ҚазПОШТА өз ҚЫЗМЕТІне заманауи технология енгізді
«Қазпошта» АҚ аудандық филиалы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан, мекендерде пошта және қаржы қызметін көрсетуде сенімді оператор ретінде өзін танытып үлгерген ұжым. Заманауи пошта қызметі қазіргі таңда түбегейлі өзгерістер үстінде. Осыған орай бiз Шиелі аудандық пошта байланыс торабының директоры Арман Бимағанбетовпен жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Арман Бақытұлы, алдымен халыққа пошта қызметін көрсетудегі бүгінгі жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз. Осы саланың тәжірибесіне ене бастаған жұмыстың жаңа түрлері туралы не айтар едіңіз?
– Қазпошта – әлеуметтік құрылым. Күн сайын халықпен жұмыс істеп, қажетті қызмет көрсететіндіктен әрбір тұтынушыға сапалы қызметпен қатар, жайлы орта қалыптастыруымыз керек. Жылы қабақ танытып, тіл табыса білудің де маңызы ерекше. Біріншіден, облыс халқына кең спектрлі қаржы қызметін көрсетеміз. Айта кетсек, коммуналдық төлемдердің барлық түрлерін, шоттар бойынша қызмет көрсету, ақша аударымдары, валюта айырбастау, екінші деңгейдегі банктер қызметін қабылдау, электрондық әмияндар қызметі және де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар төлеу онлайн түрде қарастырылған.
Екінші жаңа функцияның түрі – агенттік қызмет. Қазір бірнеше банкпен келісім негізінде тұрғындарға тұтынушы несиесі рәсімделуде. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен де ортақ келісім арқылы салым есепшотын ашуға, ай сайынғы төлемдер қабылдауға мүмкіндік бар. Облыс тұрғындарына әуе, теміржол билеттерін сату жүзеге асырылып, барлық өндірістік объектілерде сатылуда. Сонымен қатар, несиелік бюро мен көлік сақтандыру қызметтері қарастырылған.
Үшіншіден, биылғы жылдың басында «Қазпошта қызметтерін үшінші тұлғалар арқылы көрсету үшін франчайзинг моделін енгізу» жобасы бастау алды. Жаңа жоба халқымызды қолжетімді жерден пошта қызметтерімен қамтуды көздейді. Ол әлемнің алпауыт елдерінде үлкен қолдауға ие. Жергілікті жерде шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Кәсіпкер осы жобаға қолдау білдіріп, ұлттық оператор терминалдарын орнату арқылы клиент жинайды. Цифрландыру ісіне ат салысады.
«Франчайзинг» операторын іске қосу үшін жеке кәсіпкерлер ұсыныс білдіруі тиіс. Автоматты жүйе қосылған сәттен бастап, мұнда коммуналдық төлемдер, салықтық және баж, агенттік төлемдер мен несие аударымдары қабылданады. Бұл өте тиімді жоба. Тек өтініш жеке кәсіпкерлер тарапынан түсуі керек. Біз оларға арнайы рұқсатымызды және толық базаны енгізіп береміз. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытады.
Біздің мақсатымыз – байланыс тораптарын ұлғайтып, пошта қызметінің қолжетімділігін арттыру, шағын және орта бизнес үшін қосымша табыс көзіне жол аша отырып, жаңадан бой көтерген ықшам аудандарда немесе жабылып қалған пошта бөлімшелерін қайта жандандыру арқылы пошта қызметімен қамтамасыз ету.
– «Франчайзинг» деп айттыңыз. Біздің ауданда бұған қызығушылық танытып жатқан кәсіпкерлер бар ма?
– Иә, бар. Дәл қазір ақмаялық «Алпамыс-Заң» ЖШС-мен келісімшарт жасалуда. Ол өзінің жүргізіп отырған кәсібінің жанынан тұрғындарға поштаның бірнеше қызметтерін ұсына алады.
– Бұл ауылдағы пошта бөлімшесінің жұмысына әсер етпейді ме?
