдары салтымызға жат мұндай әрекеттер енді-енді бой көтеріп келе жатса, қазір дәстүрге айналды, бойымыз үйренді. Оның несін жасырамыз? Сәрсенбектің сол кезде жазылған тағы бір балладасы туралы ой сабақтағым келіп отыр. «Меккенің әкімі» деп аталады.
Меккенің әкімі Ғұмарды бала кезгі досы іздеп келеді. Мақсаты – өткен-кеткенді еске алу, шер тарқату. Әкім жұмыс уақыты біткенше күте тұруын өтініп, қызметіне кірісіп кетеді. Кеш болады, қызмет мезгілі бітеді. Әкім досын бөлмесіне шақырып, жанып тұрған шырақты өшіріп, екінші бір көнелеу шырақты жағып қастарына қояды да, «Кел, отыр әңгімелесейік» дейді. Әкім Ғұмардың жанып тұрған шырақты өшіріп, екіншісін жаққанына досы түсінбей, таңдана қарайды. Осы сәтті ақын былайша суреттейді:
«...Әкiм Ғұмар кеңсе iсiн тамамдап,
Жанып тұрған шырақ отын алаулап.
Сөндiрдi де, екiншiсiн жандырды,
Келдi сосын қасына оның аяңдап.
Қайран қалды досы оның iсiне.
«Отырмысың алмай бұған түсiне?
Өшкен шырақ Дәулеттiкi болатын,
Ал мынаның жағармайын iшiне.
Құйған едiм өз ақ-адал ақшама,
Болады оны түнi бойы жақса да.
Дәулеттiкiн өз iсiне ұстаймын,
Қиянат қой пайдалану басқаға...»
Қандай әділдік, имандылық!
Баллада:
Сақтау керек мұсылмандық жүйенi,
Хақ-Тағала әдiлдiктi сүйедi.
Қазынаның әрбiр мүлкi – елдiкi,
Ал ел деген – халық қой ол киелi, – деп аяқталады. Ел тiзгiнi қолына тиген басшылардың елге жақын болуына, обал-сауапты бiлуiне осы өлең үндеп тұрғандай. Елді осындай жандардың басқарғанын қалайсың. Тәуелсіздігін тұғырлы ету мақсатында тер төгіп жүрген еліміз үшін үлгі боларлық жыр ғой бұл.
Қайтадан кітапқа оралайын. Содан авторға хабарласып, өлеңінің елде бағаланып жатқанын, үйде тұрғаны болса сұраушылар бар екенін жеткіздім.
Оқырман тілегін қуана қарсы алды. «Мұхаммедтің мөрі» кітабы өзінде де қалмапты. Таяу жылдары жарық көрген «Мизам шуақ» кітабының 3 данасын, «Сүмбіле жұлдыз туғанда» кітабының 2 данасын беруге келісті. Ұлттық рухқа сусыныңды қандыратын тіл, діл, дін, туған жер, дәстүр туралы поэмалар, толғаулар, балладалар мен өлеңдер бұл жинақтарда да сыңсып тұр. Оқысаң намысыңды жаниды.
Жақында «Алматы ақшамы» газетінде «Сәрсенбектің ақындық әлемі» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Авторы филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Темірхан ­Тебегенов екен. Профессор Сәрсенбектің біраз ақындық қырын ашыпты. «Сәрсенбек Бекмұратұлы – қазіргі қазақ әдебиеті дамуы үдерісінде поэзиялық және деректі прозалық шығармалармен лайықты үлес қосып келе жатқан ақын, қарымды қаламгер. Шығармаларында халық тіліндегі мағыналы сөздерді, сөз тіркестерін поэтикалық үйлесіммен, ойшылдық-суреткерлікпен қолданған Сәрсенбектің ақындық, жазушылық болмысынан сөз өнерінің киесін ұлықтаған даналықты танимыз. Ол барлық шығармаларында тіршілік қозғалысындағы жақсылық атаулының ұлағатын көркемдік-эстетикалық, ойшыл, сыршыл таныммен бейнелеп, ұлттық және жалпыадамзаттық гуманизм биіктігін сөз өнері арқылы танытумен келеді. Еңбек жолы белестеріндегі көркем туындыларымен ұрпақтар жан ділін баураған замандасымыз-құрдасымыз Сәрсенбек Бекмұратұлы – біздің мақтанышымыз. Рухани жаңғырудағы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында да шығармашылық шабыт жемістерінің мол боларына кәміл сенеміз» деп түйіндепті ойын.
Профессордың сөзіне қосып-аларым жоқ. Замандастың аузынан орамды, пейілді, сәулелі сөздің шығуы жақсылықтың белгісі. Жетпістің желкенін керіп тұрған Сәрсенбек ақыннан біздің де күтеріміз көп.


Сәбит ОРАЗБАЙ,
Қазақстанның халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

20 тамыз 2019 ж. 525 0