Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ителгіні неге "мұсылман құс" дейді?

Ителгіні неге "мұсылман құс" дейді?

Саят құстарының ішіндегі бүркіттен кейінгі алғыры, аң алатын қабілеттісі − ителгі. Бірақ арабтардың ителгі десе, ішкен асын жерге қоятындарының себебі басқа секілді. Оның себебін, көнегөз қариялар бұл қырантектестің мұсылманшылдығымен байланыстырады. 

Бұл туралы айтпастан бұрын, жалпы ителгі жайлы аздаған ақпар беріп өтейік. Құсбегілкті қадыр тұтқан, қазақ саятшыларының ішінде екі ұшты пікір бар. Бірі ителгінің шыдамдылығын, алғырлығын алға тартып, "Ителгі көп түлесе, дүр болады, Қаршыға көп түлесе күл болады" деп, мұсылман құсқа шаң жуытпаса, енді бірі тегі жасық, қарымы нашар, "қаршыға қазан астырады, ителгі етек былғайды" деп, келеке етеді. Бірақ ителгіні сұңқармен күйектендірсе (жанастырса), арасынан аса алғыр құс шығады деген пікір және бар.   Ителгі – өте төзімді құс, ол өзінің жемін аңдып, ұзақ уақыт бойы отыра береді. "Қолға түсіремін" деп шешім қабылдаса, оны ұстап қызылына тояттағанша дамыл таппайды. Сондай-ақ, басқа құстардан ерекшелігі және ең негізгі қаруы – аяғы. Бұл сөзіме "Барлық қыран тектестер жемтігін аяғымен алып ұрады емес пе?" деп таңырқап қалған боларсыздар. Иә, барлық қыран құстар аң аулауда найзадай саусақтарын қолданатыны белгілі. Дегенмен, ителгі жемтігін үлкен жылдамдықпен келіп, теуіп құлатады. Жердегі қашып бара жатқан қоянды екі тепкенде, омыртқасын үзіп жіберсе, қанатты жемтіктерін көк аспанда қуалап жүріп теуіп құлататын көрінеді.  Енді біз негізгі тақырыбымызға оралайық. Сонымен, ителгіні неге "мұсылман құс" дейді екен? Оның себебі мынада: ителгі қолға түсірген жемтігінің етін (мейлі құс болсын, мейлі қоян) жеместен бұрын, тамағын өткір тұмсығымен орып жібереді екен. Яғни, бауыздап барып қана қызылға ауыз салады. Мұсылман елінде де қан шығарылмай, өзі өліп қалған малдың етін "арам" деп жемейтіні белгілі. Иә, қазақ халқы да "Сенің жазығың жоқ, бала-шағамыздың азығы жоқ" деп, ішінен дұғасын жасап, басын құбылаға бағыттап бауыздаған малдың етін ғана "адал" дейді. Атадан балаға аманат болып қалған бұл адалдықты ителгі де бойына сіңірген көрінеді. Осы адалдығының арқасында бұл сұңқартектестің "мұсылман құс" деп аталып жүргенін біріміз білсек, біріміз білмейміз...  

Massaget.kz сайты
01 тамыз 2019 ж. 1 905 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930