Төлеген Байтөкеновтің «Саташ» вестерні Үндістанда кинофестивальге қатысады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18-21 шілде аралығында Үндістанның бірнеше қалаларында (фестиваль орталығы Дели) өтетін Jagran Film Festival кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына Төлеген Байтөкеновтің «Саташ» көркем фильмі қатысады, деп хабарлайды «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі.
Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.«Саташ» картинасы қылмыскерлермен шайқасқа түскен ауылдың адал Саташ есімді учаскелік полицейі туралы баяндайды. Қарақшылар тұрғындарға күш көрсете бастағанда, бас кейіпкер Саташ (актер Ақылхан Алмасов) оларға жалғыз өзі қарсы тұрып, борышын соңына дейін өтейді.
«Жанрлық картина болғанына қарамастан, әлемді саяхаттаушы, яғни көшпенді фестивальдің конкурсына біздің фильміміз қатысатыны, әрине, қуантады. Тағы бір қуантарлығы, «Саташ» фильмі әр елде өзінің бағасын алып жатқаны, демек, біз адамзаттың мәселелерін көрсете алғанымыз», - деп білемін деді режиссер Төлеген Байтөкенов.
Jagran Film Festival-дің мақсаты - киносүйер қауымға қарым-қатынас жасайтын, жақсы фильмдер арқылы өз көрерменін табатын орталық құру. Бұл фестивальдің ерекшелігі «көшпенді» фестиваль деуге де болады. Бір жылда бірнеше қаланы қамтуға мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылы фестиваль бағдарламасы Үндістанның 18 қаласында көрсетілген болатын.
Төлеген Байтөкенов - сценарий авторы, режиссер, журналист, киносыншы. Қазақстан Киносыншылар Ассоциациясының мүшесі. «Тұран» университеті кино өнері кафедрасының аға-оқытушысы. «Алтын адам» ұлттық байқауының «Үздік журналист» жүлдесінің лауреаты. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Кино режиссурасы» мамандығы бойынша Жоғары режиссерлық курстардың түлегі (А.А.Эшпай, В.А.Фенченко). 2018 жылы Лос-Анджелестің Калифорния университетінде сценарлық шеберлік бойынша бір жылдық бағдарламаны бітірген. «Тайталас» (2017) драмалық сериалының сценарий авторы. «Возвращения героя» (2018) деректі фильмінің сценарий авторы әрі режиссері.