– «Франчайзинг» операторын іске қосқан кәсіпкер төлемдер мен сәлемдемелерді қабылдағанымен, тұрғындарға ақша бере алмайды. Яғни зейнетақы, жәрдемақы секілді қызмет түрлерін тек пошта бөлімшесінен ғана ала алады. Сонымен қатар көше аралап, газет тарату жұмыстары да пошта қызметіне тиесілі болады.
– Сіздерде халықтың пошта қызметіне қатысты арыз-шағым, реніштері қаншалықты ескеріледі?
– Халықтан пошта қызметінің сапасына, қызмет көрсету мәдениетіне байланысты түсетін арыз-шағымдар болады. Әрбір арызданушының шағымы біз үшін өте маңызды. Азаматтардың арызы арқылы қорытынды шығарып, қызмет сапасын жақсартуға әрекет етеміз. Мен өзім кабинетте көп отырмаймын. Поштада кезекте отырған халықпен жиі сөйлесіп, не мәселеге көңілі толмайтынын біліп отырғанды жақсы көремін.
Жасыра алмаймыз, тұрғындардың санасында «Қазпошта» ұзын-сонар кезектен, қызмет көрсету сапасы дау мен жанжалдан арылмайды деген пікір қалыптасып қалған.
Мүмкін бір кездері солай болғаны рас шығар. Бірақ қазір мүлдем басқаша. Цифрландыру бағдарламасы аясында бізде де жаңғыру мен жаңаруға, түлеу мен түрленуге басымдық берілді. Бұл істі жүзеге асыру үшін «Қазпошта» өз қызметіне заманауи технология енгізді. Осылайша дәстүрлі пошта қызметін XXI ғасырдың талабымен ұштастырды. Нәтижесінде пошта қызметінің аясы кеңейді. Соған қарай қызмет көрсету түрі мен сапасы да жаңарып, жақсарды. Қазір ауыл тұрғындары аудан орталығына келмей-ақ елді мекендегі пошта филиалынан түрлі қызмет түрлерін пайдалана алады. Мәселен, сәлемдеме жіберу, қабылдау, кез келген банктен ақшасын шешіп алу, зейнетақы, жәрдемақы алу, коммуналдық төлемдер. Қысқасы кенттегі поштада көрсетілетін қызметтің барлығы ауылдарда да тең дәрежеде көрсетіледі.
– Бүгінде «Post.kz» атты арнайы бағдарлама жұмыс істейтінін білеміз. Бұл көпшіліктің көңілінен шыққан жоба секілді?
– Әрбiр пошта қызметiн пайдаланатын заңды және жеке тұлғалар интернет арқылы үйде отырып-ақ «Post.kz» сайтына кiрiп, пошта жiберiлуiн қадағалау арқылы хат, сәлемдеме т.б. қызмет жүйелерiн қашан, қай күнi, қай сағатта кiмге тапсырылғанын бақылай алады. Бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ қарапайым тапсырысты, құнды жазбаша және пошталық жөнелтілімдерді жіберу, қомақты және ауыр салмақты жүктерді республика ішінде жөнелту мен жеткізу, арнайы байланыс, жедел пошта қызметі (EMS қызметі), газет-журналдарға жазылуды рәсімдеу, постамат қызметі, сәлемдемелер супермаркеті сынды пошталық қызмет түрлерін ұсынып отыр. Бұған қоса коммуналдық төлемдер, салық және басқа да төлем түрлері, ақша аударымдары, депозит салымын қабылдау, халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеу, жеке және заңды тұлғаларға банк шотын жүргізу мен ашу, зейнетақы, еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін қабылдау, әуе және темір жол билеттерін сату, несие (Банк ХоумКредит арқылы) төлеу, несиелік бюро, трансфер-агенттік, шетелден интернет-дүкен арқылы тапсырыс қабылдау сияқты қызметтерді көрсетуде. Жалпы кент пен ауылдарды қоса есептегенде 24 байланыс нүктесі аудан халқына қызмет көрсетіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан
Г.ЯХИЯ